Копирайтинг

Лонгрид мәтін жазу әдістері

Лонгрид түрлері

Лонгрид – 10 мың символдан асатын көлемі үлкен мәтіндер. Ондай мәтінді көріп, оқырман жалығып кетеді. Balbal.kz мотивациялық сайты жалықтырмайтын лонгрид жазу тәсілдерін ұсынады.

Лонгрид түрлері

Портрет

Белгілі бір танымал адамның тарихы. Автордың мақсаты – танымал адаммен таныстыру.

Репортаж

Оқиғаны шолу, зерттеу. Мұндай мақалада бәрі егжей-тегжейлі жазылады. Әр нәрсені толық сипаттайды.

Аналитикалық лонгрид

Кей оқиғаларды сипаттайтын және егжей-тегжейлі талдайтын аналитикалық мәтін. Бұл оқиғаға жаңа көзқараспен қарауға, себептерін талдауға көмектеседі.

Мультимедиа

Иллюстрацияға толы мақала. Мәтінде көптеген фотосуреттер мен бейнелер болады.

Коммерциялық

Өнім немесе қызмет түрлеріне шолу жасау. Оның мақсаты – өнімді сату, тиімдісін ұсыну.

Реконструктор

Тарихи оқиғаны сипаттайды. Айтулы күнге орай жазылуы мүмкін. Онда көптеген фотосуреттер мен дәйексөздер болады. Мысалы «Коммерсант» басылымының Ұлы Жеңіс күніне арналған мақаласы.

Лонгрид мәтінді қалай жазамыз?

Дайындық

Мәтіннің мақсаты — негізгі ойды ашу. Лонгридте ол нәрсе қиынырақ болады, өйткені мәтін көлемі үлкен, яғни мұқият дайындықты қажет етеді. Қалай дайындалу керек:

Мақсатты аудиторияңызды анықтаңыз

Оқырманның портретін жасаңыз. Оны мәтіннің қай стилі қызықтырады? Қай терминді қолдану орынды?

Идеяны қайдан іздейтініңізді ойлаңыз

Аудиторияңызды анықтағаннан кейін сізге идея ұсыну керек. Ол фильмді көргеннен, кітап оқығаннан немеск көрмеге барғаннан кейін пайда болуы мүмкін. Оқиғаларды талдаңыз, тақырып бойынша қосымша дереккөздерді зерттеңіз және шынайы оқиғаларды баяндаңыз.

Егер сізге танымал видео ойындар ұнаса, олардың танымалдылығы туралы жазыңыз. Осылайша сіз кез келген ақпаратты оқырмандармен бөлісе аласыз. Олар үшін пайдалы және қызықты болса жеткілікті.

Негізгі және қосымша ақпаратты іздеңіз

Сізге қажет материалды жақсылап талдаңыз. Википедия, іздеу жүйелері шығарған сілтемелерден басқа мынадай қосымша дереккөздерді пайдалануға болады: сол салада жұмыс істейтіндер, мамандар мен сарапшылар. Оларды қайдан іздеу керек екенін түсіну үшін мақаланың тақырыбына назар аударыңыз. Мысалы журналистика шындығы туралы мақала. Сіз таныс журналистермен сөйлесе аласыз немесе әлеуметтік желі арқылы тауып  аласыз немесе журналистика факультетіне жаза аласыз. Сонымен қатар:

Деректі фильм көріңіз. Кейде сіздің тақырыбыңыздағы деректі фильмді қарау арқылы уақыт үнемдей аласыз.

Google Books қызметін пайдаланыңыз. Түрлі тақырып бойынша кітаптар бар. Бұл сіздің материалыңыздың дереккөзіне айналады.

Консультант Плюс сервисін іске қосыңыз. Бұл сіздің материалыңызға керек заң, заңнамаларды бірден тауып береді.

Жойылған парақшаларды қараңыз. Бұл пайдалы болу мүмкін. Ол үшін Wayback Machine қызметі бар. Ол Интернет-ресурстың қалай өзгергенін көруге мүмкіндік береді.

Жоспарлау

Жұмыстың маңызды бөлігі – материал құрылымы. Бұл сіздің мәтініңіздің қандай болатынын көрсетеді. Материал оңай әрі қызықты болуы керек. Мәтіннің құрылымын жоспарлаңыз. Бұл жазу барысында өзгеруі мүмкін, бірақ сізде негізгі идеялар дайын болады.

Мәтінді оқымас бұрын оқырман алдымен не көреді? Тақырыбы мен суреті. Бұл бірінші кезеңде оқырманды қызықтыратын негізгі құралдар.

Тақырып — мәтіннің бейнесі. Сілтемені басуға шақырып тұрадыЖиі қолданылатын дәйексөздер, жалықтыратын клишелерді пайдаланбаңыз. Бұл сапасыз жұмыстың белгісі, оны оқырмандар бірден байқайды. Егер сіз қызықты тақырыпты ойлап таба алмасаңыз, материалды жазып шығыңыз, мүмкін жұмысты бітіргеннен кейін тақырып таба аласыз.

Кіріспе немесе лид — негізгі тақырыпша астында шығып тұратын шағын мәтін. Бұл тақырыпты толықтырады және қысқаша мақаланың мәнін ашады. Егер лид болмаса, лонрид мәтіннің бірінші бөлігі көрсетіледі. Бұл оқырманды тарта алмайды. Лидтің мақсаты — оқырманды негізгі мәтінге жеткізу.

Иллюстрация немесе мұқаба – медиафайлдар, фото,видео, GIF. Ол мәтіннің жоғарғы жағында пайда болады. Алдыңғы екі тармаққа қарағанда маңызды емес. Сурет таңдағанда мына ережелерді басшылыққа алыңыз:

Жоғары сапалы фото — бұлдырсыз фотосурет. Мәтіннің сапасы туралы алғашқы әсер сурет сапасында қалыптасады.

Вертикальды фотосуреттерді пайдаланбаған дұрыс. Олар экранның көп бөлігін алады және әсемдеуге келмейді.

Су таңбаланған фотоны салуға болмайды.

Лонгрид мәтін жазу

Егер сізде идея болса, қызықтысынан бастап жаза беріңіз. Әзірше қателіктер мен шегіністерді елемеңіз. Кейін бәрін қажетті формат бойынша реттейсіз. Егер қызықсыз басталса, оқырман оны әрі қарай оқымай қояды.

Лонгридті тез аяқтауға тырысудың қажеті жоқ. Бұл инстаграмдағы пост емес, ол жоғары сапалы әрі ұзақ зерттеуді қажет етеді. Кідіріс жасаңыз, демалыңыз сосын қайтадан мәтінге оралыңыз. Бос уақытыңызда идеялар келе бастаса, оларды блокнотқа түртіп алыңыз.

Барлық мәтінді жазып болған соң оны бірнеше бөлікке бөліңіз. Олардың әрқайсысын тақырыпшаға бөліп,  4-6 сөйлемнен тұру керек. Әр абзац тәуелсіз бөлік сияқты болады. Егер сол абзацты оқырман түсінбесе, тақырыпшаға оралып, қайта оқуына оңай болады. Материалды бірнеше рет оқып, артық сөздерді алып тастаңыз.

Қызықты фотосуреттер, аудио, видео, gif, скриншот немесе графикаларды салыңыз. Жалғыз шарт — бәрі сәнді әрі орынды болу керек. Бірақ толтырып таствмай, орнымен болғаны жөн. Әр үш немесе төрт абзацтан салсаңыз жетеді. Әйтпесе олар мәтіннен алаңдатуы мүмкін.

Қорытынды туралы жақсылап ойланыңыз. Егер сіз мәтіннің бүкіл әсерін бүлдіргіңіз келмесе — кішкене болса да қорытынды жазыңыз.

Лонгрид мәтінді әсемдеу

Мәтін дайын болғаннан кейін оны қалай әсемдеуге болатынын ойластырыңыз. Барлық суреттер мен бейнелер бір-біріне сәйкес келуі керек. Фотоға сипаттама жазыңыз.

Егер фотоның бәрін салу керек болса, онда карусельмен қойыңыз.

Пайдаланылған барлық материалдарға рұқсат аласыз. Әйтпесе фото авторы сіздің материалыңызға шағымданады.

Егер бейнеде анайы сөздер, ал фотосуреттерде қатал көріністер болса — мақаланың басында ескертіңіз. Мысалы: «Абайлаңыз, бейнеде жаман сөздер бар»

Жұмысыңызды аяқтағаннан кейін авторлық құқық туралы ойланыңыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!