Миллионер

Дулат Тастекеев: Бизнесте серіктес 5 түрлі жағдайда керек

«Tas кредит» компаниясының басшысы Дулат Тастекеев

Сәтті һәм табысты бизнес жүргізу әркімнің қолынан келе бермейді. Сөзімізге статистика дәлел: әрбір 10 бизнес-жобаның 7-еуі алғашқы жылда-ақ жұмысын тоқтатады екен. Демек, мыңнан суырылып мәреге жету жолында ең үздік стратегияға негізделген іс қана төбе көрсетеді. Осындай «асығы алшысынан түскендердің» қатарында «TAS КРЕДИТ»  қаржылық компаниясы бар. 10 жылдың ішінде елдегі ірі капиталды орталыққа айналған ұйымның басшысы‒ меценат Дулат Тастекеев. Бүгінде «TAS GROUP» компаниялар тобын басқарып, берекелі істің көзін тапқан маманның кеңестеріне назар аударайық.

Дулат Тастекеев:

«Партнер» ұғымы бізде серіктес, пікірлес, мүдделес, шерік деген сипатқа ие. Жаңа жобаны жолға қоярда көбіміз осы мәселе төңірегінде ойға қаламыз. Бизнесте серіктес керек пе? Ол жұмысқа қаншалықты әсер етеді? Осы тақырып турасында айтайық.

Серіктестік тұрғыда жұмыс істеу үшін нақты бағытыңыз, себебіңіз болуы шарт. Ол себептер мынадай болуы мүмкін:

Серіктес іздеуге 5 себеп

Біріншіден, егер бизнесіңізде бастапқы капитал жеткіліксіз болса, партнер керек. Екіжақты қаржы құю арқылы жұмысыңызды жолға қоясыз.

Ал, кәсіпті аштыңыз делік. Ендігіде оны жүргізіп, дамыту үшін өз біліктілігіңіз жеткіліксіз болса, екінші маманның көмегіне жүгінесіз.

Үшінші себеп. Идея, стратегия тұрғысында ақыл қосатын пікірлестің болғаны жақсы. 1+1=11 формуласы секілді. Екі адамның еңбегі мен ойы әлдеқайда жоғары нәтижеге жеткізеді.

Кәсіпті әрі қарай дамытып, істі дөңгелету үшін сіздің стратегиялық масштабыңыз жеткіліксіз болуы мүмкін. Осы орайда, серіктесіңіздің болжам жасай алуы, сауатты пікірі мен бағдарын көрсетуі аса қажет. Бұл ретте де сізге мүдделес керек.

Бизнестегі серіктестің маңызын айқындайтын бесінші себеп: оның сіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі. Сіздің қызметіңіз көп адамның көздеген, тартып алуға тырысатын кәсібі болуы мүмкін. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету дегеніміз осыған саяды.

Айта кету керек, кәсіпті жолға қоймас бұрын бірден мына үштікке назар аударғаныңыз жөн:

  1. Маманның рөлі;
  2. Басшының рөлі;
  3. Акционердің, стратегтің рөлі;

Сіз бизнесіңізді ашқанда кімнің қандай қызмет атқаратынын айқындап аласыз.

Серіктеспен жұмыс істеген жағдайда әркім өз рөлін, міндетін бекітуі керек. Әйтпесе Крыловтан жеткен мысалдағыдай,«аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешуіңіз ықтимал.

Жоғарыда аталған факторлар сізге міндетті түрде «партнермен» жұмыс істеу керек дегенді білдірмейді. Есіңізде болсын, серіктес саны неғұрлым аз болса, соғұрлым шешім де жылдам қабылданады.

Дайындаған: Мадина Оқас

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!