Салауат

«DamuMed» мобильді қосымшасын жүктеуге 3 себеп

«DamuMed» мобильді қосымшасының қандай пайдасы бар?

«DamuMed» мобильді қосымшасы медициналық көмек алуды жеңілдетуге арналған құрал.  Деніміздің сау болуы,  оны әрдайым бақылауда ұстау – өз қолымызда. Өз қолымызда деп тура мағынасында айтып отырмыз. Өйткені бүгінгі таңда денсаулығымызды реттеуге қажетті пайдалы ақпараттардың барлығын алақанымыздағы құрылғының ішінен табамыз. 

Үйден шықпай-ақ, талон алып кезекке тұрмай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. «DamuMed-тің» басты мақсаты медициналық қызметтерді барынша қолжетімді ету. Яғни, сіз өзіңіздің электронды денсаулық кітапшасыңызды ашып, ұсынылатын барлық қызмет түрін еркін пайдалана аласыз.

Қосымшаға тіркелудің жолдары оңай. Ең алдымен смартфоныңызды қолыңызға алып, Google Play – Apps Store бағдарламасынан «DamuMed» мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. Мобильді қосымша ашылғаннан кейін, ең алдымен, «Аймақ» деген бөлімде өзіңіздің медициналық тіркеуде тұрған аймағыңызды көрсетесіз. Ал мәліметтеріңізді енгізу үшін «КІРУ» батырмасын басасыз.

Телефон нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірін жазуға арналған жол пайда болады. Сол жерге алдымен телефон нөміріңізді, астына жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ИИН) көрсетесіз. Қосымшаға кіре алмаған жағдайда телефон нөмірін қосу үшін ЖСН нөмірі бар жеке куәліктің фотосуретін түсіріп жібересіз. Ол жеке тұлғаны растап, ақпаратты басқа адамдардан қорғау үшін қажет. Кейін «Жалғастыру» тетігін басып, код нөмірі жазылған смс хабарламаны күтесіз. Хабарлама арқылы келген код нөмірін тіркеп, «Рұқсат ету» батырмасын басасыз. Ары қарай сізге медициналық қызметтер көрсетілген жеке парақшаңыз ашылады.

1. Дәрігердің қабылдауына жазылу оңай

Дәрігерге қаралу үшін бұрынғыдай алдын-ала хабарласып, оператордың жауап беруді күтудің немесе арнайы емханаға барып тіркелудің қажеті жоқ. Барлығын қолыңыздағы мобильді қосымша арқылы жүзеге асырасыз. «Дәрігердің қабылдауына жазылу» деген бөлімде жазылудың бірнеше нұсқасы шығады. Олар:

  1. Тегін қызметке жазылу
  2. Ақылы қызметке жазылу
  3. Жолдама бойынша қызметке жазылу

Өзіңізге қажетті нұсқаны таңдаған соң, тіркелген мекен-жайыңыз бойынша дәрігерлік қызметті және жеке дәрігеріңізді таңдайсыз.  Сіз таңдаған дәрігердің жұмыс кестесі, қабылдау уақыты туралы барлық ақпарат көз алдыңызда тұрады. Келесі қадам бойынша өзіңіз қалаған уақытқа дәрігердің қабылдауына онлайн жазыласыз. Мобильді қосымшаның бір артықшылығы дәрігердің қабылдауына жазылған күн жақындаған кезде арнайы хабарлама келеді.

2. Дәрігердің қандай дәрі-дәрмек жазып бергенін ұмытпайсыз

Сонымен «DamuMedке» сәтті тіркелдіңіз және дәрігердің қабылдауына еш қиындықсыз жазылдыңыз. Енді дәрігердің алдында отырсыз. Ол сізді толық тексеріп болғаннан кейін міндетті түрде қабылдауға тиісті дәрілердің рецептілерін жазып береді. Ол жазып берген бір парақ қағазды қолыңызға алып не жазғанын түсінбеуіңіз ғажап емес. Кейін дәрігердің жазып берген рецептілерінің барлығы «DamuMed» қосымшасындағы «Рецептер» деген бөлімінде тұрады. Кез келген уақытта дәрігердің не жазғанын оқып, қандай дәрі керектігін, оны қалай қабылдаған жөн екенін біліп отырасыз.

«DamuMed» мобильді қосымшасын жүктеудің тағы бір артықшылығы еңбекке жарамсыздық парағын емханаға бармай-ақ қолыңызға аласыз.

3. Дабыл түймесі

Дабыл түймесі ерекше санатқа жататын емделушілерге арналған. Олар: жүкті әйелдер, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, диспансерлік тіркеуде тұратын науқастар. Осы санаттағы барлық адамдар осы батырманы баса алады. Оған тіркелу үшін медициналық ұйымыңыздағы учаскелік дәрігеріңізге жүгінесіз. Ал егер сіз бұл санатқа жатпасаңыз, алайда денсаулығыңыз жедел емдеуді қажет етсе, 103-ке телефон шаласыз.

Емделушінің жеке кабинеті арқылы барлық мүмкіндіктерді шексіз басқаруға болады. Сонымен қатар отбасы мүшелерін дәрігерлердің қабылдауына жазып, үйге дәрігер шақырту үшін «Менің жанұям» деген бөлім қызмет көрсетеді. Ол үшін туысқандық байланыстарды орнату шарт. Отбасылық байланыстарды қосу үшін медициналық ұйымыңыздың тіркеу бөліміне хабарласасыз. Жүкті әйелдер үшін жүктілік кезеңіндегі ерекшеліктер туралы ақпарат беріліп отырады.

Сонымен қатар барлық зертханалық сараптамалардың қорытындысын, лабораторияның нәтижелерін осы қосымшадан көруге болады.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close