Компас

Куба туралы қызықты деректер

"Бостандық аралы" — Куба Республикасының бейресми атауы

Кариб теңізінің солтүстігінде орналасқан «Бостандық аралы» туралы қызықты деректер көп. Бұл мақалада біз солардың ең үздіктерін топтастыруға тырыстық. Оқып көріңіз.

1. «Бостандық аралы» — Куба Республикасының бейресми атауы. Бұл атаудың қойылуына 1959 жылы Фидель Кастро бастаған көтерілісшілердің билік басында отырған Фульхенсио Батистаның диктаторлық режимін құлатқаны себеп болды.

2. «Куба» сөзінің шығуына қатысты пікір көп. Солардың бірі бұл осы маңды мекен еткен үндістердің XVIII ғасырда жойылып кеткен «таино» деген тілінен қалған сөз дейді. Ол тілде «кубао» деген «шұрайлы жер», ал «коабана» деген «әдемі жер» деген мағына береді екен. Сондай-ақ, Христофор Колумб аралды Португалиядағы Куба деген елдімекеннің атымен атаған деген болжам бар.

3. Кубаның білім жүйесі өте нашар. Мектеп мұғалімдерінің білімі төмен. Ал, физика, биология, химия, география сынды пәндер «Ciencias naturales» (Жаратылыстану ғылымдары) деген бір пәнге біріктірілген. Бір жақсысы, мұнда білім алу тегін. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін талапкерлер Куба тарихы, испан тілі және математикадан емтихан тапсырады.

4. Елдегі медецина жақсы дамыған және Куба азаматтары үшін толықтай тегін. Бұл жақтың халқы, тіпті, аборт жасату үшін де ақша төлемейді.

Бауыржан Момышұлы Кубада, 1963 жыл

5. Кубалықтар Че Гевараны пір тұтады. Оның суретіне ел арасында сұраныс көп. Сіз білесіз бе, Че Гевара қайтыс болғанда оның дорбасынан Александр Бектің «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») кітабы табылған. Бұл кітаптың бас кейіпкері — біздің батыр атамыз Бауыржан Момышұлы.

6. Кубалық үйлерде әйнек терезе көп кездесе бермейді. Әдетте мұндағы ел терезелеріне ағаш немесе темір жалюзи орнатады.

7. Кубада интернет желісі өте нашар дамыған. Бұл елге турист болып барсаңыз, ел астанасы Гаванадағы ең қымбат қонақ үйлерден ғана wi-fi барын, оның өзі нашар жұмыс істейтінін ескеріңіз.

8. Бұл елде үйді-үйге ыстық су тартылмаған. Құбырмен тек суық су келеді. Сол себепті кубалықтар салқын суда жуынуды әдетке айналдырған. Жылы су керек дейтіндерге су құйылған бөшкені күн астына қойып немесе бойлер сатып алып амалдауға тура келеді.

9. Кубалықтар тазалықты сүйеді. Күн аса ыстық болғандықтан, мұндағы ел күніне кемінде екі рет киім ауыстырып, әтір сеуіп жүруді әдетке айналдырған.

Гавана көшесінің көрінісі

10. Кубалықтар жаңбыр жауғанда далаға шыққанды ұнатпайды. Бұл табиғи құбылыс кезінде кей адамдар оқуға, жұмысқа бармай қалуы да мүмкін.

11. Кубалықтар үйде ит ұстағанды ұнатады. Ол ит асыл тұқымды болса, тіпті, керемет! Ал, елдегі мысықтардың күні қара. Адамдардың бәрі итке әуес болғандықтан, олар қоқыс жәшігінің жанын паналауға мәжбүр.

12. Кубалықтар биге жақын. Ырғақты бір әуен қосыла қалса, жұмыс істеп отырған адамдардың өзі бас шайқап болсын билеуге тырысады.

13. Кубада 11,5 миллион адам өмір сүреді. Оның 2,5  миллионы ел астанасында тұрады. Бұл елдің орталық телеарналарында жарнама көрсетілмейді.

14. Кубалықтар жұмыстан кейін көше бойындағы орындыққа жайғасып, ұйықтай кетуді қалыпты жағдай деп біледі.

15. Кубалықтар бейсболды қатты жақсы көреді және жақсы ойнайды.

16. Кубалықтардың ең сүйікті тағамы «Congri» деп аталады. Ол күріш пен қара үрмебұршақтан жасалады. Жергілікті халық бұл тағамды аптасына кемі 4-5 рет жейді.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!