Табыс

1 теңгелік қаржылай сабақ

«Қаржы бұлақтары» түсінігін қалың қоғамға сіңдіріп жүрген қаржыгер Сайлау Абайділдановтің сабақтарында кірпік қағуға уақыт жоқ. Қаржылай сауаттылық тақырыбының аясы сөзсіз кең. Оның ең негізгі әрі қарапайым қағидасының атауы – теңгенің тиыннан құралатындығы. Осы бір қабылдауға қиын соқпайтын сабақтың кіріспесін/трейлерін назарыңызға ұсынамыз.

Оқиға Қазақстанның Алматы қаласында өрбиді. Әйелі мен күйеуі супермаркетте соғып, үйге бір айға жететін азық-түлік алуды жөн көреді. Нан аламын деп тұрғанда лаваш, печеньенің орнына пирог, ірімшіктің орнына йогурт алады. Кассада қимай-қимай ақшаны санап береді. Үйге келіп тоңазытқышты жартылай толтырады. Нәтижесінде әмиян бос, көңілде қаяу. Неден қателесті?

Кешкі серуенде жүрген ерлі-зайыпты шайға тәтті алайық деп супермаркетке қарай бұрыла салады. Кірген бетте азық-түлік салуға арналған кішкентай себетті қанағат тұтпай дөңгелегі бар үлкенін таңдап алады. Тәтті рулет аламын деп кірген екеу үш пакетке әрең сиятын ұсақ-түйекті көп алып қояды. Кассада қимай-қимай ақшаны санап береді. Үйге келіп тоңазытқышты лық толтырады. Әмиян қайтадан бос, ал көңілде кірбің. Неге?

Айдың аяғы. Айлық түсетін күн. Көптен күттірген еңбекақы да алтын картаға түсті. Ұялы алақайлап сүйінші сұрады. «Мың жаса» деді іштей әйелі күйеуіне күлімсіреп қарап. Қанша ақшаны қайда жұмсарларын топшылап, жоспар құрғандай болды. Бәленбай ақша артылғанын байқады. Оны бірақ депозитке салуды ақымақтыққа балады. «Керек болып қалар» деді бір ауыздан. «Депозитке салатындай көп ақша емес» деді дуэттей. Бір қараса ол ақшадан да түк қалмаған. Мардымды ештеңе алынбаған. Ол ақшаның қайда жұмсалып кеткенінен екеуі де бейхабар. Аң-таң. Әмиян онсыз да бос, оған қоса ми ашыған, ауру бас. О, сұмдық!

Бірден айтайық, ақшаны ұрлайтын елес, сіздің баюыңызды қаламайтын жын-шайтан жоқ. Мистиканы бұл жерге қатыстырмаңыз. Бізді алдап-арбаған маркетинг. Алдандағанымыз – аңқаулығымыз.

Неден қателесті?

  • Алатын азық-түліктің тізімін жасау қажет. Супермаркетке де, базарға да сол тізіммен барған дұрыс. Тізімге сәйкес «Рахаттың» алма печеньесін аламын деп жоспарласаңыз, қасына бағасын да қоса жазыңыз. Тізімде жоқты, айналып өту шарт. Қызығып кетіп, шоколадты печенье алмаймыз.
  • Жоспарлаған соманы ғана өзімізбен бірге алып жүреміз. Артық ақшамен дүкенге бару оны жұмсап тастауға итермелейді.

Неге?

Аларыңыз бір рулет екен, несіне супермаркеттің үлкен арбасын айдайсыз? Кішкентай себетті алыңыз да тәттілер тұрған жаққа тіке кетіңіз. Жан-жаққа қарауға, қызылды-жасылды дүниеге қызығуға болмайды. Сіз ол дүниелерді жоспарлаған жоқсыз. Демек оған артық ақшаңыз жоқ. Мақсатыңыз үлкен арбаны толтыру емес, керек азық-түлігіңізді алу да кету.

О, сұмдық!

Иә, шынымен де сұмдық. Міндеттелген төлемдерді жасаған соң, азық-түлікпен қамтамасыз еткен соң, қарыздардан құтылған соң, киім-кешек алған соң артылған ақшаны депозитке салмау – өзіңді сыйламау, ертеңіңді ойламау. Шын мәнінде ең бірінші жасалатын төлем ол – сол соманы есепшотқа аудару. Артылған ақшаның қайда жұмсалып кеткенін білмесеңіз, айтайын, оны маркетинг жеп қойды. Сіз печенье орнына пирог алдыңыз. Екі түрлі өнімнің бағасында кәдімгідей айырмашылық бар. Сол айырмашылық сіздің қалтаңыздағы тесік. Маркетологтар қалтаңызға қол сұғып, сізді печеньеден айнытып, тым тәтті пирог сатып алуға итермелейді. Тізіммен жүру, ойластырған дүниені ғана сатып алу, әр тиынды санау қаржылай сауаттылықтың алғышарты.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close