Миллионер

Данияр Жігітбек: Қоғамды алға сүйрейтін 10%-ға ұмтылу керек

Данияр Жігітбек тұлғалық даму туралы

Данияр Жігітбек – копирайтер, ІТ маманы, «26 жылда – 26 қағида», «Лайфхактар» кітабының авторы. Даниярмен өткен тұлғалық даму тақырыбындағы сұхбатты ұсынып отырмыз.

Данияр Жігітбек:

Кітап жазуды армандамадым

Бала Данияр кітап жазуды армандамады. Бірақ менің жазуға қатысты 3 арманым болатын. Алғашқы арманым – республикалық балаларға арналған «Ұлан» газетіне бір өлеңім шығу. Екіншісі, «Ұланның» жас тілшісі болу. Үшіншісі, ақын болсам деген арман. Газетке өлеңім шықты. Жас тілші де болдым. Бүгінде ақын болмасам да жұрт ақын дейтіндей дәрежеге жеттім деп ойлаймын.

ІТ маманы копирайтингке қалай келді?

Бала күннен жазу қабілетім бар. Бірақ ІТ-дың үлкен септігі тиді. Осы сала нақтылықты сүйеді. ІТ-да оқу арқылы жүйелі ойлана бастадым. Ойымды ретке келтірдім. Бұл жазған кезде де көрініс тапты.

ІТ-да код жазу деген нәрсе бар. Компьютердің жадын көп алмай түсінікті тілмен жазу керек. Аз уақытта бір шешім шығаруды талап етеді. Копирайтингте де аз сөзбен көп мағынаны оқырманға жеткізу – басты талап. Нәтижесінде белгілі бір іс-әрекетті орындата аласың. Бұл екі сала бір-бірін жақсы толықтырады.

Онлайн курстарды Кайдзен бойынша реттеу

Бүгінде түрлі марафон-курстың көбеюіне оң көзқарастамын. Білімнің артығы жоқ. Кей адамдар өзінің сүйікті ісін білмеуі мүмкін. Сол үшін бірнеше саланың курсына қатысып көрген жөн. Бәрін байқап көру керек. Сонда «бұл менің салам не салам емес» деп ажыратады.

Екіншіден, адам өзіне «Бұл курсқа не үшін қатысамын?» деген сұрақ қоюы шарт. Мәселен, «Қазақша копирайтинг» атты марафонымның 1-сабағында қатысушыларға осы сауалды қоямын. Адам нақты жауап бере алса, ары қарай істі жеңіл алып кетеді. Өйткені себебін, мақсатын біледі.

Ал бірнеше курсқа жазылғыңыз келсе, уақытын реттеу керек. Осы ретте Кайдзендегі канбан тақтасын қолдануға кеңес беремін. Оны қалай жасайсыз? Тақтаны 4 бөлікке бөліңіз. Курстарыңыздың атауын «To Do» бағанына стикерге жазып жабыстырыңыз. Қай курстың тапсырмасын жоспарлауға кірістіңіз? Сол стикерді «Planned»-ке қоясыз. Орындап жатқанда «Doing»-ге жылжытыңыз. Аяқталған тапсырмалар ақырындап «Done»-ға кетіп отырады. Бәрі көз алдыңызда. «Қай курстың тапсырмасы қалды?» деп бас қатырмайсыз.

Перфекционизмнің пайдасыз тұсы

Мен 70% перфекционистпін десем болады. Бәрінің идеал болғанын қалаймын. Бірақ осы қасиеттің бір жаман жері бар. Парето принципі бойынша адам маңызды істің 80%-ын бітіруге 20% уақытын жұмсайды. Аз уақытта көп нәрсені істейді. Ал мендегі перфекционизм қалған 20% жұмысты аяқтағысы келеді. Бірақ оған 80% уақыт кетеді. Сол үшін 80% жұмыстың өзін жеңіс деп тапқан дұрыс. Сонда жақсы дүние шығарасың.

Менде перфекционизм тағы бір формада болады: Істі бастасам, соңына дейін жеткіземін. Жақсы қасиет сияқты. Бірақ кейде пайдасыз істерге де қолданып кетемін. Мысалы, «Жайдарманның» 1\8-ін көремін. Содан соң 1\4-і, жартылай финал, финал деп кете береді. Сендегі перфекционизм соңына дейін көру керек деп тұрады. Соңында босқа уақыт жоғалтамын. Сол үшін баланс ұстай білу керек.

Қорқыныштан құтылуға кеңес

Адам не үшін сенімсіз болады? Қорқатын дүниесі оған тым қиын болуы мүмкін. Сол үшін бөліктерге бөліп, кіші қадамдар жасауы керек. Мысалы, біреудің жұрт алдында сөйлеу деген қорқынышы бар. Қалай өзіне сенімді бола алады? Алдымен жақын 2-3 досына әзіл айтып үйренгені лазым. Достары бірге күледі, оны табаламайды. Сол үшін өзін еркін, сенімді сезінеді. Бұл – кіші жеңіс. Одан кейін 10 шақты адамның алдында сөз сөйлесін. Кейін үлкен тойда тілек айтсын. Сөйтіп жұрт алдында сөйлеу деген қорқыныштан ақырын-ақырын арылады.

Кері тартатын орта керек пе?

Адам дамуына араласатын ортасы өте қатты әсер етеді. Мақсатыңыз ақылды, табысты болу делік. Онда өзіңіз секілді даму жолындағы адамдарды табыңыз. Сол ортада жиі болыңыз. Ал кері тартатын кісілерден қол үзу керек. Оларды жөндеуге, бірге дамуға бұл өмірде күш, уақыт өте аз. Мүмкін үлгіңмен көрсетерсің. Алайда артық энергия жұмсаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Сондай-ақ қоғамды алға сүйрейтін 10%, артқа сүйрейтін 10% адамдар болады. 80%–ы – орысша айтсақ, «серая масса». Олар – өзінің пікірі, нақты амбициясы жоқ адамдар. Жоғарыдағы 10%–дың қайсысы мықты болады, соған қарай тартылады. Сол үшін қоғамды алға сүйрейтін 10%–дың ішінде болуға ұмтылған жөн.

Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!