Табыс

Кедейлікке әкеп соғатын 9 әдет

Сіз ойлағаныңыздан да көп қаржы жоғалтасыз

Бұл әдеттер көп адамның бойында бар. Бірақ олардан құтылу бәрінің қолынан келе бермейді. Егер сіз де сол қатарда болсаңыз, Balbal сайты ұсынған кеңестерді түртіп алыңыз. Бәлкім, кәдеге жарар.


1. Жеңілдікпен сатылатын заттарға қызығасыз
Барлығымыз  білетіндей, мереке қарсаңында неше түрлі жеңілдік түрлері жарияланады. Ол сатушылардың әдейі  жасаған қулығы. Тағы бір көйлек, керек емес кілем, қажетсіз иіссу сияқты дүниелерге мұқтаж болмасаңыз да сатып аласыз. Себебі, бағасы арзан.

Не істеу керек?

  • Жеңілдіктер туралы жаңалықтардан бас тарту;
  • Дүкендер көп жағдайда жалған жеңілдік жасайтынын ұмытпау;
  • Расымен қажет деген нәрселердің тізімін жасап, соны ғана сатып алу;
  • Алдыңғы жеңілдік болған кезде сатып алған дүниеңізді бір тексеріп шығып, ендігі жолы оны қайта алмауға тырысу;
  • Дүкен аралауға белгілі бір соманы белгілеп, содан асып кетпеу;

2. Арзанын іздеуге ұмтылмайсыз
Кері  жағдай: қай жерден нені арзанырақ бағаға алуға болатынын білмейсіз. Мұныңыз бекер. Көптеген дүкендер науқан кезінде сапалы әрі жаңа тауарларды жақсы бағаға ұсынады. Бұл жақсы экономия.

Не істеу керек? 

  • Өзіңіз жиі баратын сауда орындарын бақылап отырыңыз. Үйіңізге жақын барлық дүкендерге кіріп, бағаларын салыстырып шығыңыз. Бірінші дүкенде алманың килограммы 350 теңге болса, бесінші дүкен 100 теңгеге арзан сатуы мүмкін.

3. Дайын тамақты сатып алуға құмарсыз
Дайын салаттар, гарнир мен тұшпараны сатып ала салған уақытты да үнемдейді, энергияңызды да алмайды. Өз қолыңызбен тамақ дайындау үшін азық-түлікке бару керек. Тамақты дайындап болған соң, жуу керек ыдыс жиналып қалатыны тағы бар.
 
Не істеу керек? 

  • Өзіңіз дайындаған тамақтың дәмі бөлек болады. Уақытыңызды бөліп, тамақ жасауға ерінбеңіз. Бір апталық ас мәзірін дайындап, керекті азық-түлікті күнделікті жол-жөнекей алып отырсаңыз, қиын емес. Сонда дастарханыңызда күнде әртүрлі тағам болады, қалтаңыз қағылмайды.

4. Тамақты қоқысқа лақтырасыз
Кешегі тамақ, кішкене қатқан нан, әлі бітпеген ірімшік. Сіз бұларды қоқыс жәшігіне лақтыруға асықсыз. Демек, тамаққа қажетінен көп ақша жаратасыз. Тоңазытқышыңыз толып тұрмаса, көңіліңіз көншімейтін болар? «Сүт түбінде ғана қалыпты. Алу керек! Ірімшік те аз. Айран таусылған сияқты», – деп үнемі «алу керекке» басатын әдетіңіз бар шығар?

Не істеу керек?

Эксперимент жасап көрейік: тоңазытқышыңыз толығымен босамайынша, дүкенге бармаңыз. Фантазияңызды қосыңыз. Өзіңіз тамақ ойлап тауып, өзіңізді шеф-повар ретінде сезініп көріңіз. Тұрып қалған тамақты былай қолдануға болады:

  • Айраныңыз тұрып қалса, ештеңе етпейді. Құймақ немесе бәліш жасағанға пайдасы тиеді;
  • Сары майдан керемет дәмді тұздық шығады. Оған сарымсақ пен аскөкті турап, кішкене қыша қоссаңыз жеткілікті;
  • Кепкен ірімшікті үккіштен өткізіп, қуырылған немесе қайнатылған қартопқа қоссаңыз болады;
  • Қатып қалған наннан кептірілген нан немесе гренки жасаған ыңғайлы. Нанды турап, жұмыртқа мен қант қосылған қоспаға батырып, қуырсаңыз болғаны;

5. Трендтерге тым қатты ересіз
Сәнді бас киім, ұзын шарф, трендтегі сөмке… «Жазираның сөмкесі қандай керемет! Мен де ертең барып, сатып аламын», «Кешегі күлгін жейденің сәндісін-ай! Ғашықпын!». Иә, әдетте, трендтен қалмайтын адамдардың санасын осындай ойлар жаулап алған. Бұл заттар бүгін өте сәнді болғанымен, ертеңгі күні-ақ керексіз болып, оның орнын жаңа «керемет» киімдер басады . Сол себепті, сіз гардеробыңызды қайта жаңартуға асығасыз. 

Не істеу керек?

  • Тренд қуалау — қажетсіз шығын. Гардеробыңызды тек өзіңізге ұнайтын заттармен толтырып, ыңғайлы болғанын қадағалаңыз. Ескі киімдерді лақтыруға асықпаңыз, 2-3 жылдан кейін олар қайта сәнді болуы әбден мүмкін. Киім дүкендерін аралағанда бір-біріне үйлесетін, түсі, пішіні келетін киімдерді алуға тырысыңыз.

6. Шыдамдылық таныта алмайсыз
Сатушылар өз тауарын сату үшін керемет тактиға ие болған. Тауарына деген үлкен сұраныс пен қызығушылықты көтеру мақсатында ажиотаж тудыра алады. Мысалы, соңғы үлгідегі ұялы телефонды сатып алуға деген әуестік. Алғаш шыққан күні ол өте қымбат бағаға сатылады. Біраз уақыттан соң бағасы төмендейді. Жап-жаңа смартфонды барлығынан бұрын иеленген керемет, әрине. Дегенмен, қалтаңызды біраз жұқартатыны анық.

Не істеу керек? 

  • Бағасы төмендегенін күту керек. Күткеніңіз үшін қанша қаражат үнемдейтініңізді ойлаңызшы. Мәселен, киноға бару да солай. Әлемдік бестселлерлердің премьерасы кезінде билеттердің бағасы тым қымбат екені белгілі. Кішкене уақыт өткен соң арзан әрі қолжетімді бағаға сол фильмді тамашалай аласыз. Немесе кинотеатрға бармай-ақ, ғаламторға шыққанын күтсеңіз болады.

7. Сатушылардың қақпанына тез түсесіз
“Бұл жейдеге мына шалбар өте жарасымды”, “Телефоныңызға қосымша аксессуар алсаңыз болады” — бұл сөздерді талай рет естіген боларсыз. Кейде сатушылардың шабуылына төтеп беру қиынға соғады. Сонда да, берілмеуге тырысыңыз. Өйткені, сатушылар көбінесе бұзылған тауарлар мен аса қажет емес қызметтерді дәл осылай сатып жіберуге тырысады.

Не істеу керек? 

  • Өзіңізді дамытумен айналысыңыз. Сатып алайын деп жатқан нәрсеңіз жайлы барлығын бүге-шүгесіне дейін оқып, зерттеп, ненің керегін, ненің қажет еместігін анықтаңыз. “Жоқ” деп айтуға қорықпаңыз. Сатушыны ол мүлде ренжітпейді, есесіне сіз үнемдеуді үйренесіз.

8. Құжаттарға толық мән бермейсіз
Кредит картасы барлығымызда бар. Бірақ, келісімшарт жасасқанда құжаттарды барлығымыз толық оқыдық па? Банк қызметкері сізге шығындардың түрлерін түсіндірмеуі де мүмкін. Кейін бұл жағдай сізді таңырқатуы да ғажап емес.

Не істеу керек?

  • Қол қоймас бұрын, құжаттарды толық оқу, зерттеу;
  • Есеп-қисап, қаржы саласы туралы сауатымызды арттыру;
  • “Супертиімді ұсынысты” қабыл алмай тұрып, тегін ешнәрсенің болмайтынын ұмытпау;

9. Қаржылық жастық туралы ойланбайсыз
Өмірде ешкім ештеңеден сақтанбаған. Жұмыста қысқартуға ілігіп қалуыңыз мүмкін. Фирмаңыз кенеттен банкротқа ұшыраса қайтесіз? Оған қоса, ипотека және бірнеше кредиттеріңіз бар делік.

Не істеу керек? 

Ақша жинап үйреніңіз. Құмыралар әдісін немесе басқа да тәсілдерді қолдансаңыз болады. Бастысы, ақшаны жарату құмарлығынан арылып, уақытынан бұрын ақшаңызды жаратып қоюдан сақтаныңыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close