Табыс

Майкл Корс. «МК» брендінің пайда болу тарихы

Майкл Корс 16 жасында қалай жеке дүкен ашты?

Майкл Корс – ең танымал америкалық дизайнер. 19 жасынан дизайнерлікпен айналысатын Майкл бүгінгі таңда Michael Kors Holding атты сән үйінің иесі. Майкл Корс сән үйінде әйелдерге арналған сөмкелер, туфлилер және киімдер сатылымға қойылған. Бүгінде Голливуд жұлдыздары МК брендінен киінгенді ұнатады. Ал АҚШ-тың бірінші ханымы да Майкл Корсқа сенім артып, МК-ды таңдайды. Көптеген марапаттар мен сыйлықтарға ие дизайнердің жетістік құпиясымен Balbal.kz сайты бөліседі.

Бала сәнгер

Нью-Йорк штатының Меррик қалашығында Карл Андерсон есімді кішкентай нәресте дүние есігін ашады. Иә, бұл Майкл Корстың дәл өзі. Анасы атақты модель Джоан Корс екенін айтып кетейік. Кішкентайынан сән әлемінің бар ғажайыбын көріп өскен бала Майклдың дизайнер болуы бекер емес. Алайда Майкл Корсты атақты еткен бұл өмірлік факт емес болатын. Себебі Майкл екіге толғанда ата-анасы ажырасып кетеді. Кейін анасы екінші рет тұрмыс құрған кезде бозбала Карл Андерсон деген есімін Майкл Корсқа өзгертіп тастайды. Өгей әкесі Макл Корстың өмірінде үлкен рөл ойнайды. Барлық бастамаларына қолдау көрсетіп, кішігірім жетістіктеріне шын қуана біледі. Міне, сол кезден бастап ол жарнамаларға түсіп, жетістік жолына бастар нық қадамдар жасай бастайды. Алайда мұның бәрі сабағына кері әсерін бергендіктен, анасы жарнамаға түсуіне тыйым салады. Ең қызығы, математика нашар болған Майкл 16 жасында дүкенін ашып, үлкен купюраларды санай бастайды.

Меррик қалашығының жастары Майкл Корстың сөмкелерін, шарфтарын дүкенінен сатып алуды әдетке айналдырады. Зор жетістікке жетуді қалаған Майкл өзінің сызбаларын, идеяларын UFO Jeans компаниясына айту үшін жолға аттанады. Жасөспірімнің талантына тәнті болған олар барлық сызбалары мен идеяларына қомақты қаражат төлеп шығарып салады. Майклдың алғашқы үлкен табысы Cartier сағатын сатып алуға жеткілікті еді. Ата-анасы баласының жетістігіне қуанса да, оқуды жалғастыруды талап етті.  Майкл оқуын сән технологиялары институтында жалғастырады. Бірақ ата-анасының өтінішін қанша орындағысы келсе де, оқу қиынға соққандықтан  оқуды тастауға мәжбүр болады. Оқудан шығып кеткен Майкл Корс Lothar сән брендінде біраз жұмыс істейді.

 Атақ пен данқ

Майклдің еңбек жолы 1981 жылы әйелдер киімін шығарудан басталады. Бірінші коллекцияны бірнеше американдық дүкен бірден сатып алады. Сол жылы Майкл Корс бренді ресми брендке айналып үлгереді. Алайда бұл тек бастамасы болатын. Майкл жеке үлгілерді құру мен өндірісті ұйымдастыру үшін бірнеше жыл тынбай еңбектенеді. Құр талант мен қабілет аздық ететінін сезген ол француздық Celine сән үйінің ұсынысып қабыл алып, 1997 жылы сол компанияның шығармашылық директоры болып қызмет етеді. Алты жыл ішінде Майкл осы брендтің танымалдылығын едәуір арттырып, халықаралық сән индустриясының жұмыс процесін өз көзімен көрген соң жеке брендін дамытуға кіріседі. Ол әлі күнге жеке брендін дамытудан жалыққан емес.

 

Майкл Корстың жетістік құпиясы

Бұл сұрақтың тек бір ғана жауабы болуы мүмкін емес. Бірнеше жауабын алып, ой қорытуға дайын отырыңыздар.

Біріншісі – Майкл Корстың таланты мен қабілеті.

Екіншіден, табандылығы пен еңбекқорлығы.

Үшіншіден, тұтынушыны не қалайтынын жазбай білуі.

Кез келген адамға сәнді киімдер деген не десеңіз, «қымбат киімдер» немесе «шектеулі данамен шығатын киімдер» деп жауап беруге дайын тұрады. Майкл Корс болса, сәнді киімге деген қалыптасқан көзқарасты бұзған дизайнер. Ол қарапайым іскер адам үшін сәнді, ыңғайлы, жоғары сапалы  және ең бастысы аса қымбат емес киім тігуді қолға алды.

Сәнгер бір күні дүкен аралап жүріп, күнделікті жұмысқа киетін киім таба алмағанын айтады. Сатушылар оған сапасы төмен, бірақ бағасы қолжетімді немесе креативті, сапалы бірақ ақшасы тым қымбат тұратын дизайнерлік киімдерді ұсынады. «Бұл жағдай дизайнерлердің қарапайым халықты, әлеуметтік жағдайы орташа қауымды ойламайтындығын көрсетті. Бұл мені қатты қынжылтып, осы мәселені қолға алуды шештім», – деп Майкл Корстың сұхбат бергені бар.

МК брендінінің мақсаты, ерекшелігі барлық аудиторияны қамту болды. МК брендімен сәнді киімдер жиынтығы, сөмкелер, аксессуарлар, сағаттар, көзілдіріктер, парфюм шығарылады. Ерлерге арналған Capsule Menswear киімі шығарылғаннан кейін брендтің танымалдығы тіпті шарықтай түсті.

Дайындаған: Дидар Орынғали

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close