Табыс

Опра Уинфри өмірлік қағидалары

Опра Уинфри табыс туралы өз ойын білдірді

Опра Уинфри – американдық тележүргізуші, актриса, қоғам қайраткері, «Опра Уинфри шоуы» бағдарламасының жүргізушісі. «Forbes» журналы 2007 жылы Опра Уинфриді әлемдегі ең танымал әйелдердің тізімінде бірінші орынға шығарады. Ал 2009 жылы Опра шоу-бизнестегі ең танымал адам атағын иеленеді. 2013 жылы Опра Уинфридің жалпы қаражаты $2,8 миллиардқа тең болған. Опра Уинфри жеке киностудиясы, журналы, радиожелісі, кабельді телеарнасы бар табысты медиамагнат.

Табыс деген процесс

Мектеп, колледж түлектерін сөздерін тыңдасам, қарным ашады. Олардың бәрі оқу орнын бітіре салысымен табысты болып кетемін деп ойлайды. «Міне, ертең дипломымды қолға алайын жаңа өмір бастаймын» деген ойдан арылмайды. Олардың ойынша, табыс деген бір сәтте басыңа қонатын құс секілді. Шын мәнісінде, табыс деген процесс. Ертең, айдың пәленбай күні табысты болу үшін диплом алуды күтпей, дәл қазір төсектен тұрып, әрекет ету қажет. Бүгін жасалған іс-әрекет адамды діттеген мақсатына/арманына жақындата түседі. Әрекет етпей, табысқа топ ете түсу мүмкін емес.
Әрекет етесіз бе әлде сылтау іздеп үнсіз қаласыз ба – ол сіздің таңдауыңыз. Бірінші, арманға жеткізетін, табысты қылатын дұрыс таңдау. Екіншісімен сіз күйбең тіршіліктен көз ашпайтын қатардағы адамның өмірін сүресіз. Бар болғаны осы ғана.

Өз басым күн сайын дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Соның арқасында бүгін мен Опра Уинфримін. Атақтымын, дәулеттімін. Аты-жөнімнің өзі брендке айналып кеткенін байқамай қалыппын. Газеттің редакторы болғыңыз келе ме, жылдар бойы жай журналист болып еңбектенуге дайын болыңыз. Ешкім тәжірибесі жоқ, ой-пікірі қалыптаспаған, адам тани алмайтын қызметкерді редактор қылмайды ғой. Белгілі бір саланың маманына айналу үшін 10 000 сағат жұмыс істеу қажет деген теорияны құптаймын. Жастардың да ұзақ әрі белсенді жұмыс істеуге дайын болғандарын қалаймын.

Қоғамға пайдалы болыңыз

«Әрқайсымыз атақты бола алмаймыз. Алайда әрбіреуіміз ұлы атана аламыз. Себебі өзгелерге қызмет ете алған кез келген адам – ұлы. Бүгін сіз жетістікке жеткен адамдарға қарап, олардың өмірін бақылап жанкүйерсіз. Сіз олардың атақ деңгейін ұлылық салмағына теңестіресіз. Алайда 5-6 жылдан кейін инстаграмда жарқ-жұрқ еткендердің есімін де еске түсіре алмайсыз. Неге? Себебі адамды тарихты қалдыратын ұлылық – оның қоғам игілігі үшін атқарған қызметі. Сіз қай сала еңбек етіп жүрсіз, бойыңызда қандай талант бар – маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – сіз жасаған дүние өзгелердің кәдесіне жарауы тиіс.
Өз басым 93-ші жылдары доктор атағын алдым. Мені көшеден көрген адамдар «Біз сізді көгілдір экраннан көрдік» деп танып жататын. Бір күні мен теледидардың ішіндегі қуыршақ болмауға шешім қабылдадым. Теледидардың көмегімен жан-жағыма жақсылық дәнін егуді армандай бастадым да іске кірістім. Осы бір дұрыс таңдау мені карьерамды, өмірімді түбегейлі өзгертті.
Дәл қазір сіз немен шұғылдансаңыз да, қоғамға пайдалы болуды мақсат тұтыңыз. Адамзат игілігі үшін жасаған қызметіңіз сізді табысты етеді. Міндетті түрде!

Өмірдің сыйлығын алыңыз

Мына фәни өмір сізге дайындап қойған сыйлығы бар. Бұл сыйлық сіздің арманыңыздың өмірге айналуы. Өмір сіздің не қалайтыныңызды, нені аңсайтыныңызды жақсы біледі. Сонымен қатар сол арманды жүзеге асыруға дайын. Сізге тек бірнеше қадам жасап, сабырлық танытып, сол сыйлыққа қол созу қажет. Ол үшін көрсеқызарлық, қызғаныш, біреуді ғайбаттау деген пәле-жалалардан абзал болғаныңыз шарт. Қарсы соққан желден қорықпай, күн сәулесінен қашпай, тұла бойыңызбен толқынға беріліп жүзсеңіз, өмір өзі сізді жағалаудан шығарады.

Өзіңізді өзгертпеңіз

Жасым отыздан асқанда ғана мен тележурналистикада өзімді қалай еркін сезіне алатындығымды түсіндім. Содан бері өзімді өзгертпей, өмірде қандай экранда сондай Опра болып қызмет етіп келемін. Мен ешқашан ақылдырақ немесе мейірімділеу болып көрінуге тырыспаймын. Бірде аэропортта отырғанда жаныма бір әйел келіп, «Сіз экрандағыдай емессіз. Экранда бәрін құшақтап қолдайсыз. Ал қазір ешкімге мойын бұрмастан отырсыз» деп сөге бастады. Осыған бола мен жеке ұшақ сатып алдым. Себебі мен жұрт солай күткендіктен өзімді өзгертуге бармаймын. Аэропортта өткен-кеткен елмен құшақтасуға міндетті емеспін. Мен өз рейсін күтіп отырған жай Опрамын. Ал Опраның әртүрлі күйі бар. Біреуге бола өзгеру, өзгергендей кейіп таныту сізге жақсылық әкелмейді.

Нұр шашыңыз

Мына бір сөз өміріме қатты әсер етті – «Сен біреуге жасайын деп тұрған әрекет сенімен болып қойды деп есепте». Ньютонның үшінші заңымен танысқанда да мен дәл осындай таң қалыс күйін кештім. Ньютонның айтуы бойынша, кез келген әрекетке қарсы жауап әрекет бар. Демек сіз біреуді өсектеп жатқанда сізді біреу әңгімеге қосқанын білгейсіз. Бұл заңдылық. Сондықтан жан-жағыңызға жақсылық нұрын шашып жүріңіз, сонда өміріңізде жақсылық атаулы молынан болады.

Шаршамаңыз

Адам күліп-жайнап, біреуге жақсылық жасап, көмек қолын созып жүруі үшін күш-қуаты кемімеуі тиіс. Табысты болғысы келген жан энергиясын көбейтетін рухани практикаларға, түрлі амалдарға баруы тиіс. Сонда ғана ол өзін шаршаңқы сезінбейді, өмірге құштар болады. Ал өзі азып-тозған адам бөгде біреуге көмекке келе алмайды. Керісінше ашуға булығып, арманынан адаса бастайды. Көмек сұраған жандар оның жынына тиіп, көңіл-күйін түсіре бастайды.

Аталмыш материал Опра Уинфридің әртүрлі кезеңде шетелдік БАҚ-тарға берген сұхбаттары негізінде жазылды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close