Табыс

Playstation бизнесі: Локациясы, табысы, шығыны

Playstation бизнесінің ерекшеліктері қандай?

Playstation бизнесі өте тиімді кәсіп түріне жатады. Өйткені түрлі ойын алаңдарында бос уақытын өткізуді жөн көрушілер қатары өте көп. Ал арнайы ойын приставкаларын сатып алу қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Әрине, аптасына тек бір-екі рет ойнайтын болсаңыз, оны сатып алудың да қажеті шамалы. Бар болғаны Playstation ойнауға арналған орындарға достарыңызбен жиналып баруыңызға болады.

Осы жағдайдың барлығын ескеріп, ойыңызды Playstation бизнесі яғни ойын клубын ашуға бағыттаған болсаңыз, аталған бизнесті аяққа тұрғызу үшін неден бастау керек, нені ескеру керек деген сынды сауалдарға жауап іздейтініңіз белгілі. Арнайы жобасын жасау үшін де артықшылықтары мен кемшіліктерін ескересіз. Егер ойыңызды жүзеге асыруды мықтап қолға алғыңыз келсе, Balbal.kz сайты әзірлеген пайдалы кеңестерді мұқият оқып шығыңыз.

Playstation бизнесі ең алдымен бастапқы инвестицияны талап етеді. Толығымен жаңа ойын приставкалары мен қажетті құралдарды сатып алу қажет. Мысалы:

Ойын приставкасының орташа бағасы – 130-150 мың теңге.

Джойстик – 20-25 мың теңге.

Теледидардың орташа бағасы – 80-90 мың теңге.

Ойын дискілері – 10-15 мың теңге аралығында.

Диван  – 15 мың теңге.

Жоғарыда көрсетілген бағалар тек бір ғана заттың орташа құны. Ал сіз Playstation клубыңызда тек бір ғана ойын приставкасын орнатпайтыныңыз анық. Олар саны сіздің мүмкіндігіңізге қарай болады. Тіпті бастапқыда 3 ойын приставкасын орнатып, кейін олардың санын арттыра аласыз.

Заңгермен кеңесіңіз

Ойын приставкаларын өндіретін кейбір компаниялар өз өнімдерін коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салады. Егер сіз заң бойынша аталған талаптарды бұзатын болсаңыз, өндіруші компания іс қозғаған жағдайда үлкен айыппұл төлейсіз. Сол себепті іске кіріспес бұрын, өз аймағыңыз бойынша қолдану талаптарын қарап шығып, заңгермен кеңескеніңіз жөн.

Өндіріс жоспары

Бизнес ашу үшін ең алдымен керегі:

  • ЖК (ИП) тіркеу;
  • Ғимаратты жалға алу;
  • Жөндеу жұмыстарын жүргізу;
  • Құрал-жабдықтарды сатып алу;
  • Қызметкерлерді жұмысқа алу;
  • Жарнама.

«Playstation» бизнесіне локация қалай таңдаймыз?

Кәсібіңіз табысты болып, жақсы жүруі үшін ең алдымен ойыншылар бір-біріне кедергі жасамай, уақыттарын ыңғайлы өткізе алатын жайлы орынды таңдаған дұрыс. Playstation-ді әдетте екі адам ойнайды. Ең танымал ойындар барысында өзара бақ сынайтындар көп. Сол себепті «Playstation» ойын клубына келушілер саны ортаймайды.

«Playstation» ойын клубына көбіне ер балалар келеді. Ғимараттың іші жайлы, балаларға да ересектерге де қолайлы болғаны жөн. Сол себепті арақ-шарап, кальян сынды өнімдерді орталық ішінде сатуға тыйым салынады. Есесіне, қосымша табыс көзі ретінде сусын, шәй, кофе, жеңіл тағамдарды ұсынуға болады.

Ойын орталығын ықшам аудандардың, тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашқан тиімді. Егер жақын жерде мектеп немесе өзге де оқу орындары болса, тіптен жақсы.  Біріншіден, тұрғын үйлердің маңынан ашудың тиімділігі – жалға алу құны арзанға түседі. Екіншіден, оқудан кейін достарымен жиналып бара салуға қолайлы және үйден алыс емес жерде болғаны жақсы. Сонымен қатар, кәсібіңіз табысты болсын десеңіз, жан-жағыңыздағы «Playstation» клубын ашқан бәсекелестеріңізді толық зерттеп шығыңыз.

Нарықтық сипаттамасы

Ойын клубының мақсатты аудиториясы 10 және 35 жас аралығындағы адамдар. Жас ерекшеліктеріне қарамастан ойын ойнау барысында тең қарсылас бола алады. Әрбір келушінің мақсаты әртүрлі.

Сату және маркетинг

Ойын орталығын ашқаннан кейін, келушілерді тарту мақсатында жарнама жасалады. Ашылған кезде офлайн жарнама тиімді. Өйткені әлеуметтік желідегі парақшасын бірден жүргізіп кете алмауыңыз мүмкін.

Қайда жарнамалауға болады?

Офлайн:

Пәтерлердің жарнама тақтасына хабарландыру ілу;

Пошта жәшіктеріне флаерлер салу.

Оқу орындарының жарнама тақтасына хабарландыру ілу;

Оқу орындарының алдында флаер тарату.

Онлайн:

Әлеуметтік желілерден парақша ашып, жарнамалау;

Әлеуметтік желідегі парақшаңызға жазылғандарға арнайы жеңілдіктер қарастыру

Өнім бағасы

Мысалы, Playstation ойнаудың орташа құны сағатына 500 теңге. Күніне бір приставкадан 8 сағатқа есептесек ,4 000 теңге түседі. Ал демалыс күндері одан да көп табыс табуға болады. Әр күні түскен табысты жылға көбейтсек, шамамаен 900 000 мың теңге пайда көресіз. Атап айтқанымыздай, бұл тек бір приставкадан түсетін табыстың мөлшері. Егер сізде 4-5 приставка болса, жылдық табысыңыз еселене бермек.

Ай сайынғы шығындар

Электр энергиясы айына орташа есеппен – 20 мың теңге. Жылына  – 240 мың теңге.

Ғимаратты жалдау – 80 мың теңге. Жылына – 960 мың теңге.

Жарнама – 10 мың теңге. Жылына – 100 мың теңге.

Интернет айына – 7 мың теңге. Жылына – 84 мың теңге.

Барлық бағаларды есептей келе жылдық шығын 1 млн 384 мың болады.

Сонымен қатар қызметкерлерге төлейтін жалақы құны да есепке алынады. Playstation орталығына көп қызметкердің қажеті шамалы, бір ғана ұйымдастырушы болса да жетіп жатыр.

Жұмыс барысында бірнеше қиындыққа тап келуіңіз мүмкін. Мысалы, келушілердің саны азайып кетуі, ғимаратты жалға алу бағасы қымбаттауы.

Кез келген істі қолға алып, жан қалауыңызбен кәсіп ашқыңыз келсе, оның тұтынушыларға қаншалықты керек екенін, сұранысқа қаншалықты ие екенін толық зерттеп алғаныңыз жөн. Толық таразылап, барлығын жан-жақты ойластырғаннан кейін бірден іске кірісіңіз. Сіздің ісіңіз айтарлықтай сұранысқа ие болса, кәсібіңіз берекелі болады.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close