Табыс

Саңырауқұлақ өсіру бизнесі: техникасы, талабы, тәуекелі

Саңырауқұлақ өсіру бизнесі – азғантай уақытта пайда алып келетін кәсіп

Саңырауқұлақ өсіру бизнесімен ерлі-зайыпты Әділбек Бақыт пен Гүлсара Қабылбектің айналысып жүргеніне биыл екінші жыл. Алматыда 9 соттық жері бар үйде тұратын олар бос жатқан жерді кәдеге жаратуды ойластырады. Ойлана келе саңырауқұлақ өсіру бизнесімен айналысуды жөн санайды. Саңырауқұлақтарына баладай мейірімділікпен қарайтын ерлі-зайыпты Balbal.kz мотивациялық сайты оқырмандары үшін саңырауқұлақ өсіру бизнесінің кейсін айтып берді.

Ресурсты пайдалана білу

Әділбек Бақыт: Бизнес бастаймыз деген арман болды. Саңырауқұлақ өсіру техникасын білетін таныстарымызбен ақылдаса келе осы кәсіппен айналысуға бел байладық. Себебі саңырауқұлақ өсіру көп дүниені қажет етпейді. Бастысы – территория, техника және тәртіп. Ойлана келе біздегі бар ресурс – үйдің ауласындағы азғантай территорияны пайдаға асыруды дұрыс деп санадық.

Әділбек Бақыт
Әділбек Бақыт, @Balbal.kz

Бұл бизнестің ең ұтымды тұсы – клиент іздеп сабылмауың. Саңырауқұлаққа деген сұраныс үлкен.

Бүгінде мен «саңырауқұлақ» десе, сағаттап әңгіме айта аламын. Базбіреулер оларды өсімдікке теңесе, енді бірі жануарға жатқызады. Мен оларды үйдің еркелеріндей көремін.

Гүлсара Қабылбек:

Гүлсара Қабылбек
Гүлсара Қабылбек, @Balbal.kz

Былтыр бірінші рет саңырауқұлақ өсірдік. Бар күш-жігерімізді салдық деуге болады. Саңырауқұлақ берекелі бизнес болатындығына көзіміз жеткен соң биыл жылыжайымызды кеңейтуді жоспарладық. Алайда кәсіпкерлікті неден және қалай бастарымызды білмей бас қатты. «Қолдау» деген кәсіпкерлікті қолдау орталығы барын «Бизнес бастауды» оқып жүргенде естідім. «Бизнес бастаудың» гранты маған бұйырмады. Дегенмен мамандардың айтылған кеңесі бойынша «Қолдау» орталығына бас сұқтым.

«Қолдау» кәсіпкерлік орталығы

Әділбек Бақыт: Біз саңырауқұлақтың «вешенки» деген түрін өсіреміз. Бұл ең көп сұранысқа ие дәмді түрі. Тамаққа да көбінесе осы вешенкиді қосып жатады. Вешенкиді өсірумен айналыспас бұрын олардың өте нәзік келетіндігін біліп алған жөн. Олар қатты ыстыққа төзбейді. Сондықтан белгілі бір қалыптағы температураны ұстау – саңырауқұлақ өсірудің негізгі шарты. Біз +15-20 температурасын сақтаймыз.

вешенки қазақша
Вешенки саңырауқұлағы, @Balbal.kz

Гүлсара Қабылбек: «Қолдау» орталығы төрт басқармадан тұрады екен. Ең алдымен «Жобаларды сүйемелдеу» басқармасына бардым. Бизнес-идеяны ауызша айтып бердім. Сосын олар электронды түрде бриф құжатын толтыруымды өтінді.

Жобаға кететін шығын, күтілетін табыс, таза табыс мөлшері және де басқа мәліметтерді, маңызды есеп-қисапты көрсетуге арналған анкетаны «бриф» деп атайды.

Біз осы уақытқа дейін ай сайын тұрақты шығындарға кеткен ақшамызды, соңында қол жеткізген табысымызды қалың дәптерге жазып отыратынбыз. Сол мәліметтердің көп көмегі тиді. Есебі жоқ идеяның аталмыш брифті толтыру кезінде шын мәнісінде жоспарланбаған дүние екендігі бірден байқалады екен. Ұсақ-түйекке дейін есептеп жүргендіктен бриф толтырудан сүрінбей өттік.

Cаңырауқұлақ өсіру бизнесін бастау үшін

Әділбек Бақыт: Саңырауқұлақ өсіру үшін сізге керек:

  1. Мақта қауызы. Оны біз Шымкент жақтан алдыртамыз. Келісі 60-70 теңге.
  2. Әк. 25 келісі шамамен 3000 теңге.
  3. Дәрі. Қытайдан шыққанын аламыз. 20 келісі 20 000 теңгедей тұрады.
  4. Сұлы. 1 келісінің бағасы 1000 теңге.
  5. Су
  6. Саңырауқұлақ өсіруге арналған пакет. Біреуі 10-15 теңге тұрады

Гүлсара Қабылбек: Толтырылған брифтің негізінде 4 күн ішінде «Қолдаудың» «Жобаларды сүйемелдеу» басқармасының қызметкерлері бизнес-жоспар жазып берді. Бизнес-жоспар бойынша Алматыдағы шағын несие ұйымдарынан жобаны аяққа тұрғызу мақсатында қажет соманы несиеге алу қарастырылды. Алайда алдымыздан бірнеше қиындық шықты. Ол үйдің құжат мәселесі. Сонымен қатар кәсібімізді қазірден бастап заңдастыру қажет болды. Ол үшін ЖК яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіміз шарт екен.

Құжат жасату, ондағы кеткен қатені дұрыстау көп уақыт алатын жұмыс екендігін бәріміз білеміз. Көбіміз бір нәрсе бастаймын дейміз де, бітпейтін қағаз/құжат мәселесінен қашып, қолды бір-ақ сілтей саламыз. Мені таң қалдырғаны – барлық құжатты «Қолдау» орталығынан бір қадам аттамай жасай салдық. Сөйтсем, «Рұқсат құжаттары» басқармасы кәсіпкерге керек барлық құжаттарды реттеуге көмектеседі екен.

Вешенкиді өсіру технологиясы

Әділбек Бақыт: Мақты қауызына әкті салып, араластырасыз. Әк бактерияның өлуіне себеп болады. Одан соң дезинфекция жасау мақсатында дәрілер қосасыз. Су себесіз. Әңгіме 600-800 келі мақта қауызы жайында болса, бұл жұмысты 2-3 сағатта тындырып тастау үшін 3 ер адамның көмегі қажет. Сосын барып целлофанмен орайсыз. 3-5 күн күтесіз. 5 күннен кейін саңырауқұлақ өсіру арналған пакетке саласыз. Пакеттің бас жағына және аяқ жағына сұлының ұрығын саласыз. Сосын екі жақтан байлап тастайсыз. Алайда істіктің көмегімен бас жағын тесесіз.

саңырауқұлақ өсіру
Саңырауқұлақ бизнесі, @Balbal.kz

Ендігі мақсатыңыз күн сайын су шашу. Бұл жұмысқа шамамен 15-20 минуттай уақыт кетеді.

саңырауқұлақ бизнесі
Саңырауқұлақ өсіру, @Balbal.kz

Жылыжайдың ішін  +22-28°C температурада ұстап тұрсаңыз, 15-20 күнде дайындаған ерітіндіміз ағара бастайды. Пакеттің іші толық ағарған соң 15-20°C температура болуын қадағалайсыз. Сонда 21-30 күнде саңырауқұлақ бой көтере бастайды. Бір ескеретіні, бой көтеріп, пакетті тесіп шыға бастаған саңырауқұлақтарды уақытылы кесіп алып отыру шарт. Себебі уақыт өткен сайын оның түрі бұзыла бастайды.

саңырауқұлақ өсіру
Вешенки саңырауқұлақтары, @Balbal.kz

Гүлсара Қабылбек: Бүгінгі таңда мен үйде отырған анамын. Сондықтан саңырауқұлақ өсірумен айналысу маған ыңғайлы. Аракідік жылыжайға соғып, температураны бақылап кетемін. Сонымен қатар ауаның ылғалдығы да 60-80 аралығында болуын тексеріп отырамын. Одан түсіп кетсе, су шашып, ауаны тазартамын. Есесіне саңырауқұлақты ас-ауқат ретінде де, нәсіп берер кәсіп ретінде де пайдаға асырып отырмыз.

5 айда 2 миллиондай табыс тауыппыз.

Саңырауқұлақ өсірудің талабы мен тәуекелі

Әділбек Бақыт: Егер бизнестің бұл түрімен айналысамын десеңіз, артықшылығы мен кемшілігін біліп алғаныңыз дұрыс.

Саңырауқұлақ өсірудің артықшылықтары: үлкен сұраныс, қолжетімді ресурс (су, жер, жарық дегендей), арнайы техниканың қажет етілмеуі.

Бастысы, бәрін уақыты және ыждаһаттылықпен істеп отырсаңыз болғаны.

Кемшіліктері: техниканы білетін танысыңыздың болмауы, саңырауқұлақтардың ауруға ұшырап қалуы.

Алматыда саңырауқұлақ бизнесімен айналысатындардың желіде арнайы чаты құрылған. Біз бәріміз саңырауқұлақтарымыз үшін уайым жейміз. Бір саңырауқұлақтың түрі нашарлап кетсе, «ауырып қалмады ма?» деп фотоға түсіріп, әріптестерімізге сұрау саламыз. Саңырауқұлақ өсіремін деп талпынған жас кәсіпкер болса, біз бар білгенімізбен бөлісуге әркез дайынбыз.

Гүлсара Қабылбек: «Қолдаудың» қолдауымен қаржы мәселесін де шештік. Несиеге алынған 7 миллионды 7 жылда 8 миллион 870 000 теңге ретінде қайтарамыз. Бұл біз үшін керемет мүмкіндік.

Сонымен қатар жылыжайды кеңейтуге байланысты барлық рұқсатнамалық қағаз жұмыстарын (газ тарту дегендей) орталық қызметкерлері өз мойнына алып отыр.

Әділбек Бақыт: Вешенкидің базардағы бағасы 1200 теңгеден басталады. Супермаркеттерде 1500 теңге шамасында сатылады. 3-5  келіден артық саңырауқұлаққа тапсырыс түссе, біз бір келісін 700-800 теңгеге береміз. Көбінесе көтермелеп сатумен айналысамыз. Қаланың іші болса, жеткізуіміз тегін.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Бір пікір

  1. Керемет! Аман болыңыздар….
    Осы сіздердің істеп отырған жұмыстарыңызды барып көріуге болама?көптеген саңырау қүлақ өсіретін адамдар көрсетпейді ,айтпайды …жұмысын құпия ұстайды …мұмкін болса қабарлассаңыздар…
    менің тел нөмерім:+7700 778 89 04

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close