Миллионер

Шынар Бүгімбаева: «Кәсіпкер қаталдау болу керек»

"Қағанат" асханалық желісінің ашылу тарихы

Шынар Бүгімбаева — Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған «Қағанат» асханасының директоры. «Bolashak Business Lectures» жобасында ол өз кәсібінің ашылу тарихымен, жетістігінің құпиясымен бөліскен болатын. Balbal.kz мотивациялық сайты осы ақпараттың барлығын назарларыңызға ұсынады.

Шынар Бүгімбаева:

«Анамнан ерте айырылдым»

10 жасымда есейген соң тамақ істемеймін, үй жинамаймын, еден жумаймын деп жиі ойлайтынмын. Себебі небәрі бес жасымда анамнан айырылып, әкем мен ағамның тәрбиесінде болдым. Мүмкін сондықтан шығар үй шаруасындағы бар қиындық, бар жұмыс менің мойнымда болатын.

«Әкем таңдауыма қарсы болды»

Бұл саладан менің хабарым бар еді. Әкем де, апам да Ресейдегі экономикалық университеттердің бірінде оқыған. Алматы қаласына келген соң мейрамханада технолог болып, кейін бастықтың орынбасары болып қызмет атқарды.

Ал мен 12 жасымнан бастап осы мейрамханаларда, кондитерлік цехтарда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрдім. Бірақ арманым хирург болу еді. Алайда әкем Нархоз университетінің деканы болған соң таңдауыма үзілді-кесілді қарсы болды. «Дәрігерлік емес, қоғамдық тамақтану мамандығына түсесің. Ақшаң жоқ болса да, әйтеуір қарның тоқ болады» дегені әлі есімде. Менің таңдауыма қарсылық білдіргеніне қатты ренжідім. Бірақ кейін оның не себепті осылай айтқанын түсіндім.

«Өзім қаламаған факультетке түстім»

Ол кісі 40-жылдары дүниеге келгендіктен, аштықтың ащы зардабын бастан өткерген болуы керек. Сөзін жерге тастай алмадым. Менің отбасымда әкемнің әр сөзі заң болып қабылданатын. Айтқанын орындадым. Алайда қоғамдық тамақтану факультетіне түсу, конкурстан өту бұйырмапты. Амалсыздан дәндерді сақтау мен өңдеу факультетіне түстім. Екі жылдан соң өмірімді бұл мамандықпен байланыстыра алмайтынымды түсіндім.

«Әкемнен жасырып, жұмыс істедім»

Алғашқы лекцияның өзі түсініксіз болды әрі мені жалықтырып жіберді. 45 минуттан кейін дәріс аяқталған соң үзіліске шығып, ұзақ ойландым. Университеттен кетемін бе жоқ па? «Кетемін» деп шешім қабылдау үшін 5 минут маған жеткілікті еді. Үшінші курс оқып жүріп, әкеме айтпай жұмыс жасадым. Таңғы 7-де әкем сабаққа оятатын. Бірақ мен кафеге жұмыс істеуге кететінмін. Сағат 12-де ашылатындықтан, сегізде барып алып, күтіп отырушы едім. Кафенің директоры Саша ағай «Еден жуушы өз міндетін дұрыс атқармайды» деп жиі айтатын. Содан не керек, уақыт өткізу үшін кафе ашылғанша бұл жұмысты та атқарып жүрдім. Көздеген мақсатыма жетуге тырысамын. Жиырма жасымда 250 рубль табатынмын. Ал біздің заманымызда ол қомақты қаржы еді.

90-жылдары мен жұмыс істейтін кафеде даяршылар тапшы болатын. Сол үшін кейде даяршының да, аспаздың да қызметін қоса атқарып жүрдім. Тамақ пісірдім, балмұздақтарды орындарына қойып, ыдысты да жуатынмын.

«Әкемнің кеңесін санама шегелеп алдым»

Саша ағайдан басқа менің кәсіп ашуыма қолдау білдірген әкем болатын. Оның маған айтқан алғашқы кеңесі: «қандай жағдайға тап болсаң да кассадағы ақшаға қол салма». Өмір бойы санама осы сөздерші шегелеп тастадым. Тіпті ұзату тойымда да, киім сатып алатын кездерімде де кассадан бір тиын алмайтынмын. Кәсібім өзім қалаған деңгейге жетпейінше түскен қаражатты жеке басымның пайдасына жаратпаймын деп шештім. Екі жыл бойы бір белдемше мен бір күртеше киіп жүрген кездерім болған. Бірақ осылардың біріне де айтарлықтай мән бермеппін. Бір ғана мақсатым болды: өз бизнесімді ашу. Өз пәтеріме қол жеткізу үшін 10 жыл тынбай еңбектендім.

«Алғашқы асхананың ашылуы»

Алғашқы асхана Алматыдағы Тастақ ауданында ашылды. Кейін бірнеше ғимараттарды жалға алып, олардың санын көбейте бастадым. Алайда олардың ішіндегі жиһаздарды сатып алғаным жоқ.

Жас кезімде туысқанымның кафесінде жұмыс істедім. Сол кезде кафе «Қанағат» деген атауды иеленген. Кейіннен көп еңбектенсем де, аз ақша табатынымды  түсіндім. Өз кәсібімді өз асханамды ашамын деген идея келді. Көп ойланбастан туысқанымның ғимаратын жалға алып, бизнес бастаймын деп шештім. Ол таңқалғанымен, келісімін берді.

««Қанағатты» «Қағанатқа» өзім өзгерттім»

Атауды өзгертпей, сол күйінде қалдырғанбыз.Кейін бұл асхана кеңінен таныла бастады. Бірнеше жерде ашылып, жұмыстарын жүргізді. Қожайындар әртүрлі болғанымен атау біреу. Бізді шатастырып алмау үшін бұл брендті патенттеп алайық деп ойладық. Астанаға құжат жібергенімізбен, қабылданбады. Қазақстанда осы атаумен тағы бір компания бар екен. Өкінішке орай, патриот болсам да қазақ тілін білмейтінмін. Кәсібімді ашқалы оң қолыма айналған Салтанат бәрін өзі жасады. Ол орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретін.  Бір күні «Қанағат» дегенді «Қағанатқа» өзгертсек қалай болады деп сұрадым. Маған бұл сөздің қандай мағына беретіні қызық еді. Құрбым «қағанат — алып империя» дегенді білдіретінін айтты. Қазір осы атауды патенттеп алдық.

«Әжейлерден арзанға тоңазытқыш сатып алдым»

1996 жылы алғашқы асхана ашылды. Бірақ қиындықтар мен кедергілер көп еді. Тоңазытқыш сатып алу үшін қарызға ақша қажет болды. Әжейлерден осы дүниені сатып алдым.  Төртінші қабаттағы пәтерден тоңазытқыш түсіргеніміз әлі есімде. Қазір «қалай күшті әрі батыл адам болғанмын? » деген ой келеді. Сол кездері маған бір әйел қол ұшын созған. Анамның сыныптасы болуы керек, қазір ол кісі марқұм болып кетті. Үнемі таңертең 6-да оятатын. Біз асханаға қарай жүгіріп, тазалап, жуып қоятынбыз. Аспазшыны қосқанда сол жылдары үш адам ғана жұмыс істедік.

«Асханаға азық-түлікті жаяу тасыдым»

Біздің қолымызда ешқандай зат болмады. Алғашқыда бірнеше тағам түрлерін сатып, жиналған ақшаға қызанақ пастасын, май, кеспе алғанбыз. Таксиге ақшам болмаған соң бір жерден екіншісіне аязға, суыққа қарамастан ауыр заттарды арқалап, жаяу баратынмын. Бірақ іштей бір күні азық-түліктерді қораппен, көлікпен алатыныма сенетінмін.

«Өз асханамда еден жудым»

Бір күні шырттай киінген ер адам асхананың директорын сұрады. Мен еден жуып жүргенмін, көзімнің қиығымен қарадым да мән бермедім. Ешкіммен сөйлескім де келмеді. Кассир «осы кісі» деп қолын маған нұсқады. Ол кісі бір қарады да, жанарын төмен салып, сол кеткеннен қайта келмеді.

«Кәсібің кеңейген сайын қаталдау болу керек»

Соңғы он бір жылда барлық жұмысты оң қолым Салтанатққа тапсырғанмын. Мен оған өзімнен артық сенемін. 2002 жылдары бір нәрсеге толықтай көзім жетті, мен ешкімге «жоқ» деп айта алмайды екенмін. Адамның қаталдау мінезі болғаны дұрыс, кәсібің кеңейген сайын жұмсақтық жақсы атақ алып бермесі анық. 4 жыл бойы Салтанатты өзіммен алып жүрдім, көп нәрсені үйреттім. Мен 28 жаста болғанда ол 19-да еді.Ал қазір сондай батыл қадамдарға қалай барғаныма таңдана қараймын. Енді оны қайталау мүмкін емес сияқты.

«Бизнестен қол үзіп қалдым»

Ешқашан бизнестен қол үзіп қалмау керек екен. Бір тоқырауға түскен соң қайта шығу өте қиын. Мәселен, мен 31 жасымда тұңғышымды, 35-те қызымды, 45-те егіз перзентті дүниеге әкеліп, демалысқа шықтым. 2016 жылы Қағанат асханаларын аралап шығып, оларға өзгеріс керек екенін түсіндім.

«Жақын арада әлемдік нарыққа шықпаймыз»

Қазір Қағанат деген атаумен белгілі Алматы, Астана, Қарағандыда 25 асханамыз бар. Екеуі жарамсыз болғандықтан жауып тастадық. Жақын арада заманауи нарыққа шықпаймыз. Мәскеуде болғанымызда осы қалада асханамызды ашу туралы ойлағанбыз. Бірақ әзірге бұл жүзеге аспайды.

12 жыл бұрын жеке балабақшамды аштым. Ол жердегі тәрбиеші, күтім жоғары деңгейде болғандықтан балаларымды сонда қалдырамын.

«Балаларымды еңбекке баулимын»

Баламның жасы 16-да. Күзгі демалыcта өз асханамызда жұмыс істеп, маркетологыма көмектесті.  Жалқаулыққа салынбай бос уақытында еңбектенуді талап етемін. Егер таңертең сабаққа кешігіп қалса, жүгіріп кетеді, ал қалтасында жинаған тиыны болса, таксимен барады. Негізі көп нәрсені өзі жасайды: жуады, үтіктейді, азық-түлік алады, бауырларына қарайласады. Төрт баламды да қазақ балабақшасына бердім. Олар қазақшаны жетік меңгерген. Енді өзім де сол нәрсені мақсат етіп жүрмін.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!