Табыс

Үй шаруасындағы әйелдерге арналған бизнес-идеялар

Үй шаруасындағы әйелдерге арналған бизнес-идеялармен таныс болыңыз.

Үй шаруасындағы әйелдерге арналған бизнес-идеялар – іс бастап, кәсібімді дамытсам дейтін қыз-келіншектер үшін үлкен мүмкіндік. Әйелдің әуел бастағы отбасының ұйытқысы болу керек деген миссиясынан бөлек, заман талабына сай үйде отырып табыс табуы үрдіске айналған. Үй шаруасындағы әйелді табыс табуға итермелейтін басты себеп – бұл қаржылық тәуелсіздік қана  қана емес, сонымен қатар тұлға болып қалыптасуға деген ұмтылыс. 

Әйелдерге арналған бизнес

Әдетте, үй шаруасындағы әйелді жұмысқа бармайтын, бірақ күйеуі қолдау көрсететін және үйдегі тазалықты сақтауға, тамақ дайындауға, балаларды тәрбиелеуге және басқа да отбасылық істерді атқарушы деп танимыз. Әлбетте, басқалар үшін жұмысқа бармай, үйде отыру оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл қате пікір.

Қыз-келіншектердің көпшілігі өз еркімен үй шаруасындағы әйелге айналмайды. Кейде әйел үйде отыруға мәжбүр болады. Үй шаруасын тізгіндей отырып, оны бизнес туралы ойлар мазалауы мүмкін. Бұл заңды құбылыс. Бизнес – тек ерлердікі деген пікірді теріске шығарып, табысқа кенеліп жүрген әйелдер де баршылық.

Тек әйел адамның қолынан келетін көптеген идеялар бар. Оған косметология, балалар тәрбиесі, қолөнер, би, фитнес, емдік процедуралар сияқты көптеген категориялар жатады. Таңдау өте көп, тек сіздің тарапыңыздан сәттілікке толы табыс жолына бір қадам жасасаңыз жеткілікті.

Үйден маникюр салонын ашу

Үй шаруасындағы әйелдерге арналған ең танымал бизнес-идеялардың бірі – сән әлемін меңгеріп, үйде жұмыс істеу. Егер өз ісіңіздің кәсіби шебері болсаңыз, сіздің ісіңіз жарнамасыз-ақ танылып, мол табыс әкелетін болады. Ең бастысы бастапқыда ақша салып, кәсібилік курстарынан өтіп, біліктілігіңізді арттырыңыз. Маникюрлік курсты оқудың орташа бағасы – 35 000 теңге. Үйден маникюр салонын ашып, жеке бизнес бастаудың бюджеттік нұсқасы болғанына қарамастан, бастапқыда ақша салуыңызға тура келеді. Өйткені қажетті құрал-жабдықтар бар.

Табыс клиенттердің санына және жұмысқа қанша уақыт бөлгеніңізге байланысты болады.

Тапсырыспен тәттілер пісіру

Егер дәмді ас пісіру қолыңыздан келсе, торт жасағанды ұнатсаңыз, неге бағыңызды сынап көрмеске? Әйелдердің күнделікті сүйікті ісіне айналған аспаздық – үйде отырып ақша табудың тамаша тәсілі. Әлеуметтік желілер және таныстарыңыз арқылы бизнесіңізді жарнамалап, клиент табуыңызға болады. Бизнесті нөлден бастау үшін қажетті жабдықты сатып алу жеткілікті. Ал газ пеші мен пісіруге арналған жабдықтар кез келген әйелдің үйінде бар. Сол себепті тек тәттіге керекті азық-түліктерді сатып алсаңыз жеткілікті.

Hand made

Тоқыма тоқу, қолдан нешетүрлі сәндік бұйымдар әзірлеу, киім тігу – кез келген әйелдің қолынан келе бермесе де, интернеттегі онлайн видеолардан үйреніп алуға болады. Ал қолдан жасалған эксклюзивті бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Қолдан не жасап сатуға болады, қазір қандай заттар сұранысқа ие?

  • Дизайнерлік киімдер
  • Тоқыма өнімдері
  • Әйелдерге арналған сөмкелер
  • әртүрлі тастардан жасалған бижутериялар
  • ойыншықтар

Бұйымның бағасын – материалдардың құны, тапсырысты орындау уақыты мен күрделілігіне байланысты белгілейді.

Инстаграмда блог жүргізу

Үй шаруасындағы әйелдерге арналған ең оңтайлы бизнес түрі – Инстаграмда блог жүргізу. Ол аса қиын емес, алайда ерекше ыждаһаттылықпен тер төгуді талап етеді. Әрі кез келген әйел затына ұнайтын жұмыс. SMM қыр-сырын үйренсеңіз, жарнама арқылы табыс табуға болады.

Ең бастысы қолға алған ісіңізді кейінге қалдырмаңыз. Іске сәт!

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close