Миллионер

Нұрбақыт Төреханов: Анамның қолдауы арманыма жетеледі

Нұрбақыт Төреханов инфобизнес туралы

Ол – инфопродюсер. Соңғы жылдары инфобизнес саласы дарынды жас Нұрбақыт Төрехановпен толықты. 

Қазақстанда сапалы инфопродюсер саусақпен санарлық

– Көпшілік қауым сізді инфопродюсер ретінде таниды. Ал қазіргі таңда Нұрбақыт Төреханов қандай іспен шұғылданып жүр?

– Бүгінгі күні де бұл саладан алшақ кеткен жоқпын. Инфопродюсер ретінде өзімнің ісімді одан әрі жалғастырып жатырмын. Сонымен қатар біршама адамға кәсібін бастауға, курсын ашуға көмектесіп жүрмін. Оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймай, олардың табыс табуына да септігім тиіп жатыр. Мәселен, айына 12 миллион теңге тауып жатқан шәкірттеріммен бірге 30 миллион теңге табыс тапқан эксперттерім де бар. Жалпы жұмысымыздың нәтижесін көріп жатырмыз.

– Инфобизнес саласында жүргеніңізге екі жылдың көлемі болды. Осы уақыт аралығында өміріңізде қандай өзгеріс орын алды? 

13 жасымда даяшы болып жұмысқа кірістім. Кейін Қытайдан тауар әкеліп, оны көтерме бағамен сата бастадым. Түрлі бағытта өзімді сынап та көрдім. Ол уақытта балалықпен небір адамға алданып та қалдық. Міне, осындай қарапайым қадамдар мені инфобизнес саласына әкелді. 

– Өзіңіздің тәжірибеңізді толықтыру мақсатында Ресейде болып, инфобизнес саласы бойынша әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып келген едіңіз. Жалпы Ресей мен Қазақстан инфокәсіпкерлерінің қандай айырмашылықтары бар?

– Осы жуырда Ресейге барған сапарымда инфобизнес саласындағы түрлі әдіс-тәсілдер туралы ақпарат жинап, сол жердегі кәсіпкерлермен тілдескен едім. Сол кезде байқағаным – біздің еліміз бұл сала бойынша Ресейге қарағанда баяу дамып келе жатыр. Мысалы, Ресейде атқарылып жатқан жұмыстар 2-3 жылдан кейін барып Қазақстанға «жаңалық» болып келеді. Қазіргі таңда қазақ инфобизнесінде қолданылып жүрген «воронка», «запуск» секілді ұғымдар Ресейде осыдан біршама жыл бұрын пайда болған. Сонымен қатар Ресей инфокәсіпкерлерінің біздікілерге қарағанда басты ерекшелігі – көп істі кәсіби түрде жасауы. Олар ең алдымен табыстың көзін табудан гөрі адамдарға сапалы өнімді ұсынуды ойлайды. Ал бізге профессионалдық жетпей жатады. Нәтижесінде сапалы инфопродюсерлер саусақпен санарлық. Алайда шамамен 4-5 жылдың көлемінде Ресей нарығымен иық тірестіруге толықтай мүмкіндігіміз болады.

Университеттегі оқу маған ұнамады

– Белгілі бір себепке байланысты оқуды тастап кеттіңіз. Бұл оқу сапасының нашарлығы ма әлде сол мамандықтың ішкі қалауыңызбен үндеспегені ме?

– Мен ҰБТ-дан 125 балл жинап, «Мемлекеттік басқару және менеджмент» мамандығына қалауым бойынша оқуға түстім. Негізгі ойым мамандық бойынша жұмыс істеу болған. Алайда университеттегі оқу маған ұнамады. 4 жыл бойы осы мамандықты оқып, сол салада жұмыс істемесем, онда уақытым мен арманымның желге ұшқаны еді. Сол себепті өз грантымды бір адамға беріп, оқуды тастауға шешім қабылдадым. Бұған анам қарсылығы болған жоқ. 

Ауадан ақша жасайтындар бар

– Бүгінгі нарықта көзге түсіп жүрген белгілі трейдер Думан Ерқанат өзінің бір сұхбатында инфобизнесте ауадан ақша жасап жүргендердің де бар екенін айтты. Ал сіз кәсіп ашқысы келетін жандарға сапалы білім бере алып жүрсіз бе?

– Инфобизнесте жүрген жанның көбі бірінші кезекте сапаны емес, ақшаны ойлап жатады. Ауадан ақша жасап жүргендер де бар. Ал өзіме келер болсам, менторлық курсымнан өткен оқушылардың сапалы білім алуын қалаймын. Бүгінгі күні инфопродюсер ретінде дамығысы келетін жастың саны көп. Олардың потенциалы да жоғары. Міне, командам осындай талапты жастың кәсіп ашуға деген бастамасына қолдау көрсетеді. Бүгінгі күні менторлық курсымыздан 100-ден аса оқушы өтті және нәтижесі де жаман емес.

– Өзіңіздің бір сұхбатыңызда айына 20 миллион теңге айналым жасаймын деген едіңіз. Бұл сан өзгерді ме?

– Иә, қазіргі таңда айына 30 миллион теңгеге айналым жасаймын. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселей түссем деймін.

Еркін ойлы жастар керек

– Қазіргі таңдағы басты мәселенің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Осының салдарынан жастар елімізден жырақ кетіп, Кореяда, Польшада, Ресейде нәпақа табуды құп көріп жүр. Осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Менің ойымша бұл жердегі мәселе – жастардың ізденімпаздығының аздығы. Егер адам шынымен еңбектеніп, табыс тапқысы келсе, қолынан көп нәрсе келетініне сенімім мол. Мысалы, 15 жастағы Нұрсұлтан есімді оқушым еңбегінің арқасында аптасына 500 мың теңге табыс тапты. Елімізде жастардың кәсіп ашуы мен оны дамытуына жағдай жасалған. Тек соның көзін таба білу керек. 

– Бүгінгі қазақ қоғамына өзгеріс керек пе?

– Байқасаңыз, біздің қоғам әлі де құлдық сананың шырмауынан шыға алмай жүрген секілді. Көптеген салада еркін қалықтай алмауымыздың да себебі осыдан деп ойлаймын. Жастарымыздың ойы тәуелсіз болмай, ешбір өрлеу болмайтыны белгілі. 

– Кәсіп ашқысы келетін жастарға айтар кеңесіңіз?

– Әрекет жасаудан қорықпаңыздар. Әрекет жасамай өкінгеннен гөрі жасап барып өкінген дұрысырақ. Кез келген іске білек сыбана кірісіп кетсеңіз, әрекетіңіздің берекетін көресіз. Бастапқы уақытта қиындыққа тап боларсыз. Жұмысыңыз өнбеуі де мүмкін. Тек әрекет етуді тоқтатпаңыз. Сонда ғана еңбегіңіз еселене түседі.

Cұхбаттасқан: Ахмет Қамшыбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!