Таным

Ақшасыз бизнес бастаудың тиімді жолдары

Бұл әдістер сізге ақшасыз бизнес бастауға көмектеседі

«Мен өз ісімді бастағым келеді, бірақ жеткілікті қаражат жоқ!» — бұл жас кәсіпкерлер тарапынан жиі айтылатын шағымдардың бірі. Бәрінің ойында жақсы идеялар бар, бірақ ешқайсысының оны жүзеге асыруға шамасы жетпейді. Өйткені ол үшін көп мөлшерде ақша керек. Негізінен табысты кәсіпкерлердің дені өз бизнестерін алдымен аз ақшамен бастаған. Ел арасындағы «Ақшамен кәсіпті кез келген адам алға жылжыта алады. Ал шын мықтылар ақшасыз да іс бастай береді!» деген сөз бекер айтылмаса керек.


Ендеше, ақшасыз бизнес бастаудың тиімді жолдарымен таныс болыңыз:

Ақша құюды талап етпейтін саланы таңдаңыз

Ақшасыз бизнес бастайтындардың 90% қызмет көрсету саласын таңдайды. Сіз бір нәрсені басқаларға қарағанда жақсырақ жасай аласыз ба? Іске сәт! Елге қызмет көрсетіңіз де ақша табыңыз! Егер тұтынушылардың көңілінен шықсаңыз, кәсібіңізді кеңейтуге мүмкіндік аласыз. Ең бастысы — мұндай бизнеске ақша құюдың қажеті жоқ.

Қуаныш Шонбайдың «Бізге айтылмаған Құпия» деген кітабында осыған байланысты жақсы мысал бар. Соны қысқаша жазайық: Бірде Қуаныш Шонбай Тараздан өз ауылы Асаға жол жүрмек болады. Ауылға апаратын таксист күннің суығын сылтауратып жол ақысын әдеттегіден екі есеге қымбаттатып айтады. Кәсіпкер көлікке отырып, таксистің бұл қылығы дұрыс еместігін түсіндіреді. Сөйтіп, арада болған әңгіме барысында жүргізуші негізінде электрик екені анықталады. «Айына неше тапқың келеді?»,-деп сұрайды Қуаныш Шонбай. «Алпыс мың теңге жетеді»,-деп жауап береді электрик-таксист. «Айына алпыс мың теңге дегеніміз, аптасына он бес мың теңге. Газетке хабарлама бер: «Вызов электрика 5000 теңге». Аптасына үш клиент тапсаң болды. Айына алпыс мың шығады»,-дейді кәсіпкер. Сөйтіп бұл диалогтан кейін арада біраз уақыт өтеді. Қуаныш Шонбай тағы шаруаларымен ауылына жол жүрмек болады. Таксистер тұратын бекетте оған әлгі жігіт тағы кезігеді. Бұл жолы ол кәсіпкерді ауылға дейін тегін апаратынын айтады. Жолда жүргізуші алдыңғы диалогтан бері өз басынан өткен оқиғасымен бөліседі. Ол электрик қана емес, сонымен қатар көліктің пешін жөндеудің шебері екен. Бірде көлігінің пеші бұзылып, соны жөндеп жатқанда бір танысы оның істеп жатқан жұмысын байқап, өзінің де пешін жөндетіп алыпты. Таныстан басқа таныс естіп, ол да пеш жөндетуге келіпті. Артынша тағы біреу, екеу, үшеу келіп пеш жөндететін болыпты. Сөйтіп, қыс жақындағанда таксист-электириктің кәсібі алға басыпты. Әр пеш жөндегенге 5 000 теңге алады екен. Оқиға жүргізуші жігіттің Қуаныш Шонбайға алғыс айтуымен аяқталады.

Кәсіпті ақшасыз бастау деген осы! Ал енді бұл кәсіпті кеңейтудің қандай жолы бар? Сіздің қызметіңіз сапалы болса, ұзынқұлақ сіз туралы небір жақсы әңгімелерді өзіңіздің ауылыңыз, қалаңыздан жыраққа таратады, тұтынушыларыңыз көбейеді. Сол кезде жаныңызға көмекші аласыз. Оған өзіңіздің қалай жұмыс істейтініңізді үйретесіз де үлгермей жатқан тапсырыстарды орындауды соған жүктейсіз. Ары қарай бәрі икеміңізге және қалтаңызға түскен ақшаны қалай пайдаланатыныңызға байланысты. Дұрысы, бизнесті тіркеу, қосымша білім алып, қызметкерлердің санын көбейтіп, қызмет көрсетудің сапасын көтеру.

Тауар сатуды да ақшасыз бастауға болады

Алып-сатумен айналысу үшін ақшаңның болғаны маңызды емес. Бұл жерде маңыздысы — сенің сата алуың. Сатылатын зат тапсаң, сатуды үйренсең, бұл кәсіпті де ақшасыз бастауға болады. Ол үшін қалай әрекет ету керек?

Өнімі өтімді, бірақ шығарған өнімін толық сата алмай жатқан немесе сатып жатқан күннің өзінде қосымша тағы да көбірек сатқысы келетін кәсіпкерді табасыз. Оған өнімін сізге берсе, жақсы сататыныңызды, бірақ ақшасын тауар өткеннен кейін ғана беретініңізді айтасыз. Мұны орысша «взять товар под реализацию» деп атайды. Қарапайым тілмен айтар болсақ, сіз өндірушіден тауарды қарызға аласыз.

Мысалы, шұлық шығаратын кәсіпкер бар. Өзі айына 100 000 шұлық сатады делік. Бірақ шығаратыны 120 000 шұлық. Сіз онымен келісімшартқа отырып, артық 20 000 шұлықты көтерме бағамен (негізгі бағасынан сәл арзандау) аласыз. Бірақ ақшасын төлемейсіз, қарыз боласыз. Сөйтіп, үстіне белгілі пайыз қосып, тауарды басқа жерге апарып сатасыз. Ортадағы ақша өзіңізде қалады, негізгі пайданы өндірушіге апарып бересіз. Қарызыңыздан құтыласыз.

Басты ескеретін жайт, ол өнім нарықта үлкен сұранысқа ие болуы керек. Содан кейін сіз ол өнімді қалай және кімге сататыныңызды алдын ала білгеніңіз абзал. Бәрін дұрыс ойластырсаңыз, уақытыңызды үнемдеп, көп пайдаға кенелесіз.

Ал енді осындай сызба бойынша жұмыс істеуге келісетін адамды қайдан табуға болады? Интернеттен өзіңіз қызыққан тауарды көтерме бағамен сататын кәсіпкерлерді іздеңіз. Солардың тізімін жасағаннан кейін әрқайсысымен жеке кездесіп шығыңыз. Өндірушінің тауарын елге сатпас бұрын, сіз оған өзіңізді жақсылап «сатыңыз». «Мен бұл өнімді қалай өткізу керектігін білемін. Бұл өнімді сатудың мынандай әдістері бар. Мынандай жерлер бұл өнімді алуға ынталы. Мен барсам, олар қазір-ақ алады»,-деп сендіріңіз. Сондай-ақ өзіңіздің алаяқ емес екеніңізді білдіру үшін келісімшарт жасайтындарыңызды, қажет құжаттарды ұсынатыныңызды айтыңыз. Егер тауарды жақсы сатып, өндірушіге аз уақытта көп пайда әкелсеңіз, ол келесі жолы осы сызбамен жұмыс істеуге сізді өзі шақырады.

Заманыңыз берген мүмкіндіктерді пайдаланыңыз

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер жақсы дамыған. Instagram, facebook, vkontakte, youtube сияқты платформаларда сіз онсызда күнде отырасыз. Ал соларды неге дұрыс бағытта пайдаланбасқа? Блогерлер мен вайнерлер де қазіргі уақытта әжептеуір көп ақша табатын кәсіпкерлерге айналған. Бастысы, дұрыс бағыт таңдай алу.

Мысалы, сіз қыздарды әдемілеп бояндыра алсаңыз, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда соны көрсетіңіз, қандай бояу таңдау керек, қай бояуға қандай көйлек жарасады, қай бояуды күннің қай уақытында жаққан дұрыс деген сияқты жазбалар жазыңыз. Бұған сіз ақша құртпайсыз, тек уақытыңызбен «төлем жасайсыз». Есесіне, кеңестеріңізді жиі оқитын оқырманыңыз болады, жарнамадан пайда табасыз.

Айтпақшы, уақыт өте түскен пайданы дұрыс жарата алсаңыз, салон ашып, кәсібіңізді дөңгелетіп әкетсеңіз болады.

Бірақ интернетте блогер болу міндетті емес екенін есте сақтаңыз. Бүгінде елімізде онлайн курстар жақсы дамып жатыр. Адамдар бір кәсіпті үйрену үшін алысқа бармай, үйден отырып дәріс алғысы келеді. Әлеуметтік желілердің күші арқылы өзіңіздің салаңызға байланысты видеосабақтар өтіңіз. Әрине, ақылы түрде. Алғашқы клиенттер — сіздің таныстарыңыз. Егер сабағыңыз сапалы болса, сіз ұсынған методика нәтиже берсе, студент сізді өзі іздеп келеді. Аздап пайда тапқанда ақшаның бір бөлігін маркетингке салсаңыз болады. Ол табысыңызды көбейтеді.

Қарманған қарап қалмас

«Қайрат» клубы Алматыда өтетін ойындарының алдында жанкүйерлеріне тегін жалауша таратады. Бір жігіт сол жалаушаларды достарынан жинап алып, 500 теңгеге сатып жүр. Оның клиенттері — жалауша жетпей қалған жанкүйерлер, жалаушаларының санын көбейткісі келетіндер және келесі жолы да жалауша тегін таратылатынын білмейтіндер. Бұл әдісті қолдану дұрыс емес шығар, бірақ әлгі сатушы жігіттің тапқырлығына таңғаласың. Тегін затты ақшаға сатып жүріп, үш-төрт ойыннан кейін ол тауарының ассортиментін түрлі сырнай, барабан, доп пішіндес бас киім сынды дүниелермен толықтырып алды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген сөз осындайда айтылса керек.

Тағы бір мысал. Алатауда өсетін жеміс-жидек көп. Әрқайсысының пісетін өз уақыты бар. Пысық жандар табиғаттың берген сол байлығын кәдеге жаратып жүр. Олар ерінбестен жемістер пісетін маусымда тауға шығып таңқурай, долана, қарақат, алма жинайды да қалаға әкеліп сатады. Бәрінің тұрақты сатып алушылары бар. Әрине, ол өнімдерді жинау, қалаға әкелу — үлкен еңбек. Десе де бұл адамдар кәсіпке еш ақша құймастан ісін алға жылжытып отырғанын біліңіз.


Көріп тұрғандарыңыздай, біздің айналамызда мүмкіндік көп. Ол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алған адам ақшасыз да кәсіп бастай алады. Басыңызға дәл қазір «Мұндай жұмыстарды істеп, аз ақша тапқанша, біреуге жалданып жұмыс істемеймін бе? Жалақым тұрақты болады, ары-бері сандалмаймын» деген ой келуі мүмкін. Бірақ дәл осындай тапқырлық пен айланы, қосымша әдістер мен ойлануды қажет ететін жұмыстар болашақ кәсіпкерлерге үлкен тәжірибе беретінін ұмытпаңыз. Сіз қызмет көрсету, сату, өзіңіздің жұмысыңызды ұсыну арқылы тұтынушымен байланыс орнатасыз, көбірек пайда түсірсем деген оймен нарықты зерттейсіз, сол арқылы «бизнес» атты үйіңіздің іргесін берік етесіз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close