Таным

Герман Эббингауз және есте сақтау қабілетін жақсартатын «Ұмыту қисығы»

Герман Эббингауз деген кім?

Герман Эббингауз – экспериментатор, есте сақтау заңдылықтарымен айналысқан неміс психологы. Өзінің көп жылдық эксперименттері нәтижесінде «Ұмыту қисығын» («Эббенгауз қисығы»)  жасап шығарды.

Эксперименттің мәні

Ғалым студенттермен бірнеше тәжірибе жүргізді. Сыналушылар түрлі әдіc-тәсілдердің көмегімен мағынасыз буындарды жаттаған. Ал Герман Эббингауз уақытты белгілеп, олардың қалай ұмытатындығын түртіп отырған.

Студенттер алғашқы 20 минуттан соң жаттаған материалдың 40%-ын, 1 сағаттан соң – 35%, 1 аптадан соң тек 23%-ын ғана естерінде сақтай алған.

Ақпаратты қалай есімізде сақтаймыз?

Ұмыту қисығын белгілі уақыт аралығында ақпаратты қайталау арқылы «сындыруға» болады.

Мысалы: сіз ағылшынша сөздерді жаттадыңыз делік. Дәптеріңізді жапқан бойда ұмыту процесі іске аса бастайды. Оны қалай тоқтатамыз? Жауабы біреу – қайталау! Әрине, ғалым қайталаудың ызбасын да көрсетіп кеткен:

  1. Алғашқы қайталау – бірден оқып болғаннан соң.

  2. Екінші қайталау – алғашқы қайталаудан 20 минут өткен соң.

  3. Үшінші қайталау – екінші қайталаудан 8 сағат өткен соң.

  4. Төртінші қайталау – үшінші қайталаудан 24 сағат өткен соң.

Назар аударыңыз! Сөздерді дәптерден қарамай, есімізге түсіруіміз қажет.

Герман Эббингауз
Герман Эббингауз ойлап тапқан әдіс @palangin.me

Ұзақтау мерзімге есте сақтау үшін келесі схеманы қолдануға болады:

  1. Алғашқы қайталау – бірден оқып болғаннан соң.

  2. Екінші қайталау – алғашқы қайталаудан 20-30 минут өткен соң.

  3. Үшінші қайталау – екінші қайталаудан 1 күн өткен соң.

  4. Төртінші қайталау – үшінші қайталаудан 2-3 апта өткен соң.

Тиімді қайталау әдістері

Адам миы жарқын, бейнелі, қызықты ақпараттарды тез қорытады. Бұл дегеніміз есімізде сақтағымыз келетін ақпаратты миымыз үшін қызықты етуіміз қажет. Сіздерге тиімді қайталауда кең қолданылатын әдістерді ұсынамыз.

Локустар әдісі

Бұл әдістің атауы латынның locus – «жер», «орын» деген сөзінен шығады. Оның басқаша да атаулары бар: кеңістіктік мнемоника, ес сарайы, еске сапар. Бұл әдістің мәнісі келесіде: есте сақтау қажет болған ақпаратты танымал локацияларға бекіту, визуализация жасау.

Ол қалай жұмыс істейді? Елестетіңіз, сіз өзі үйіңіздесіз. Ойша сіз үйіңізді аралап, ақпаратты сақтауға болатын ерекше жерлерін анықтайсыз. Әрбір аялдама идеяны, объектіні немесе ақпаратты қалдыратын «локусыңыз» болады. Мысалы, кіреберіс бөлме — алғашқы локус, қонақ бөлме – екінші локус т.с.с. Егер сізге есте сақтау қажет болса онда, локус пен ақпарат арасында ассоциацияны табыңыз. Ес сарайы жайлы ойлағаныңызда объектіңіз бірден есіңізге түсетін болады.

Мнемоника

Бұл әдіс есте сақтауға мүмкіндік беретін әдістерді ұсынады. Әдетте бұл әдістерді тиімді қолдану үшін біршама күш жұмсау қажет. Бірақ тізім немесе атауларды жаттауға мүмкіндік беретін теңдессіз тәсіл болып табылады.

Мнемоникада келесі әдістер бар:

  • Акроним: сіз барлық ақпаратты «шифрлайтын» әріптер комбинациясын құрастырасыз;
  • Акростих: Сіз бас әрпі қандайда бір сөзді құрайтын өлең жолын ойлап табасыз;
  • Кілттік сөздер: Сіз ақпараттағы кілттік сөзді анықтайсыз. Оны еске түсіру арқылы толық ақпарат автоматты түрде есіңізге түседі;
  • Рифмизация: сөздер мен сандарды жаттау үшін рифм (ырғақ) ойлап табасыз;
  • Бейне-атау (адам атын жаттауда тиімді): адам аты мен мінезі, сырт келбеті арасында жақын байланысты табасыз.

Әрине, қайталауда тесттерді шешу, тақырып соңындағы сұрақтарға жауап беру, арнайы карталар құрастыру арқылы да қайталауға болады. Тек өзіңізге тиімдісін таңдасаңыз болды!

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!