Таным

Қоқыстан табылған миллионер қыз. Хайп па, хас шындық па?

Меломанның кітап сөресінде қазақ тіліндегі жаңа кітап

Меломанның кітап сөресінде қазақ тіліндегі жаңа кітап – «Қоқыстан табылған миллионер қыз». Атауы қызықтырады. Мұқабадағы жылап тұрған қыздың бейнесі де көзге оттай түседі. Оқып көрейінші деген ойды тудыратын дизайны ерекше тартымды кітап Ұлдана Ерқасымға тиесілі.

Бұл кітаптың ерекшелігі – ой, өмір – Ұлдана Ерқасымдыкі, қағазға түсіріп, кітапқа айналдырған басқа адам, ол – Зарина Муслим. Осындай тандемнен дүниеге келген, автобиография деп көрсетілген кітап несімен қызық деген сұраққа Balbal.kz порталы жауап іздеп көрді. Мойнымыздағы ауыр жүкті жеңілдетіп, өз ой-пікірімен бөліскен Ұлдана Ерқасымға портал атынан алғыс айтамыз.

300 беттен тұратын жұмсақ мұқабадағы кітап қолға түсті. Жартысы қазақша, жартысы орысша жазылған кітап «мені тезірек оқып тасташы» деп итермелеп тұрады. Парақтары да аппақ,  қаріптері де үлкен. Жатып оқитын еріншектер мен қызылды-жасылды дүние болмаса, ойы сан-саққа жүгіріп кетіп, кітапты тастай салатын тынымсыздарға арнап жасалған дизайны ерекше кітап екен. Мұқабасындағы фотодан басында шошып қалуға болады. Бұл да бір психологиялық шабуыл болса керек. Басты «көзір» ол емес бірақ. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» деген атауында. «Мұнысы несі?» деген сұрақ маза бермейді.

Ұлдана Ерқасым: Бұл хайп емес. Мына кітап қаншама адамның еңбегі. Кішкентайда көбіміз «сені асырап алғанбыз», «қоқыстан тауып алғанбыз», «а» дегенде аузымызға түсіп қалғансың»  деген сөздерді естігенбіз. Шетелдік киноларда да кейіпкерлер «мен осы үйдің баласы емес шығармын» деп күдіктенетін. Мұндай кадрларды көріп алып одан сайын қиялданып кететінбіз. Мен осы сөздерді естіп өскенім өтірік емес. Анамның емес, әпкелерімнің тәрбиесін көріп өскенмін. Содан болар бұл сөзге кәдімгідей иланатынмын. 22 жылдық өмірімді, бар айтқан өтіріктерді жұртқа жария еткеннен кейін мен естіген басты өтірікті кітаптың атауын етсем, онда тұрған не бар?!

«Бісміллә» деп бірінші бөлімді оқи бастағаннан екі сағаттай уақыт өтті. Қазақша бөлігі қысқа ғана уақытта тәмам болды. Кітап автордың өзі айтқан мотивациялық емес екен. Бірақ негативке тұнып тұр деп те айтуға келмес. Тағдырдан алынған сюжет қиян-кескі деп айтсақ, өтірік болар. Бұл қыз шын мәнісінде ерте есейген. Еңбекпен тапқан нанның қаншалықты дәмді болатынын да ерте түсінген жан. Асқар тауынан айырылып, өкініштен бармағын тістеген әкесінің кішкентай ерке қызы. Жігіттің мігіттігіне көзі жетіп, зорлықтан әрең аман қалса да, шынайы махаббатқа деген сенімін жоғалтпаған 23 жастағы қыз. Ауыр-ауыр зат көтеріп, білегі қатайса да жүрегі нәзік болып қалған Ұлдана Ерқасым.

Ұлдана Ерқасым: Менің өмірім ерекше, не болмаса өте ақылдымын демеймін. Әркімнің өз тағдыры бар. Мен өмірімде көп рет өтірік айттым. Барлық өтіріктерім кітапта жазылған. Сол үшін өмірдің бар қиындығын менің жазам деп қабылдадым. Қабылдадым да үнсіз бәрін еңсердім. Жалғыз болып мыңмен алыспадым. Жалғыз болып жабырқадым. Жалғыз отырып жыладым. Жалғыз жүріп сауда жасадым. Жалғыз көтеріп жүк тасыдым. Бірақ мен жалғыз болмаппын. Алла Тағала үнемі жанымнан табылыпты. Осы кітаптың спонсоры да Алла Тағала. Мен адамдарға неше түрлі зиянсыз өтірік айтсам да, Алланың алдында арым таза болатын. Бірақ қайткенмен де адам сол өтіріктерден, бет-перде киіп жүруден жалығады екен. Мен бүкпесіз шындығымды айтқым келді. Ұзақ жылдар бойы артымнан ерген өсек-аяңдардың сап тиылғанын қаладым. Бұл кітап менің бостандығым. Бәріміз бет-перде киіп, өтірік күліп, өтірік жылап өмір сүретін заманда шындыққа орын бар. Демек менің кітабыма да орын бар деп түсіндім.

17 жасында алғашқы миллионын тапқан қыз ұзақ жылдар бойы саудамен айналысқан. Өзінің тауарын өзі көтеріп, өзі орналастырып, жүк көтергіш те болған. Кітап жазылу барысында психологпен жұмыс та жүргізіліпті. Бүгінде сауданы қойған Ұлдана Ерқасым dream trips компаниясының белді мүшесі. Шетел көремін деген қазақтың жастарын бастап, саяхат жасайды екен. Тіпті екінші кітабы саяхат жасаған елдердегі қызық оқиғаларға арналмақ. Кітап бестселлерге айналуы әбден мүмкін. Кітап оқығысы келмейтіндер осындай шым-шытырыққа қызығуы ғажап емес. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» баспадан жарық көретін кітапқа деген талаптың қандай жоғары болуы керектігін паш етті.

Ұлдана Ерқасым: Журфакты бітірген қызбын ғой. Алайда алғашқы кітабымның Зарина Муслимнің көмегімен шыққанына шын қуаныштымын. Бір күні өзім отырып кітап жазатыныма сенімім мол. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» оқырманға жол тартқан күні Қазақстаннан кетіп қаламын деген ой болды. Осы кітапты оқыған таныстарым, туыстарым, группаластарым, тіпті анам не дейді екен деген ой маза бермеді. Кітап жарыққа шыққан күні рауандап атқан таң өзгеше болатындай күй кештім. Бірақ ештеңе өзгермеді. Сол баяғы күн, сол баяғы Алматы, сол баяғы адамдар. Тек мен өзгерген сияқтымын. Батылдық символына айналады деген кітабым ең біріншіден маған еркіндік сыйлады. Құны 5880 теңге. Қымбат демеңіздерші. Бір KFC жегенше бір кітап оқыған мәндірек емес пе? Орайды пайдалана отырып, Зарина Муслимге алғыс айтқым келеді. Сіз маған Құдайдың өзі жіберген редакторсыз!

Автор сөздің энергетикасы жайлы көп айтады Өмірінде бірде-бір семинар, тренингке бармаған Ұлдана Ерқасым сөздің құдыреттілігінің арқасында бір өлімнен аман қалғанын ашық айтты. Суицид жайлы ойлар миын жаулап алғанда, ол «есіңді жи» деп өз-өзіне айтудан жалықпапты. Ол сөз деген ұғымның формуласын былайша шығарыпты.

С. Сабақ. Сабыр. Сый

Ө. Өмір. Өсу. Өрлеу.

З. Зор. Зәулім. Заңғар.

Бүгінде ол кез келген дүниенің қайырлысы болады деген сөзді өмірлік ұран еткен. Қаншама жылдар бойы айтылған өтірік болмаса, бұл кітап жарық көрмеуі неғайбыл.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close