Кітап

Бизнес туралы 30 жасқа дейін оқылуы тиіс 30 кітап

Пайдалы кітаптар топтамасы

Егер сіз өз уақытыңыз бен өміріңізді басқаруды үйреніп, басшылық қабілетіңізді шыңдағыңыз келсе, онда Balbal.kz топтастырған бизнес туралы мына кітаптарды міндетті түрде оқып шығыңыз.

  1. «So Good They Can’t Ignore You» (Армандауды қой, іске көш), Кэл Ньюпорт
    Барлық кітап «мақсатшыл бол, өз ісін сүйген адамға бақ қонады» деп ақыл-кеңес береді. Профессор Кэл Ньюпорттың алып-қосары бар: қолыңыздан келетін істің шебері атаныңыз. Құр армандаудан түк шықпайтынын біліңіз. Алайда арман-қиялдан бас тартпау қажет. Автор реалист болуға шақырады.
  2. «The Black Swan: The Impact of the Highly Improbable» (Қара аққу), Нассим Талеб
    Эксперттер мен бай-қуатты адамдардың аузынан шыққан болжамдарға қарапайым адамдар имандай сенеді. «Қара аққуда» инвестор мен философ Нассим Талеб 2007 жылы қаржы жүйесінің тас-талқан шыққанын мысалға келтіре отырып, ең сенімді болып көрінетін жүйелердің өзі әлсіз келетінін айтады.
  3. «Lean In: Women, Work, and the Will to Lead» (Іс-әрекетке көшуден қорықпа), Шерил Сэндберг
    «Іс-әрекетке көшуден қорықпа» кітабы әйелдер құқы тақырыбы қозғалған кезде сауатты пікірталас ұйымдастырғысы келетін оқырманға арналады. Өз өмірінен мысалдар келтіріп және әр түрлі зерттеулердің нәтижесін көрсете отырып Шерил Сэндберг қаншама іске қабілетті дарынды әйел карьера бақытынан білместікпен бас тартып жатқанын әңгімелейді.
  4. «The Power of Habit: Why We do What We do in Life and Business» (Дағдының күші), Чарлз Дахигг
    Бұл табысқа жеткісі келетін жалындаған жастарға арналған кітап.  Кітаптың авторы – The New York Times  газетінің журналисі. Чарлз батпаққа сүйрейтін жаман дағдылардан бас тартуға шақырады. Күн сайын алға қадам жасай отырып, табысқа жетуге үндейді.
  5. «Give and Take» (Аламыз ба, береміз бе?), Адам Грант
    Кез келген дүниеден пайда тапқымыз келеді де тұрады. Мұндайда эгоизмге салынамыз. Жеңіске жету үшін басып-жаншуға да дайын тұрамыз. Психолог Адам Грант мұндай әрекеттер бақыт әкелмейтінін айтады. Өзін ғана емес, тұтас қоғамның қамын жейтіндер орасан зор табысқа жеткен адамдар екенін автор зерттеулері арқылы дәлелдейді. Адам Грант уақытты тиімді басқара отырып, пайдалы болу құпиясымен бөліседі.
  6. «#Girlboss» (#Әйелбастық), София Аморузо
    Nasty Gal интернет-дүкенінің негізін салушы София Аморуза #Girlboss кітабында өз тәжірибесімен бөліседі. Еркекшора болып өскен қыз осы мінездің табысқа жетуіне көмектескенін айтады. Кітапта өмірде қолдануға болатын қарапайым кеңестер баршылық. Софияның кеңестеріне құлақ түре отырып, биік шыңды бағындыруыңызға тілектеспіз.
  7. «Think and Grow Rich» (Ойла да бай бол), Наполеон Хилл
    Наполеон Хилл XX ғасырда өмір сүрген өндіріс магнаты Эндрю Карнегимен достасып, қоян-қолтық араласып кеткен журналист. Карнеги досына байлыққа жету жолындағы құпияларын ашық айтып отырған. Наполеон болса, соның бәрін көңіліне тоқып, қалың кітапқа арқау еткен. Аталмыш кітап кедейліктен арылып, табысқа қол жеткізгісі келетін барша оқырманға арналады. Кітап 1937 жылы жарыққа шыққанымен әлі күнге дейін өзектілігін еш жоймаған. «Ойла да бай бол» туындысын оқып, байып кеткендер қаншама. Жұғысты болсын!
  8. «How to Win Friends and Influence People» (Достарды жаулап, адамдарға сөз өткізе білудің құпиялары), Дейл Карнеги
    Бұл кітап атақты инвестор және мультимиллиардер Уоррен Баффеттің ең сүйікті кітаптарының бірі. 1936 жылы жарық көрген кітап әлі де сұранысқа ие. Мұның құпиясы – ішінде айтылған мәселелер мен берілген кеңестердің маңыздылығы.
  9. «StrengthsFinder 2.0» (Дарындыларды анықтау 2.0), Том Рат
    Автор өз кемшілігіміз туралы ойлануға аз уақыт жұмсау идеясын кітабына арқау еткен. Мінез-құлқыңыз бен дағдыларыңызды саралай отырып кітап өз ісіңізді, өз салаңызды табуға, сол арқылы қоршаған ортаға пайдалы болуға көмектеседі.
  10. «Zero to One: Notes on Startups, or How to Build the Future» (Нөлден бірге дейін), Питер Тиль
    Бүгінгі таңда тез байыған, тез көтерілген жас кәсіпкерлер көп. Олар әп-сәтте Уолл-стриттің аңыздарына айналып үлгереді. Автор бүгінгі бизнес әлемінің ішкі сырларымен оқырманды таныстырады. Бұл кітаптың авторы табысты инвестор, миллиардер Питер Тиль.
  11. «Getting Things Done» (Шаруаларды қалай реттейміз?), Дэвид Аллен
    Үйде де, түзде де уақытын тиімді пайдаланғысы келетіндерге мына кітап таптырмас қазына. Автор күнделікті шаруаларды жоспарлай білуді үйретеді. Кітапта берілетін ақыл-кеңестердің бірі – «2 минут ережесі» деп аталады. 120 секундта реттеп тастауға болатын шаруа болса, кейінге қалдырмай, сол шаруаға дәл қазір кірісіңіз деген ой – 2 минуттық ереженің негізгі мазмұны.
  12. «Never Eat Alone» (Жалғыз басыңыз сопайып ас ішпеңіз), Кейт Феррацци
    Атақты нетворкер Кейт Ферраццидің табысқа жетуінің құпиясы – адамдармен тез тіл табысуы. Бұл біздің емес, Кейттің жеке пікірі. Себебі автор шағын қалада дүниеге келген. Әкесі де, шешесі де қара жұмысшылар болған. Табанды, талантты, тіл табысқыш Кейт адамдармен қарым-қатынасты бірінші орынға қоя отырып, адам сенгісіз табыстарға қол жеткізген. №1-ші нетворкер мың адамның телефон нөмірі жазылған блокнот ұстауды ұсынады. Олардың қатарында президенттердің, рок-жұлдыздардың, танымал кәсіпкерлердің де нөмірлері болуы шарт. Феррацци адамдармен байланыс қалай жасалатынын, олармен тез тіл табысып, достасып кету үшін не қажет екенін ашық айтады.
  13. «The Hard Thing About Hard Things: Building a Business When There Are No Easy Answers» (Оңай болады деп кім айтты?!), Бен Хоровиц
    Кедейліктен арылып, байлыққа жеткен кәсіпкерлердің оқиғалары шабыттандырмаса, мына кітап сізге арнайы жазылған екен. Себебі кітап авторы кәсіпкер Бен Хоровиц табыстың бірегей формуласы не рецептісі жоқ екенін айтады. Жетістікке жету үшін бір-ақ нәрсе қажет дейді, ол – қырағылық. Бизнеске не жағатынын, не жақпайтынын біліп отыру, қадағалап отыру, соған сай шешім қабылдай білу.
  14. «The 4-Hour Workweek: Escape 9-5, Live Anywhere, and Join the New Rich» (Бір аптада қалайша 4-ақ сағат жұмыс жасауға болады?), Тимоти Феррис
    Атауы осылайша айғайлап тұрғанымен кітапта автор күнделікті өмірде қажет болатын кеңестер береді. Ол жеке өмірде де, жұмыста да табысқа жетуге болатынын меңзейді. Феррис «қорқынышты қадағалау» техникасын қолдануға шақырады. Бұл техника бойынша адам өз қорқынышы неден туындағанын зерттеу керек.
  15. «Mindset: The New Psychology of Success» (Бейім бейсана), Кэрол Дуэк
    Стэнфорд университетінің психологы Кэрол Дуэк «Табыстың құпиясы – сенім» дейді. Автор зерттеулеріне сай, тума талант емес, қажырлы еңбек табысқа әкеледі. «Жасыңыз 20-дан асса» дейді автор «еңбек етсеңіз, қолыңыздан келмейтін іс, алмайтын шыңыңыз болмайды».
  16. «The power of introverts» (Интроверттер), Сьюзан Кейн
    Интроверт болу – карьерада жоғары жетістікке жете алмайсыз деген сөз емес. Интроверттерге қатысты түсініктерге қарсы шыққан автор кітабы арқылы интроверттер екінші сорт адамдары емес деген ой жеткізеді. Келіссөздер жүргізудің хас шебері Сьюзан Кейннің зерттеулері бойынша табысқа жету үшін тез тіл табысқыш пен аса пысық болу міндетті емес.
  17. «The Upside of Irrationality» (Болжамды иррационалдық), Дэн Ариели
    Бизнесте асығым алшысынан түссін десеңіз, адамның мінез-құлқын танып білуге құмартыңыз. Психология мен жүріс-тұрыс экономикасының профессоры Дэн Ариелидің мына кітабын оқи отырып, көп нәрсеге қанық боласыз. Мысалы, шұғыл шаруаны кейінге шегеру, зат сатып алу бойынша тез шешім қабылдау іс-әрекеттерін түсіндіретін ғылыми зерттеулер нәтижесін автор оқырман назарына ұсынады.
  18. «The 7Habits of Highly Effective People» (Жасампаз жандардың жеті дағдысы), Стивен Кови
    1989 жылы жарыққа шыққан бұл кітап бизнес әдебиетінің классикасына айналып үлгерген. Саясаткерді де, кәсіпкерді де елең еткізетін Ковидің кітабы мақсатқа жетуге шабыттандырып, мүмкіндер аясын кеңейтеді. Әр тарауда айтылған әрбір дағды білікті басшыға айналуға көмектесе алады.
  19. «Liar’s Poker» (Суайттардың покері), Майкл Льюис
    Майкл Льюис аталмыш кітабында 1980-ші жылдардағы қаржылық аудан Уолл-стрит жайлы ашық әңгіме айтады. Негізі Льюистің өзі колледжді бітірісімен  Salomon Brothers деген мықты инвестициялық компанияға жұмысқа тұрады. Онда ол сынақ мерзімінен өтушіден бастап, облигация сатушысына дейінгі жолды өткереді. Кітап документалистика  жанрында жазылғанымен, роман сияқты жеңіл оқылады. Себебі автор қызылды-жасылды сауда бөлмесін оқырманның көз алдына келтіре отырып, ондағы кейіпкерлерді сипаттап береді.
  20. «How Will You Measure Your Life?» (Өмір стратегиясы), Клейтон Кристенсен
    Гарвардтың бизнес мектебінде бірге оқыған курстарымен кездесу кезінде автордың алған әсері кітаптың тууына арқау болған. 1979 жылы оқу бітірген курстарының үміті өшкен, өңдері қашқан. Бірі отбасылық мәселелердің шырмауынан шыға алмаса, енді бірі 2006 жылы 292 айға сотталған Enron компаниясының бұрынғы басшысы Джеффри Скиллинг сияқты кәсіби тұрғыдан сәтсіздікке ұрынған. Кітапта автор табысқа кім жететінін, кім бәрінен айырылатынын зерттеген.
  21. «The Intelligent Investor: The Definitive Book On Value Investing» (Саналы инвестор), Бенджамин Грэм
    «Саналы инвесторды» өз өмірлерін түбегейлі өзгерткен кітап ретінде танитын Уолл-стриттік қаржыгерлер көп. Бұл қаржы индустриясында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ғана емес, өз қаражатын ұзақ мерзімді мақсатта тиімді игергісі келетіндерге таптырмайтын кітап.
  22. «Crossing the Unknown Sea» (Белгісіз мұхитты кешіп өту), Дэвид Уайт
    Бұл кітаптың ерекшелігі – адамның жұмыс орнына назар аудармауы. Автордың пайымдауынша жұмыс ең жоғары ұпай жинап жеңіп шығатын квест ойыны емес. Жұмыс адамды адамзатпен жақындастыратын байланыс орны дейді Уайт.
  23. «Steve Jobs» (Стив Джобс), Уолтер Айзексон
    Айзексон жазған биографияны оқи отырып Джобстың феноменін түсінуге болады. Автор Джобс тұлғасының екі қасиетіне назар аудартады: біріншісі алысты болжай алатын бизнесменнің сарқылмас шабыты мен өзгені шабыттандыра алу ғажабы, екіншісі қарым-қатынасқа келгенде мінезінің ауырлығы. Өз компаниясынан қуылса да сағы сынбаған, арада бірнеше жыл өткен соң қайта оралып, әлемді бағындырған Стив Джобс туралы көбірек білгіңіз келсе, кітап оқырманға қызмет етуге даяр. Биография сәтсіздіктер жасампаз жанды тек шабыттандыра түсетінін ұқтырады.
  24. «Choose Yourself» (Өзіңді таңда), Джеймс Альтушер
    Джеймс Альтушер — хедж-фонд-менеджер, кәсіпкер, подкастер және бестселлер кітаптардың авторы. Бұл кітап адам өзі таңдап алған мамандығының, кәсібінің білікті маманы атану қажеттілігін сөз етеді. Өз ісін мықты білетін қарапайым маман яғни біреуге жұмыс жасайтын жалдамалы қызметкер де бизнесмен сияқты аса маңызды адам дейді.  Сонымен қатар Альтушер армандаудан бас тартпауға шақырады.
  25. «Creativity, Inc. Overcoming the Unseen Forces that Stand in the Way of True Inspiration» (Данышпандар корпорациясы), Эд Кэтмелл
    Кәсіби тұрғыда өсем деп жүргенде көп адам таза шығармашылықтан алыстап кетеді. Pixar анимациялық студиясының негізін қалаушыларының бірі Кэтмелл кез келген адам жасампаз бола алатынын айтады. Алайда небір бөгеттер мен тыйымдар оларды арманнан бас тартуға итермелейді. Жазушылар мен музыканттарға шығармашылық тұрғыдан ойлау қаншалықты қажет болса, банкир мен программистер үшін де шығармашылық жұмыс маңызды екендігі сөз етіледі.
  26. «Act like a leader, think like a leader» (Басшыдай әрекет ет, басшыдай ойлан), Эрминия Ибарра
    Енді ғана карьера жасап жатқан кезде басшылық рөлді айқындап алу мақсат. Бизнес-профессор және басшылық бойынша эксперт Эрминия Ибарра арқаны кеңге жаюдан бастап, жаңа идеяларды ойлап табуға дейін ақыл айтады. Автордың философиясы мынандай: табысты басшылықтың рецептісі жоқ, ең жақсы тактика дегеніміз – сізге жұмыс жасайтын амал.
  27. «Het beslissende moment»  (Күрделі сәт), Малкольм Гладуэлл
    Журналист және поп-әлеуметтанушы Малкольм Гладуэлл әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін оқырманға ұсына отырып, ақпараттың қалайша тез таралатынын түсіндіреді. 2002 жылы жарияланған кітап бүгінде адамзат неге жаңалықпен, идеялармен бөлісетінін, кейбір ақпарат пен әңгіме тез және ауқымды таралып кететіндігін айтады.
  28. «Flow. The psychology of optimal experience» (Ағым), Михай Чиксентмихайи
    Бәріміз бақытты болғымыз келеді. Бақытты болудың кеңестерін күнде естиміз. Бірақ көбіміз шын мәнісінде бақыт не екенін, бізден не талап ететініне бас қатырмаймыз.
    Америкалық психолог Михай Чиксентмихайи табиғатты зерттей отыра, бақыт деген өзіңді, өз сезіміңді басқару деген қорытындыға келеді. Күнделікті күйбең тіршілікте ұсақ-түйек нәрсеге қуана білуді бақыт дейді.
  29. «The Power Broker» (Брокердің күші), Роберт Каро
    Табысты адамдардың қалай ойлайтынынан, қалай іс-әрекет ететінен бейхабар болу бізді әлсіз етеді дейді автор. Нью-Йорк қаласының негізін қалаушы Роберт Мозестің биографиясын оқи отырып, макиавеллиандық интеллект қалай жұмыс істейтінінен хабардар боласыз.
  30. «The Fire Starter Sessions» (Лаулат!), Даниэлла Лапорт
    «Лаулат!» дегеніміз — эсселердің жинағы. Бизнес-стратег және PR-маман Даниэлла Лапорт табысқа жету үшін өз «меніңнен» айнып, біреуге ұқсаудың қажеті жоқтығын айтады.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!