Біліп жүр

Шабытты оятатын фильм. ТОП-5

Шабытты оятатын фильм іздесеңіз, мінеки!

Шабытты оятатын фильм қарау арқылы кейде адам мазалаған сұрағына жауап алып, жанын жегідей жеген мәселені ойша шешіп, жаны жай табады. Көңіл-күй түсіп, адамның зауқы ешнәрсеге болмаған жағдайда да шабытты оятатын фильм көмекке келеді. Balbal.kz сайты оқырмандары үшін сондай кинолардың бестігін дайындап, назарға ұсынады.

5 фильмнің кейіпкерлеріне айналған жандардың оқиғалары сізге орын алған жағдайларға қарамастан үнжұрғаңызды түсірмей, алға жылжуға шабыттандырады деген үміттеміз. Әр адамның талғамы әртүрлі екендігін ескере отырып, қызықтырған киноны таңдауды өз құзырыңызға қалдырамыз.

Сезон чудес кино
Сезон чудес @ivi.ru

Таңжағайыптар маусымы (орысшасы «Сезон Чудес»)

Волейбол командасының көшбасшысы Кэролайн есімді бойжеткен кенеттен қайтыс болады. Бұл жаңа спорт маусымының басы болатын. Құрбыларының қазасына қайғырған қыздар еңселерін тіктей алмай қалады. Алға қойған мақсаттарынан өмірге айналдыруға жігерлері жетпейді. Алайда жандарында жүрген, көптің көзіне ешқашан түсе қоймаған Келли деген қыздың ерік-жігері, жалыны өзгелерден ерекше болып шығады. Ол қалай да спорт маусымында команданы жеңіске жеткізуді қолға алады. Мұнысы қолынан келе ме, жігері жасыған қыздарды Келли шабыттандыра ала ма? Көріңіз!

Побег из Шоушенка
Побег из Шоушенка @kinopoisk.ru

Шоушенк қашқыны (орысшасы «Побег из Шоушенка»)

Стивен Кингтің повесі желісімен түсірілген фильм. Энди Дюфрейн деген жігіт ешкімге залал келтірмесе де кінәлі болып танылып, абақтыға жабылады. Түрмеге қамалған абзал азамат еркіндіктегі ертеңгі күнді армандауды қоймайды. Актерлік құрам көрерменді қуанта түсетіні анық. Алайда оқиғаның өрбуі, Эндидің табандылығы мен түрме өмірінің заңдылықтары сізді одан сайын қызықтыра түседі. Бұл сапалы түсірілген кинокартинаны міндетті түрде көріңіз. Кітабын оқып шықсаңыз да болады.

Солдат Джейн
Солдат Джейн @smartfacts.ru

Джейн есімді әскери әйел (орысшасы «Солдат Джейн»)

Бұл әскери құрылымға өз еркімен барып, әскери адам атануды қалаған қыздың оқиғасы. Нәзік жандыны кіл еркектер жақтыра қоймасы анық. Дегенмен соған бола мақсатынан айнитын Джейн жоқ. Бір әйелдің бүкіл жүйеге қарсы тұруы, сол жолда сағы сынып кетпеуі назар аударарлық сюжет желісі.

Прогулка кино
Филипп Пети @livejournal.com

Серуен (орысшасы «Прогулка»)

Керілген арқанның үстімен жүретін француздық Филипп Пети туралы оқиға киноның арқауына айналған. Филипп Нью-Йорктағы Егіздер мұнарасының арасында керілген арқанның үстімен жүріп өтуді армандайды. Ал бұл дегеніміз 400 метр биіктік. Орсан зор қауіп. Пети бұл биіктікті ешқандай көмексіз, өз өмірін сақтандырмай бағындырмақшы. Ойы іске аса ма?

Со дна вершины
Со дна вершины @culture.ru

Биіктіктің түбінен (орысшасы «Со дна вершины»)

Жасы 17-ге толған Алексей Царев тау шаңғысы спорт түрінде біраз жетістікке жеткен, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы еді. Ойда жоқта екі аяғынан айырылған Алексей басында тағдырына ренжіп, қайғы шегеді. Содан соң еңсесін тіктеп, жеңіске ұмтылады. Бұл Алексей Мошкин есімді шаңғышының өмірде болған оқиғасы желісінде түсірілген шынайы кино екендігін еске саламыз.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!