Біліп жүр
Батыр Жүкембаев: Геннадий шыққан шыңнан асып түскім келеді
Бірінші жартылай орта салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшы
Бірінші жартылай орта салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшымыз Батыр Жүкембаев келешек жоспарымен бөлісіп, әлемдік және қазақстандық кәсіпқой бокстың жай-күйі жайлы пікірін ортаға салды.
— Ең алдымен мені қолдаған қазақстандық жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Соңғы қарсыласым Патрисио Мореномен (20-2, 14 КО) айқасу мен үшін оңайға соққан жоқ. Жетінші раундта намысқа тырысып нокаутпен жеңіске жеттім. Ендігі мақсатым АҚШ елінде жекпе-жек өткізу, — деп бастады әңгімесін спортшы.
Қазір Канада елінде жаттығып, сол елде жұдырықтасып жүрген боксшы жергілікті жанкүйерлер арасында танымал бола бастаған. Өз дивзионында әлемдегі үздік 30 боксшының арасына кіріп тұрған ол осы қарқыннан таймаса, титулдық жекпе-жектер өткізетін күні де алыс емес. Тіпті, ESPN телеарнасының журналисті Стефан Эспиноза Батырды «Головкиннің ізбасары» деп атаған еді.
— Келесі жекпе-жегім жыл аяғында немесе келер жылдың басында өтеді. Мені Головкинмен салыстырып, оның ізбасары деп атағаны әрине қуантады. Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек кешінде болдым. Барлығы ұнады. Енді Геннадий шыққан шыңнан асып түскім келеді. Әрине, менің өз стилім және өз жолым бар. Тарихта қазақ боксының жаңаша үлгісін көрсеткен чемпион ретінде қалсам деймін. Басты мақсат осы. Сонымен қатар Қазақстанда жекпе-жек өткізсем деген үлкен арманым бар. Қазақстандық кәсіпқой боксшылар жақын уақытта әлемді жаулайды. Көздеген нысанамыз да айқын. Қолдан жасалған, жарнамасы жер жарған «батырлардың» заманы өтті. Енді қазақтың нағыз батырларының ел намысын ту ететін уақыты келді, — деді Батыр Жүкембаев сөз соңында.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Батыр Жүкембаев (14-0, 12КО) IBO International және WBC Continental Americas белбеулерінің иегері. Соңғы рет ол 6 қазан күні Канаданың Квебек қаласында мексикалық боксшы Патрисио Мореноны (20-2, 14 КО) жетінші раундта нокаутпен ұтқан болатын. Осылайша отандасымыз кәсіпқой рингтегі 14-ші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 12-ші нокаутын тіркеді.