Кітап

Сенімді 30 күн – жеңімпаздарға арналған күнделік

Сенімді болуды үйрететін күнделік

Мотивациялық күнделіктер қатары Нұрбақыт Төрехановтың «Сенімді 30 күнімен» толықты. «Сенім әрқашан сені жеңіске жеткізеді» дегенді ұран еткен күнделік жұп-жұқа. Күнделікке қатысты қалың ойларын Нұрбақыт Төреханов Balbal.kz-ке айтып берді.

Ескерту! Материал жазу барысында Жазира Байдалы күнделікті толтыруды бастады.

Нұрбақыт Төреханов:

Сенімді 30 күн @Yernar Almabek

Бастысы сенімділік

Жетістікке жету үшін не керек? Міне, осы сұрақты өзіме сансыз рет қойдым. Жетістікке жеткен және сәтсіздікке ұшырағандардың сөзін тыңдап, ойын бақтым. Сөйтсем жетістікке жететіндер сенеді екен. Алдымен Жаратқанға сенеді. Кейін өзінің қолынан келетініне сенеді. Онымен қоймай жасап жатқан тірлігінің адамзатқа пайдалы екеніне сенеді. Сосын адам баласына сенеді. Осы 4 түрлі сенім – қанат бітіп, алға ұмтылуға себеп.

Мен сенім бар жерде жеңіс болатынын түсіндім. Сондықтан жетістікке жеткісі келетіндерге арнап күнделік шығардым. Адамның бойында ең алдымен сенім ұялауы керек екен. Сенімге селкеу түспесе, жүйе мен тәртіптің көмектесетін кезі келеді. Менің күнделігім – өмірге жүйе мен тәртіп енгізудің бір амалы. Оны әдейі қалың әрі ақпаратқа бай қылмадым. Күнделікті қолға адамның 30 күн бойы 4-ақ сұраққа жауап бергенін қаладым.

Сіз Құдайға сенесіз бе? Өзіңізді бар болмысыңызбен жақсы көресіз бе? Жұмысыңызды шын жүректен жасайсыз ба? Адамзатты бауырыңыздай сүйесіз бе?

Cенімді 30 күн @Yernar Almabek

4 ресурс

Сенім жоқ жерде қорқыныш-үрейге бастайтын күмән бар. Ал күмән қайдан пайда болады? Төртеу түгел болмаса, күмән туындайды.

Төртеу дегеніміз – рухани білім, деннің саулығы, айнала, ақша.

Егер осы төрттіктің біреуі сізде кемшін болса, сіз күмәнданасыз да қорқыныштың құрсауынан шыға алмайсыз. Адам алдымен рухын көтеруі тиіс. Сосын денсаулығына мән бергені шарт. Содан соң ғана айналаға көз тастап, ақша табуға кірісуі керек. Ең оңайы, меніңше, ақша табу. Ең қиыны – Құдайды және өзіңнің оның құлы екеніңді мойындау. «Сенімді 30 күн» күнделігін алған адам күн сайын осы 4 ресурсқа мән беруі міндет. Басқа толтыратын жол, берілетін тапсырма жоқ.

Күнделігіңді көрсетпе

Мотивациялық күнделікті мақтану үшін алмаңыз. Біреу үстіңізден қарап тұрғандай өтірік толтыра салмаңыз.

Өз-өзіңізбен жұмыс істеуге дайын емесіңізді білсеңіз, күнделікті бастамаңыз. Уақыты келгенде күнделікті қолға аларсыз. Бірақ бүгін, бәлкім, биыл емес. Себебі сізге 30 күн бойы тәкаппарлықты, бойкүйездікті, жалқаулықты жеңу қажет. 30 күннен кейін де бұл шайқас жалғаса беруі тиіс.

Сенімді 30 күн @Yernar Almabek

Приоритет қою керек

Тайм-менеджмент деген технология бар. Уақытты басқару өнеріне ден қойғандар қазір көп. Бірақ мен уақытты жоспарлап әлек болмаймын. Маған приоритет қою жеткілікті.

Приоритет қою дегеніміз – маңыздыны маңызды еместен ажырата білу.

Адам мақсатқа жету жолында қай әрекет жасауы, ал қандай тірлікке кіріспеуі керек екенін білсе, уақыты мен жүйкесін сақтар еді. Мысалы, адам күніне 7-8 шаруаны бітіре алады. Бірақ қатты шаршауы мүмкін. Бірден білек сыбана жұмысқа кіріскен адам азып-тозып, мотивациядан айырылуы мүмкін. Мен 4 ресурсқа сай 4-ақ әрекет жасауды ұсындым. Ал 10 күн сайын осы әрекеттерге шолу жасап, ойлануға кеңес бердім. Адамның күйбең тіршілікте кілт тоқтап, артқа көз тастап, енді не істейтінін ойланатын уақыты болуы керек деп санаймын. Приоритет қойып үйрену үшін АӘБВГ қағидасын қолдануға болады.

Сенімді 30 күн
«Сенімді 30 күн» күнделігі @Yernar Almabek

АӘБВГ қағидасы

Жоспарлаған жұмысыңызды маңыздылығына орай А, Ә, Б, В, Г әріптерімен белгілеңіз.

  • А дегеніміз – аса маңызды іс.
  • Ә дегеніміз – мүмкіндігінше орындалуы керек іс.
  • Б дегеніміз – онша маңызды емес іс.
  • В дегеніміз – біреуге тапсыруға болатын іс.
  • Г дегеніміз – орындамай-ақ қоюға болатын іс.

«Ғажайып тек оған сенген кезде ғана болады»

Француз философы Дени Дидро

Күнделікті парақтаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!