Психология
Арт-терапияның пайдалы тұстары
Адам ашуға берілгенде сабыр сақтаудың жолын іздеп әлек болады. Бірі музыканың дауысын қатты қойып, үй жинайды. Енді бірі, психологтың көмегіне жүгінеді. Балбал порталы адам жанын тыныштандырудың қолжетімді әрі тиімді нұсқасын ұсынады.
Сурет салу
Бүгінде мұны арт-терапия деп атап жүр. Бұл сөз латын тілінен аударғанда өнер мен емнің қосындысын білдіреді. Бұл методика адам эмоциясын ретке келтіретін ежелгі тәсіл болып саналады. Бір тиімдісі, бұл терапиямен мамандардың көмегінсіз-ақ емделуге болады. Бұл бойыңыздағы ауыртпашылықтан арылып, жеңілдеуіңізге көмектеседі.
Әлемнің түпкір-түпкірінде арт-терапияның түр-түрі бар. Бір жақсысы, еш шектеу жоқ. Психотерапияның барлық бағытымен астасып жатады. Арт-терапия адамның жан дүниесін қағазға түсірудің бір жолы.
Арт-терапияның түрлері
Арт-терапияның классикалық түрлері жайлы айтар болсақ, ол кескіндеу, графика, сурет салу, фотографияны қамтиды. Ал бүгінгі арт-терапияның ауқымы кең. Оған библиотерапия, маскотерапия, ертегі терапиясы, оригами, драма терапиясы, музыка терапиясы, түсті терапия, бейне терапия, құмды терапия, ойын терапиясы жатады.
Арт-терапияға қашан жүгінеміз?
Біз сурет алу ауқымды мәселер аумағында көп көмектеседі. Бұл психологиялық жарақаттар, шығындар, дағдарыс жағдайлары, ішкі және тұлғааралық қақтығыстар, стресс, жасқа байланысты дағдарыстар болуы мүмкін. Арт-терапия адамның ойлау қабілетін жақсартып, тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.
Ересектермен жұмыс жасағанда да, жасөспірімдермен және балалармен жұмыс кезінде де арт-терапияның жоғары тиімділігін атап өту керек. Бұл адамның ішкі күштерін ашуға мүмкіндік береді. Арт-терапия өзін-өзі бағалауға ықпал етеді; жағымсыз эмоциялар мен ойлардан арылуға үйретеді; топтық жұмыста адамның маңызды әлеуметтік дағдыларын дамытады.
Simple Art студиясы
Алматы қаласында 2012 жылдан бері Simple Art студиясы да осы мүдде жолында қызмет етіп келеді. Негізін салушы Дана Әзизханова бастапқыда студияны өзінің жан рахаты үшін ашқан. Бүгінде қайырымдылықпен айналысып, онкологиялық ауруханаларда жатқан балаларға сурет салуға, өнермен айналысуға жағдай жасап жүрген жан. Бүгінде бастаған ісін дөңгелетіп, жүргізіп отыр. «Адам тәуекелге баруы керек және өзі айналысатын істі шын жақсы көруі қажет. Егер бастаған кәсібіңіз 3 жыл бойы жұмыс істесе, ары қарай да құлдырамайды, — дейді Simple Art директоры.
«Арт-терапия кезінде адам өзінің ойын бір жерге жұмылдырып, сол ісіне аударса, нәтижесі де соған сай әдемі болады. Өзіңіз қолыңыздан шығатын туындыны жасарда негативтің барлығын ойдан шығарып, бар назарды жұмысқа салуыңыз керек. Бір жағынан армандауға, арманыңызға қадам жасайсыз әрі өнімді жұмыс істейсіз. Сіз сурет салып отырып ренішіңізді төгетін болсаңыз, ол суретте реніш қалып қояды. Үйіңізге апарып ілген кезде де сол энергияны таратады», — дейді Дана Әзизханова.
Simple Art студиясында бүгінде ересектер мен балаларға шығармашылықпен айналысуға толық жағдай жасалған. Оның ішінде сурет салу, скетчинг, Fashion Illustration, саз балшық керемикасы, киімге сурет салу, beauty портрет, акварельмен жұмыс, майлы бояумен сурет салу т.б. бар.
2012 жылдан бері аталған студияда 10 мыңға жуық адам сурет салуды үйренген. Студия директорының айтуынша, жастар сурет салып үйленуге ұсыныс та жасайды. Мереке қарсаңында өзі салған суретті сыйлайтындардың да қарасы қалың.
Айгерім ТАУБАЙ