Миллионер

Бизнес ханшайымына айналуға көмектесетін Х факторлар

Инстаграмда 80 000-ға жуық жазылушысы бар Жұлдыз Ақболат есімді арудың шулы шоу-бизнеске еш қатысы жоқ. Қайырсыз хайптан да хабарсыз-ау. Орамал таққан сұлу жайлы бір білетініміз – бір басында үш түрлі бизнестің бар екендігі.

  • Бірінші бизнесі – дизайнерлік киім @saulem_kz
  • Екінші бизнесі – онлайн марафондар @instalady.club
  • Үшінші бизнесі – «Sabyrzhan Ayrin» брендімен серіктестік

Жұлдыз Ақболат бар білгенімен Balbal.kz порталымен бөлісуді жөн санапты. Бизнестің ханшайымына айналуға көмектесетін Х факторларға ол кайдзенді, ниетті және нәзіктікті жатқызды.


Кайдзенше бизнесті дұрыс бастау деген не?

Бәріміз банкрот дегенді бастан кешірдік. Мен бизнесте жүрген бикештерді айтамын. Сол банкротқа апарар жол қалай басталады? Бизнес бастаймын деп жүргендер түсінде 3-4 миллионға қол жеткізуді армандайды. Шытырлаған ақшаға тауар сатып алып, соны сәтті сатамын деп қиялдайды. Осы бір тәтті түсін өңге айналдырып, опық жегендер қаншама. Мысалы, біреу 3 миллионға тауар алып, 300 000 теңгеге бутик жалдап, бісміллә деп дүкеніне шашу шашқызады. Бәрі дайын, бәрі бар. Жетіспейтіні – клиент қана. Ал отырады кеп сатып алушыны күтіп. Ол болса бірде бар, бірде мүлде жоқ. Аталмыш ойлау жүйесімен бизнес ашқандардың 90%-ы, меніңше, банкротқа ұшырайды. Өз басымнан да осындай жағдай өткен болатын. Ал, қазір қандай да бір іс бастарда кайдзен жүйесін негізге аламын. Өздеріңіз білетіндей, кайдзен дегеніміз көп қаражат шашпай-ақ қолда бармен ақырын-ақырын аяңдап жетістікке/мақсатқа жету пәлсапасы. Өз ательемді мысалға алайын. Банкротқа ұшырап опық жеген мен «Сәулемді» ашарда екі тігін машинасын алдым. Алғашқы клиентім инстаграмнан келді. Оған 15 000 теңгеге көйлек тігіп бердім. 5000-ы матаға кетті. 10000-ы қалтамда қалды. Сатып алушы көйлектің сапасы мен әдемілігіне тәнті болды. Сол көйлекті фотоға түсіріп алдым да инстаграмға жарияладым. Салған бетте «Маған да осындай көйлек керек» деп 2-3 адам хат жазды. Сөйтіп бір клиентім 3 клиентке айналды. Мен ол кезде бірден қуанып, жүгіріп барып ателье ашпадым. Үйде орындалған тапсырыстарды фотоға түсіріп, соларды инстаграмға салып қана отырдым. Уақыт өте келе тапсырыс берушілердің саны көбейе берді. Бір айдың ішінде 8-9 көйлек тігетін болдым. Әрқайсысынан 10 000 теңгеден пайда көрдім. Демек 1 айда тігін машинасының ақшасын шығарып алдым. Екінші айда да жалға орын алмадым. Үш ай бойы үнсіз ғана үйде отырып, тапсырыстарды орындап жүрдім. Үш айдан кейін бұл жүйемен жұмыс жасау мүмкін болмай кетті. Тапсырыстар көбейді, үйдің шаруасы қабаттасты. Орынды жалға алатындай қалтамда артық ақша бар. Міне, сол кезде ИП (ЖК-ред.) ашып, ательенің тұсауын кестім. Осының бәрін жасауға көп адамның шыдамы жетпейді. Бәрі бірден бутигі бар бизнесвуменге айналғысы келеді. Қайталап айтайын, кайдзенше ақырын жүріп анық басқанда ғана еңбек далаға кетпейді.

Бизнес идеяға ниеттің қатысы қанша?

Тігінге келмес бұрын мен көп нәрсемен айналыстым. Сәтсіздікке ұшырадым. Неге? Бар ойым ақша табу еді. Гәптің бәрі ниетте болып шықты. Бүгінгі таңда мен қолымнан келетін, өзім сүйетін, өзгені қуантатын, маған қаржылай дербестілік әкелетін тігіншілікпен айналысып отырмын.

Күйеуге шыққан бетте орамал тақтым. Мен қысқа көйлек тікпеймін. Ең құрығанда тізеден төмен болуы – талабым. Орамал таққан аруларды сәнді киіндіру, сонымен қатар ашық-шашық киінбей-ақ әдемі көрінуге болатынын көрсету менің осы ательені ашудағы ниет-мақсатым болды. Жаратқан ием ниетіме қарай берді.

Менің бизнесіме қызығып, ателье ашқысы келетіндер біршама. Өздерінен сұрасаң, «бизнес ашқым келеді, бірақ не ашарымды білмеймін» деп жатады. Өзінің не қалайтынын білмеген адамға «ашпай-ақ қой» деп кеңес бергім келеді. Біреудің жеткен жетістігіне қызып, соны қайталауға құмарту да дұрыс емес. Менің неге ательем бар? Себебі, мен тіге аламын. Содан кейін көйлектің дизайнын да өзім жасаймын. Қазір сол дайын дизайн бойынша тігіншім тігеді. Тігіншім ауырып қалса, өзім қиналмай тапсырысты орындай аламын. Ал, өмірінде ине ұстап көрмеген қыз-келіншектер бұл саланы сүймейтіндері рас. Сүймеген іспен шұғылданып, табысқа жетемін деп ойлау қате. Екіншіден, мен тігіншілерді оқытамын. Инстаграмда онлайн курсым бар.

Жапондарда икигай деген түсінік қалыптасқан. Мамандық таңдарда да, кәсіппен айналысарда да икигайға жүгінуге кеңес беремін. Сіз таңдаған сала 4 категорияға сай келуі тиіс. Біріншісі – ол істі жақсы көруіңіз қажет. Екіншіден ол іспен шұғылдану қолыңыздан келуі міндет. Үшіншіден, қалтаңызды қампайтуы тиіс. Төртіншіден, қоғамға пайдалы болуы шарт. Төртеуі түгел болса ғана сіз икигайыңызды таптыңыз деген жөн. Ал, егер қолыңыздан келіп тұрып, ақша алып келмесе, қалай өмір сүресіз? Қомақты қаржы түссе де, жаныңыз рахат таппаса несі жақсы? Сіз таңдаған сала, кәсіп түрі осы төрт категорияға сай келсе, сіз жетістікке жетесіз әрі мәндірек өмір сүресіз. Тіпті зерттеулердің нәтижесіне сенсек, ұзағырақ өмір сүреді екенсіз.

Темір қатын болмаңыз!

Бала туып, декретте демалып отырған нәзік жандының екінші тынысы ашылатын сияқты. Себебі өз басым дәл декрет уақытында бизнеспен айналыса бастадым. Әр нәрсенің басын шолыппын. Тіпті қазір айналысқан шаруалардың толық тізімін еске түсіре алмай отырмын. Киім саттым, косметика да саттым, бет әрледім. Бәрін үйде отырып жасадым, бірнеше істі қатар алып жүрген кездерім болды. Бірақ ақыр аяғында шаршап қалдым. Ұстазым Қуаныш Шонбайдың ақыл-кеңесіне жүгіне отырып, нақты бір шаруамен айналысуды жөн санадым. Мысалы, біздің ательеден сіз тек көйлекке ғана тапсырыс бере аласыз. Қанша сұрасаңыз да шалбар не болмаса белдемше тігіп бермейміз. Тек ұзын көйлекті сапалы әрі әдемі етіп тігіп, қолжетімді бағада сатып, халықтың көзайымына айналмақпыз. Осы жылдардың легінде ер-азаматы көп бизнес әлемде әйел адамға тұрақтап қалу үшін костюм-шалбар киген пысық, жанары өткір, даусы екпінді, мінезі ауыр болуы керек деген ойлардан арылдым. Ер адам қолданған әдіс-амалды, технологияны әйел де айнытпай көшірсе жеткілікті дегеннің бұрыс екенін ұқтым. Бизнес әлемінде де нәзік жанды нәзіктілігінен айырылмауы мақсат екен. Керісінше, бойындағы нәзіктік, іс-қимылындағы ұқыптылық оның жақсылығын асыра түседі. Мен бизнеске сол кішігірім әлемді жаулау үшін емес, бала-шағамның болашағын жарқын етіп, күйеуіме демеу болайын деп келдім.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Бір пікір

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!