Салауат

Мади Алдабергенов. Тән жарасын оймен емдеу

Мади Алдабергенов - дәрігер-невролог

Мади Алдабергенов адам бойында кездесетін аурулардың барлығы адамның есінде қалып қалған, оған қатты әсер еткен оқиғалармен тікелей байланысты екендігін алға тартады. Адамның миында тек қана өзіне қатысты ақпараттар ғана емес, туған ата-анасының басынан өткізген оқиғалары да сақталады. Ең қызығы, өмірімізге әсер ететін, алайда есімізде жоқ миымыздағы жасырын ойлар ананың құрсағында бітпей жатып яки 9 ай бұрын пайда болады екен. Оны медициналық тілмен «биопсихология» деп атайды. Бізді таң қалдырған, тығырыққа тіреген, көз жасымызды көлдеткен, көңілге қаяу түсірген әр түрлі мыңдаған оқиғалардың адам тағдырына, денсаулығына қалайша әсер етеді деген сұрақтың туындауы орынды. Ал оның жауабы мынандай…

Алдабергенов Мади Қалсерікұлы:

Мади Алдабергенов
Алдабергенов Мади Қалсерікұлы дәрігер-невролог  Instagram: @madi20.76 Хабарласу үшін: 8 701 557 3812

Егер ауруға тіл бітер болса

Биопсихология – жасырын эмоцияны, психологиялық жарақатты туындатқан ойды анықтауға және сол ой қандай мәселенің көлеңкесі екенін түсінуге көмек беретін ғылым. Яғни кез келген аурудың артында жасырылған эмоционалды жарақат тұрады. Біз кейде өмірімізде болып жатқан келеңсіздіктерді тағдырға балаймыз. Ал оның негізгі себебі қабылдамаған жағдайларға байланысты екенін түсіне бермейміз. Өйткені бейсанамыздағы шешімі табылмаған оқиғалар біздің өмірімізге «тағдыр» түрінде оралады. Бойымызды ауру билейтіні де осыдан.

Көп аурудың себебі жадымызда сақталған ойлардан болатынын мен өз тәжірибемде көп кездестірдім. Себебін анықтап, белгілі бір ем-шаралар қолданғаннан кейін ауруынан құлан таза айыққандар баршылық. Бір ғана мысал келтірейін.

Бір күні қабылдауыма ауруы асқынған әйел кісі келді. Көз алдыңызға иығы сіресіп қалғаннан қолына қасық ұстап, тамақтануға дәрмені жоқ әйелді елестетіңізші. Сұрастыра келе оның осылайша шілдеден бері жұртқа масыл болып, қиналып жүргенін анықтадым. Мұндай аурудың еш себепсіз кенеттен пайда болуы мүмкін емес еді. Сондықтан пациентіме шілде айына дейін не істеді, не қылды, бәрін тәптіштеп сұрай бердім. Ол айтарлықтай ештеңе болмағандығын алға тарта берді. Мен де қадалған жерімнен қан алмай оны жібермейтінін меңзедім. Сұрақтан туындаған сұрақтарға жауап бере отырып ол «той жасадық» дегенді байқамай айтып қалды.  Сөйтсе маусым айында кіші інісінің баласы үйленіпті. Туысқандары құдалықты пациентімнің кең шаңырағында өткізбекші болады. Осы уақытқа дейін бауырларына жаны ашып, зыр жүгіріп жүретін оның қуанышында шек болмаған. Алайда құдалық өтетін күні анасы қызының үйін көрмей кеткен…

Артқа шегініс жасайық, иық о баста «қолдау» деген мағына беретін ағзаның бір мүшесі. Қазақта «иық тіресу» деген сөз бар. Яки ниеті бір адамдардың бірлесіп, бір-бірін қолдай отырып жұмыс істеуі.

Күйеуінен ажырасқан, әкесі қайтыс болып кеткен, жалғыз қызын тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйел кімнен қолдау күтеді? Әлбетте анасынан. Анасының «қызым ажырасқан, ажырасқан әйелдің үйінде құдалық өткізгеніміз өзімізге ұят, сын» деп үйге келмеуі қызына соққы болмауы мүмкін емес болды.

Көз жасына ерік бере отырып, анасының бұл қылығын кешіріп, ұмытуды қолға алған пациентімнің иығы біртіндеп жазыла бастады. Кейде аурудың емі дәріден жазылу емес. Ол үшін мида сақталған оқиғаны, ой арқылы қайта еске түсіріп, сол ситуацияны қабылдау жеткілікті.

Мади Алдабергенов: Тән жарасын оймен емдеймін, остеопат, дәрігер
«Мұзтау» әдісі

Ауру – жау емес!

Ми – өмір сүру үшін барлығын жасайды. Қандай қиын жағдай болмасын барынша ұзақ өмір сүрудің жолдарын іздеп әлек болады. Бүгін және ертең тірі ояну – миымыздың басты мақсаты. Өйткені ми үшін өлім – жеңіліспен тең. Өлгенімше, гүлдей солғанымша ауырғаным мың есе артық деу, адамды дертке шалдықтырады.

Ауру – өзімізді бар болмысымызбен көрсете алмаған кезде туындайды. Аурудан қорқуды тоқтатудың ең жақсы шешімі – ауыру.Дегенмен сырқаттану бізді есеңгіретуі әбден мүмкін. Бірақ табиғат үшін бұл оң бағдарлама, бейімделу тәсілі деп түсініңіз.

Егер ауруға тіл бітер болса, ол: «Сен сол кезде қандай сезімде болғаныңды ашық айтуды ұмыттың» деп белгі берер еді. Өзгелердің ол оқиғаларды жасырып, басқаларға сыпайы көрінгің келді. Алайда табиғат заңы бойынша сыпайы болу міндетті емес. Міндеттісі – өз эмоцияңды сыртқа толықтай шығару.

Ми әрқашан аман қалуды ойлайды дедік, демек ол әртүрлі стрессті өмірге төнген қауіп ретінде қабылдайды. Сондықтанда бұл қақтығыс мидың 1%-на, яғни ауру тудыруға қолайлы аймаққа орналасады. Мидың бұл аймағы Хамердің «ми ошағы» деп аталады. Былайша айтқанда ми «уақытты сатып алады да», соның арқасында адам тірі қалады.

Барлығы биологиялық заңдылыққа бағынады

Биологиялық қақтығыс – бұл ұзақ уақыт ішінде пайда болатын қарқынды соққы немесе қайталанатын күйзеліс.

Адам – биологиялық дене, сол себепті биологиялық заңдылыққа бағынады.  Мәселен, сап-сау адамды  мысалға алайық. Ол денсаулығын тексерту үшін қажетті анализдерді тапсырады. Сараптама қорытындысын жұма күні қолына алады. Қорытынды бойынша уайымдайтын, қорқатындай ешдәнеңе жоқ. Оны дәрігерге кіріп шығуға дүйсенбі күнге жазады. Осы екі күннің ішінде әлгі адам не істейді? Әлбетте, ғаламтордан сырқаты жайлы ақпараттарды іздестіре бастайды. Тіпті осы ауру белгілері бар адамдармен танысып, олардың оқиғаларында естиді. Егер көңіл көншітерлік жауап естімесе, ауруын дүйсенбіге дейін асқындырып алуы әбден мүмкін.

Балада ата-ананың бағдарламасы жазылады

Ата-аналардың психологиялық қақтығыстары балалардың биологиялық қақтығысына айналады. Ол туралы бала хабарсыз болса да, денсаулық жағдайына әсер етеді. Бұл жерде тек қана ауру белгілері ғана емес, өмірдегі сәтсіздіктері, күйзеліс жағдайлары да баланың өміріне әсер етеді. Адам мақсатқа жету үшін жаратылған. Біз оны жақсы түсінеміз. Бірақта түсінбейтін тұстары да көп. Мысалы, бала дүниеге келмей тұрып ата-анасы нақты бір мақсатқа қол жеткізгісі келеді. Осы бағдарлама баланың миында жазылып қалады. Өткен ғасырдың белгілі дәрігері Марк Фрештің тұжырымдамасы бойынша бағдарламалаудың нақты кезеңдері бар:

  1. Ұрықтануға дейінгі 9 ай;
  2. Ұрықтану мерзімі;
  3. Жүктілік;
  4. Туу;
  5. Өмірінің алғашқы жылы.
Мади Алдабергенов: Тән жарасын оймен емдеймін
Марк Фрештің тұжырымдамасы

Баланың миында «Әкем мен анам бұл туралы армандаған, ал мен оны жүзеге асырамын» деген ой қалған. Ата-ананың мақсатын орындаған жақсы, бірақ ол сол мақсатқа жетем деп қиналып, өмірін астан-кестен етуі ғажап емес. Мұның белгілі бір ауруға, белгілі бір жұмысқа, өмір салтына, тұрмысқа бейімділігіне қалай ықпал ететінін көруге болады.

«Соқыр дақ» қалай әсер етеді?

Өмірімізде болып жатқан оқиғалардың барлығы кездейсоқ емес. Әрбір адам өзінің эмоционалды реакцияларына жауап беретін ішкі қақтығыстарының айнасы арқылы әлемді көреді, түсіндіреді және соған сай әрекет етеді.

«Соқыр дақ» дегеніміз не? Соқыр дақ – бұл адамды жағымсыз естеліктерден қорғайтын және қолайсыз жағдайларда өмір сүруге мүмкіндік беретін ми жасаған механизм. «Соқыр дақпен» байланысты мәселе ашылғанда адам санасы жаңа деңгейге жетеді.

Бір адамның емделуі үшін екінші адам керек. Өйткені сен өзіңнің ішкі қақтығыстарыңды көрмейсің. Адамның өмірінде жүрегіне дақ қалдырған, көңіліне қаяу түсірген оқиғалар болуы мүмкін. Бірақ ол оны елемейді, тіпті ұмытып кетуі де заңды. Бірақ оның барлығы миға жазылғандықтан ерте ме, кеш пе ауру сипатында шығады.

Емделу жолдары қандай?

Адам миының түкпірінде жазылған қақтығыстарды анықтап, оны іс жүзінде немесе саналы түрде іске асыруы керек. Адам толық жазылып кетуіне тікелей өзі жауапты. Мейлі қандай сырқат болмасын міндетті түрде жазылатынына еш күмән келтірмеуі тиіс. Яғни бойын күдікті ойлардан арылтуы қажет. Өмірінде болған сол оқиғаны толық мойындап, ойынан, бойынан алыстатқаны жөн.

Адамның жүрегінде сенімділік болса, міндетті түрде жазылады. Ал жазылатынына тек үміттеніп қана қойса, сауығып кетуі екіталай. Қақтығыс жағдайынан шығу және сезімді жоққа шығару арасында нақты шекара бар. Екеуінің арасындағы айырмашылық: біріншісі емдейді, екіншісінен ауру бойыңызға дендейді. Жалпы, адамдар өз қалауына, ішкі үміттеріне сәйкес шешім іздейді. Адам мәселеге басқаша көзқараспен қарап өмірін өзгертсе, дертіне шипа табады.

Үнемі өзіңмен қақтығыста өмір сүрсең, күйзелістен арылмайтының анық. Ал сол күйзелістер ауруға алып келеді. Нағыз сауығу әрдайым емделушінің өзінен басталады. Әлбетте, сырттан келетін көмектер уақытша аурудың белгілерін басуы мүмкін. Алайда ішкі дүниесі тынышталмаса, ауру асқына береді. Ал аурудан емделу үшін жоғарыда айтып кеткендей, ең алдымен оның шығу ошағын анықтау керек. Өйткені ауру – санамыздағы байқамайтын және қабылдамайтын оқиғалардан пайда болады. Сол себепті тән жарасын емдеу маңызды.

Мануальды медицина докторы, дәрігер-невролог Мади Алдабергенов 16-17 қараша күндері Алматы қаласында «Тән жарасын оймен емдеу» семинарын өткізеді.  

Семинарда айтылатын негізгі тақырыптар: 

  • Сүт бездерінің онкологиясы,қалқанша безінің ауруы сынды кең таралған аурулардың себептері. 
  • Емдеу процесін қалай бастауға болады?
  • Жүктілікке дейінгі және кейінгі жағдайлар баланың өміріне қалай әсер етеді? Сонымен қатар бала алдырту, түсік тастау, шетінеп кетудің кейінгі балалардың өміріне әсері бар ма?
  • «Ата-бабалар синдромы» дегеніміз не және оның ықпалына қандайжағдайларда ұшырайды? 
  • Ауру тудыруға, сондай-ақ оларды емдеуге қабілетті жасырын эмоциялар мен саналық шешімдердің маңыздылығынтүсіну. 
  • Белгілі бір оқиғалардың денсаулығыңыз бен тағдырыңызға әсері туралы алгоритмді қалай есептеуге болатындығынүйренесіз 
  • Өміріңіздің кез-келген кезеңінде өзіңізге және басқаларға көмектесу үшін «Тән жарасын оймен емдеу» әдісін қалай тиімді қолдануға болады?

Толық ақпаратты + 7 7015573812 байланыс телефоны арқылы білуге болады. 

Сұхбаттасқан: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close