Кітап
Саидмурод Давлатов. «Мен және ақша»
Саидмурод Давлатов кеңестері арқылы қаржылай еркіндікке жол ашады
Саидмурод Давлатов – бизнес-тренер, жазушы. Бизнес және маркетинг профессоры. Экономикалық, психологиялық ғылымдарының докторы. Адамды дамыту халықаралық «САМО» орталығының негізін салушысы және президенті. Қаржылай еркіндікке жол бастайтын, жалпы тиражы 2 000 000 болған «Құмырсқа пәлсапасы» сериясымен жарық көрген бірнеше бестселлер кітаптардың авторы.
Әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін жарты миллион адамның өзгеріп, дамып, бай-дәулетті атануына септік еткен Саидмурод Давлатов туралы ғаламторда ақпарат көп. Оларды оқи отырып сіз оны табысты еткен бизнес-гурулардан алған сабақтары деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Кей деректерде оны Мәскеуге жан бағу мақсатында келген азамат ретінде көрсетеді. Негізі қарапайым жүк тасушыдан табысты бизнесменге айналу жолын, Давлатовтың нағыз биографиясын тек оның кітаптарын оқи отырып білуге болады.
«Мен және ақша»
«Мен және ақша» – 2009 жылы жарыққа шыққан кітап. 232 беттен тұратын, 700 000 тиражпен таралған аталмыш кітап әлемнің 8 тіліне аударылған. 2017 жылдан бастап «Мен және ақша» АҚШ-тан басылып шығатын болған. Қуаныштысы, бұл кітаптың бүгінгі таңда қазақшаға аударылған нұсқасы бар.
Саидмурод Давлатов кітабында айтқан құнды ойларын Balbal.kz жинақтап оқырманға ұсынады.
Бай кім, кедей кім?
Бай адам – ол өзіне ақшаны жұмыс істете білетін адам. Ол ақша үшін емес, ақша ол үшін жұмыс істейді.
Егер бай адамнан барлық байлықты, ақшаны тартып алса, ол жарты жылдан кейін қайтадан байып кетеді. Ал егер кедей адамға үлкен ақша берілсе, ол жарты жыл ішінде барлығын жұмсап, қайтадан кедей болады. Себебі байлық немесе кедейлік – ол ішкі жағдай, өмір сүре білу қалпы.
Өз мүмкіндіктеріңізді әрқашан ақшадан жоғары қойыңыз, сонда ақша сізге келіп қызмет ететін болады. Егер адам өз мүмкіндіктерін ақшадан төмен қойса, ақша сіздің не жеп, не киіп, демалысқа қайда баратыңызды, жақындарыңызға не сыйлайтыныңызды анықтайтын болады. Өз өміріңіздің сапасын өзіңіз айқындау үшін мүмкіндіктеріңізді ақшадан жоғары қойыңыз.
Өз болашағын жоспарламайтын адам өзінің өмірі басқа адамдардың қолымен жасалатынына көнуі тиіс.
Өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз
Бір күн мен бір жігіттен қанша ақша табасың деп сұрадым. Ол: «300 доллар» деп жауап берді. Мен: «Неге 2000 доллар емес?» деп сұрадым. Ол ойланып тұрып, осы уақытқа дейін ешкім мұндай сұрақ қоймағандығын айтады. Біреу оған оның мүмкіндіктері, оның одан да көп ақша таба алатындығы туралы айтуға, сенімділік беруге міндетті секілді.
Егер сіз өзіңіз армандағандай өмірге лайықтымын деп есептесеңіз, сізге ақшаны басқарып үйрену қажет. Себебі ақша сіздің қандай деңгейде екеніңізді анықтайды.
Сіз ақша жинайсыз ба? Біреулер былай деуі мүмкін: «Көп ақша тапқан жағдайда жинайтын едім» деп. Бұл жалған. «Көп» деген ұғым сізді өзгерте алмайды. Ақша көбейген сайын сіздің әлсіздігіңіз арта түседі. Егер сіз дүкенге баруды жақсы көрсеңіз, ертеден кешке дейін дүкен аралайтын боласыз.
Тәжірибе жинаңыз
Жақсы жетістік бар жерде жақсы ұстаз бар. Қандай ақылды, оқыған адам болсаңыз да, ұстазсыз ештеңе шықпайды. Ұстаз сіздің арманыңызға апарар жолды қысқартады, қателерден сақтануға көмектеседі, ақшаны қолдануды үйретеді.
Егер сіз тез арада жетістікке жеткіңіз келсе, өзіңіз қаржылық істеріңізде немесе мансабыңызда өзіңіз армандаған орындағы адамдарды назарға алып, оларды бақылаңыз.
Маған келген адамдар былай дейді: «Менің 20 жылдық жұмыс өтілімім бар». Мен былай деп жауап беремін: «Жоқ, сіздің жұмыс өтіліңіз бір жыл ғана, сіз оны тек 20 жыл қайталадыңыз». Себебі тәжірибе жинауға тек бір жыл уақыт кетеді де, қалған жылдары қайталау болады.
Бай болуға ұмтылыңыз
3-5 жыл ақшаңызды басқарып, шығынды шектеп өмір сүріп, ал қалған өміріңіздің барлығын өз қалауыңызша сүрген артық.
Кез келген спорт жаттығулары ойлау үрдісін ынталантырады. Сіздің рухани жағдайыңыз тікелей физикалық жағдайыңызбен байланысты.
Әдетте өз күшімен барлығына жеткен бай адамдар, шын мәнісінде, өте қайырымды болып келеді. Олар біреуге қолдау көрсетуді, біреуге шынымен көмектесуді армандайды. Олар өз білімдерін үйрету үшін жақсы шәкірт тапқысы келеді. Себебі олардың қайырымдылығы күштіліктен туған. Ол дегеніміз бар кезде де, жоқ кезде де бұл адамдар көмектесуге, бөлісуге дайын болған.
Дайындаған: Жазира Байдалы