Психология
Өзіңізді бағалауды үйреніңіз
Өзіңізді бағалауды үйрену қаншалықты маңызды? Психолог жауап береді.
Өзіңізді бағалауды үйренудің жолдары өте көп. «Соның бірі күн сайын өзіңіздің қандай жақсы адам екеніңізді есіңізге салып отыру, — дейді белгілі психолог Марзия Бекайдар. Өйткені адам — ең алдымен өзіне керек. Өзіңізді тұлға ретінде қабылдамасаңыз, өзгелерді мойындату қиын. Сол себепті Balbal.kz сайты белгілі психологтың кеңестерін назарларыңызға ұсынады.
Марзия Бекайдар:
Өзін-өзі бағалау дегеніміз аты айтып тұрғандай өз құндылықтарыңды арттыру. Адамдар өзгелерден көрі өздерін жақсы біледі, өздерінің ішкі менін жақсы түсінеді. Біз әрдайым өзімізді іштей бағалауға бейімбіз. Мысалы кішкентай кезімізде бір істі дұрыс істемесек, міндетті түрде сөгіс алатынбыз. Ал ол жағдай біздің санамызда міндетті түрде сақталып қалады.
Өзімізді кінәлі сезінетіндіктен өзімізді бағаламай кетеміз
Иә, өзін кінәлі сезінетіндіктен қыз-келіншектердің көпшілігі өздеріне сенбейді. «Жаратушы мені жазалай береді, менің ешкімге керегім жоқ» деп жаман ойларға ерік береді. Олай ойлауға болмайды. Егер сондай ойлар жиі мазалайтын болса, мынадай техниканы қолданып көруге кеңес беремін.
Қолыңызға бір парақ қағаз алып, сіз өзіңізді не үшін жек көретініңізді, ұнамайтын қасиеттеріңізді 70-ке дейін тізіп жазыңыз. Тіпті бір ренішіңізді бірнеше рет жазуыңызға болады. Ең бастысы 70-ке жеткізіңіз. Бұл өте маңызды. «Мен өзімді кешіремін…» деп бастайсыз да тоқтамастан жазып шығасыз. Бұл өзіңізбен жұмыс істеу деп аталады. Өзіңді бағаламаудың себебі өте көп. Оны айтып тауысу мүмкін емес.Сол үшін неден болғанын емес, ары қарай не істеу керегін білген жөн.
Адамның өзін-өзі бағалауы ата-анасының қолдауына да байланысты. Әсіресе, анасы қолдау білдіріп, әрдайым қошеметтеп отыратын адамдар бақытты болады. Біз ата-ананың махаббатына зәруміз. Сол себепті әрдайым олармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз.
Нәтижесі бір күнде көрінбейді
Өз-өзіңді бағалау үшін кез келген психологиялық жаттығуларды жасап отырған дұрыс. Өйткені психологиялық жаттығуларды жасау арқылы емделесіз. Ол да дәрі іспетті әсер етеді. Әр нәрсенің нәтижесі бір күнде көрінбейді. Оның пайдасын айлар өте сезіне бастайсыз. Техникаларды 1-2 күн жасап, пайдасы тимеді деу қателік. Өйткені оны күн сайын қайталап отыруыңыз керек. Нәтижесін міндетті түрде сезінесіз.
Өзгелерге көмектесіңіз
Әр адамның жан дүниесінде кішкентай бала өмір сүреді деп жиі айтамыз. Сіз өзіңізді бағалауды үйреніп, барлығына шынайы қуана білсеңіз жан дүниеңіз жақсара бастайды. Өзіңді бағалауды үйренудің тағы бір тәсілі — өзгелерге көмектесу. Өйткені біреуге көмектесу арқылы сіз өзіңіздің маңыздылығыңызды сезінесіз. Қоғамға керек екендігіңізді түсінесіз. Біреуге көмектесу арқылы біз өзімізді қалпымызға келтіреміз. Алла әр ісімізге береке береді. Беркелі іспен айналысатын адам әрдайым өзін жоғары бағалай алады.
Дайындаған: Маржан Сәбет