Миллионер
Марғұлан Сейсембай: Бизнестің масштабы ой масштабына байланысты
Марғұлан Сейсембай әуесқой бизнес және бизнес-өнер туралы
Марғұлан Сейсембай – қазақстандық кәсіпкер, «СейМар» компаниясының негізін салушы, Қазақ меценаттары тобының мүшесі. Ол еліміздегі үздік 50 бизнесмен қатарына кіреді. Balbal.kz мотивациялық сайты бизнестің дамуы және ойлау деңгейі арасындағы байланыс туралы Марғұлан Сейсембай айтқан ойларды материал ретінде ұсынады.
Ойлау деңгейі
Ойлау деңгейі бизнесіңіздің деңгейінен жоғары болуы мүмкін. Бірақ бизнестің дамуы ойлау деңгейінен аса алмайды. Сол себепті ойлау деңгейін өсіру керек. Ойлау деңгейі жоғары болғанда пайда болатын ерекшеліктер:
Мүмкіндіктерді байқау, көре алу;
Мәселелердің алдын алу және оларды шешу.
Ал ойлау деңгейін анықтайтын – ол диапазон.
Диапазон күші
Диапазон дегеніміз – кеңістіктегі оқиғаларды қабылдау. Диапазонды дамытқан кезде ғана ойлау деңгейі де өсіп, түрлі идеялар келе бастайды. Ол кеңістік сияқты үш өлшемді болады: ұзындық, биіктік және ені.
Ұзындығы – уақыт
Яғни сіздің перспективаңыз қысқа мерзімді ме әлде ұзақ мерзімді ме? Армандарыңыз не жоспарыңыз қандай уақыт аралығын қамтиды. Сөз арасында мына жоспармен ұзаққа бармайсың деп жатады. Яғни бұл – диапазонның ұзындығы.
Биіктігі – ойлау шегі
Ойлау шегіңіз қаншалықты биік, мақсатыңыз асқақ па – соны сипаттайды. «Терең ойлы адам немесе таяз ойлайды» деген тіркестерді қолданамыз. Осы тіркестер диапазонның биіктігіне қатысты айтылған.
Ені – жанжақтылығы
Дүниетанымы кең, жанжақтылық немесе тар шеңберде ойлау сияқты сипаттамаларды жатқызамыз.
Диапазонды қалай дамытамыз?
Сұрақ қою
Сұрақ жауаптан маңызды. Сұрақ қою танымды кеңейтеді, ал дайын жауап мүмкіндіктеріңізді шектейді. Сол себепті бірден Гуглға жүгінбей, өз-өзіңізге сұрақ қойып, ойланған маңызды.
Өзіңізге бес рет «Неге?» деген сұрақты қойыңыз.
Мысалы, мен жаңа көйлек сатып алғым келеді. Неге:
- Әдемі көрінгім келеді. Неге?
- Барлығының маған назар аударғанын қалаймын. Неге?
- Өзіме сенімді болу үшін. Неге сенімді емессің?
- Өмірдегі өз орнымды таппадым. Неге таба алмадың?
- Себебі өзіме ұнамайтын іспен айналысамын.
Қорытынды – мәселе жаңа көйлекте ме? Көйлек бұл мәселені қаншалықты шеше алады?
Одан кейін «Сосын не болады?», «Қалай?» «Не үшін?» деген сұрақтарға мән беріңіз. Өмірге деген көзқарасыңыз кішкене болсын өзгереді.
Арман-қиял
Армандау – ойлаудың ең биік шыңы. Сіз өзіңізге мінсіз өмірді құрастыру арқылы миды қозғалтасыз. Адам үлкен нәрсені армандайды. Сол арманына қызығып, үлкен мақсат қоя бастайды. Бизнесті бастар кезде сіз бүгінгі жағдайына емес, болашағына мән беріңіз. Кедей адамдардың кемшілігі – бүгінгі күнмен өмір сүру, ертеңгі жағдайына қызықпау. Бар дүниеге ғана акцент қоймай, бір айдан, бір жылдан соң болатын нәтижеге назар салыңыз.
Позитивті ой
«Бизнесім құрдымға кетеді, дамымайды» десеңіз, ойыңыз да, іс-әрекетіңіз да сол нәтижеге бағытталады. Негативті ой қабілетіңізді шектейді. Барынша жақсы нәтижені күтіңіз, позитивті ойлаңыз.
Бизнесіңіз неге дамымайды?
Бизнестің әрі қарай дамымау себебі – бірінші ниеттің аздығынан. Бизнесті негізінен екіге бөледі: әуесқой бизнес және бизнес-өнер.
Әуесқой бизнес. Бизнесмендердің 80%-ы осы топқа кіреді. Яғни олар бизнеспен тек отбасын асырау үшін, белгілі қаражат табу үшін ғана бизнесті таңдаған. Сол қаражатқа қанағат етеді.
Ал бизнес-өнерді дөңгелетіп әкеткен адамдарға Илон Маск, Билл Гейтс сияқты санаулы тұлғаларды жатқыза аламыз. Олар бизнесті жоғары бағалайды. Сол салаға деген ынтасы зор.
Егер бизнесіңіз бір деңгейде тоқтап қалса, демек сіз әуесқой бизнесменсіз.
Жетістікке жету формуласы
Бизнес саласында жетістікке жету жолында сіздің оған деген көзқарасыңыз бен іс-әрекетіңіз маңызды. Ісіңізге деген қандай қарым-қатынас болса, жемісі де сондай болмақ. Ол формуланы былай көрсетуге болады:
Ісіңізге деген қарым-қатынас = (жұмсалған күш + уақыт) * махаббат
Икигай қағидасы
Ол жапондықтардың өмір сүру салты. Икигай сөзі – қажеттіліктің өтелуі деген мағынаны білдіреді. Бизнес те де осы қағиданы ұстанады.
Икигайға жету шарттары:
- Сіздің ұнататын ісіңіз;
- Сіз жақсы меңгерген сала;
- Мұнымен пайда таба алу;
- Қоғамға пайдалы және қажет нәрсе;
Яғни бизнесті дамытуда – идея, диапазон, қалау мен іс-әрекет және өзектілік керек.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова