Біліп жүр

Love story-ге түсер алдында өзіңізге 8 сұрақ қойыңыз

Love story-ге қалай дайындаламыз?

Love story – қос ғашықтың махаббат тарихы көрініс табатын суреттер мен бейнежазба. Әдетте үйлену тойы алдында түсіріледі. Күйеу жігіт пен қалыңдыққа дайындық оңайға түсу үшін төмендегі кеңестерді ұсынамыз.

Қанша қаражат кетеді?

Love story-ді түсіру құны шамамен 30 000-нан басталады. Аз баға ұсынған маманның бәрі кәсіби емес дегенді білдірмейді. Жақсы түсірсе де жаңа бастағандар құнын төмен қоюы мүмкін. Ал ең қымбаты 500 000-1 000 000 теңгеден асады. Баға фотографтың беделіне тікелей байланысты.

Кейбір кәсіби фотографтар тапсырыс берушіге түрлі жинақ ұсынады. Бір фотокомпанияның «Exlusive» деген жинағын мысалға алайық.

  • 24 сағат бойы (2 күн);
  • қаланың 4 көрікті жерінде;
  • 5 түрлі образда Love story түсіріледі.

Сондай-ақ:

  • 1 фотограф;
  • 1 видеограф;
  • 1 дрон ұшырушы;
  • бет және шаш әрлеу;
  • көлік қызмет түрлері қамтылған.

Сыйлыққа:

  • флеш-жады (64 гб);
  • А3 форматындағы 3 сурет;
  • 1 минуттық Instagram бейнеролигі;
  • 1 минуттық бейнешақыру беріледі.

Мамандар тапсырыс берушімен арнайы кездеседі. Whatsapp-та арнайы топ құрады. Бірлесіп сценарий жазады. Локация, образ тақырыбында толығырақ кеңес береді. Осындай қызмет түрі қарастырылған Love story 500 000 теңгені құрайды.

Қандай маманға сенеміз?

Фотограф пен видеографты кем дегенде 2-3 ай бұрын табу керек. Өйткені сіз қалаған маман бос болмауы мүмкін.

Ал жақсы маманды қалай таңдаймыз?

  • Әлеуметтік желіден іздеңіз;
  • Фото-видеоларымен танысыңыз;
  • Түсіру стиліне, эффектілеріне назар аударыңыз;
  • Пікірлерді оқып шығыңыз.

Сенімді маманды тапқан соң онымен дос болып алған артық етпейді. Өйткені түсірілім барысында емін-еркін ойыңызды жеткізесіз.

Махаббат тарихыңызды қалай жазу керек?

Енді сценарий дайындаңыз. Махаббат хикаясы өзгелерге емес, өздеріңізге естелік екенін ұмытпаңыз. Танысқан кезіңіз бен жүректі елең еткізер қандай оқиға бар, еске түсіріңіз.

Алайда бейнежазбада оқиғаның болуы шарт емес. Бұл жерде қиялға ерік беруге болады. Мысалы, теңіз жағасында екеуіңіз қол ұстасып бара жатасыз. Фонда өз даусыңызбен оқылған өлең. Осы секілді өз нұсқаңызды ұсыныңыз. Видеограф та идеясын қосатыны сөзсіз.

Идеяны қайдан аламыз?

Love story-де ерекше суреттер шығуы үшін идея керек. Көмекке Pinterest қосымшасын ұсынамын. Ұнаған суреттерді жүктеп алып, арнайы папкаға жинақтаңыз. Міндетті түрде фотографқа алдын ала көрсеткен жөн. Сонда қос тарапта шығармашылық еркіндік болады.

Түсірілім қайда өтеді?

Love story суреті мен видеосының сценарийі жазылды. Қалай түсетініңіз жайлы идея бар. Енді түсірілім қай жерде болатынын анықтау керек. Қай қалада, әлде студия ма? Бәрін жүйелі жоспарлаңыз. Алғаш танысқан немесе студенттік кезіңіз бірге өткен қалада түссеңіздер болады. Еліміздегі табиғаты әдемі жерді ғаламтордан іздеу де артық етпейді.

Ескеретін бір нәрсе: уақыт. Бір күнде бірнеше жерге түсірілімді жоспарламаңыз. Асығып жүріп суреттер сәтсіз шығуы мүмкін.

Қала ішінде де, табиғат аясында да, студияда да түсуді қаласаңыз, түсірілімге 2 күн жұмсаңыз.

 

Киім мен аксессуардың әлегі

Киімге келгенде қалыңдықтың таңдауы әртүрлі. Бірі той көйлегін таңдайды. Енді бірі жеңіл ақ көйлек кигісі келеді. Сондай-ақ соңғы кезде тарихи үлгідегі киіммен Love story-ға түсу сәнге айналды. Сценарийіңізге қарай таңдау жасаңыз. Сатып алатын және жалға алатын киімдерді анықтаңыз.

Қалыңдықтың гүл шоғы (букет) мен фатасына да тапсырыс беру керек. Кейін тойда да қолданам десеңіз, той көйлегіңіз бен Love story-ге сай келетінін таңдаған жөн.

Әдемі болу үшін…

Құрметті қалыңдық, бет әрлеу мен шаш үлгісін де естен шығармаңыз. Өзіңіздің қолыңыздан келсе, құралдарын ала барыңыз. Маманға сеніп тапсырам десеңіз, түсірілім өтетін қаладан сән салонын іздеген жөн. Ертерек келісім жасап, орын алып қойыңыз. Ұсақ-түйек болып көрінгенмен бұл да уақыт алады. Алдын ала маманның жұмысымен танысып алғанның пайдасы бар. Кез келген сән салонына кіріп, көңіл-күйіңіз бұзылып шықпасына кім кепіл?!

«Бәріне өзіміз үлгереміз»

Осы жоспар оңай көрініп тұр ма? Жо-жоқ! «Осылай істей саламыз» десеңіз қателестіңіз. Сөз жүзінде оңай болғанмен, іс барысында көп қиындық туады. Өйткені қарапайым киім ауыстырудың өзіне көмек керек. Сол себепті өзіңізбен бірге құрбы-дос немесе бауырларыңызды ертіп барған жөн. Олар:

  • Жоспардың бәрін ретімен айтып отырады;
  • Кемшін тұсты ескертеді;
  • Киім-кешек, құрал-жабдықтарыңыз сенімді қолда болады;
  • Шаршағанда рухани демеу де болады.

Енді бірнәрсе қалды…

Кеңестерге құлақ асып, керегін түртіп алдыңыз ба? Енді сіздерге тек бірнәрсе керек. Ол – керемет көңіл-күй! Түсірілім кезінде қобалжу, ұялу секілді сезім болады. Мұндайда бір-біріңізге қолдау аса қажет. Жақсы көретіндеріңізді жиі айтуды ұмытпаңыздар. «Махаббат тарихы» естеріңізде шынайы сезіммен қалсын.

***

Love story түсіруді отбасылық өмір алдындағы қос ғашықтың саяхаты деуге болады. Өз қалауыңызбен ұйымдастырылған мұндай түсірілім нағыз махаббат хикаясы болатыны сөзсіз.

Құрметті оқырман, ал сіз Love story-ге қалай түсуді армандайсыз?

Дайындаған: Құндызай Әмірбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!