Миллионер
Нұрбол Оспанов: Yesterday.kz – музыкаға деген қызығушылықтан туған бизнес
Нұрбол Оспанов өз бизнесі жайында әңгімелеп берді
Нұрбол Оспанов – Daus.kz компаниясының негізін салушы. Yesterday.kz музыкалық аспаптар дүкенінің және оқыту курсының басшысы. Бүгінгі сұхбатымыз музыканы бизнеске айналдырған Нұрбол Оспановпен жүргізіледі.
–Сұхбатымызды мынадай кіріспе сұрақтан бастасақ. Сіз өз бизнесіңізді қалай бастадыңыз? Өзіңіз басқарып отырған Daus.kz және yesterday.kz жобалары жайлы не айтасыз?
– Бала кезімнен музыканы қатты жақсы көретінмін. Әкем жасөспірім шағымда менің сол қызығушылығымды көріп гитара алып беріп еді. Сол кезде қатты қуанғаным есімде. Кейін әр түрлі жағдайлар орын алып, музыканы тастап кеттім. Бірақ өзімді осы бағытта көретінмін.
2010 жылдардан бастап сол музыкаға деген махаббат осы істі бастауыма себеп болды. Ол кезде кәдімгі қара базарда алып-сатумен айналыстық. Басында көтерме сауда нарығында жұмыс істедік. Әрине, ол кезде тек музыкалық аспаптар ғана емес, басқа да дүниелер саттым. Солай бизнеске салатын алғашқы қорды жинадым. Тапқан табысымның 80 пайызын сол ойымда жүрген бизнеске жинайтынмын.
Daus.kz еліміздегі музыкалық аспаптармен, құрылғылармен жұмыс істеуді жолға қойған ең алғашқы жоба. 2013 жылы бұл жобаны өз атыма патенттедім. Ал yesterday.kz кейіннен қажеттіліктен туған идея. Алғашында мұнда тек музыкалық аспаптар сатумен айналыстық. Сосын ол аспаптарда ойнауды үйрететін курстар аштық.
–Алғашқы жобаңыздың атын Daus.kz деп қазақшалапсыз. Керемет атау. Мұндай қарапайым әрі мағыналы атау беру идеясы қалай келді? Ал екінші жобаңыздың атауы неге ағылшын тілінде?
– Daus.kz -ке келсек, әр нәрсенің дауысы бар. Мен үшін бүкіл тіршілік дауыспен байланысып тұрғандай көрінеді. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөзі де мені осы атауды қоюға шабыттандырды.
Ал yesterday.kz атауы «Beatles» тобының аңызға айналған «Yesterday» әнінен туды. Кезінде гитарамен өзіміз де осы әнді шырқайтынбыз. Басында Yesterday.kz -тегі ісіміз сол гитара сатудан басталған. Сол ән сияқты бұл бизнесіміз де аңызға айналсын деген ниетпен қойылған атау.
–Дәстүрлі сұрақ: Yesterday.kz бәсекелестерден несімен озады? Өз компанияңыздың артықшылықтарымен бөліссеңіз. Тұтынушылар не себепті сіздің өнімді таңдауы керек? 3 нақты себеп айтсаңыз.
– Біріншіден, бағаның тиімділігі. Еліміздегі орташа айлық жалақы ескеріліп қойылған бағалар.
Екіншіден, біз комфортқа үлкен мән береміз. Курс өткенде де, тауар сатып алуға келгенде де клиенттердің жағдайын барынша жасауға тырысамыз.
Үшіншіден, сапа біз үшін өте маңызды. Мұғалімдердің кәсібилігіне де, тауардың сапасына да кепілдік бере аламыз. Мәселен, бізде әр музыкалық аспапты үйрететін мұғалім сол аспапты тартудың мамандандырылған хас шебері.
–Музыкалық аспаптарды қайдан алдыртасыздар?
– Домбыраны өзіміздің қазақстандық мықты шеберлерге жасатамыз. Басқа аспаптарды индонезиялық, көрші қытайлық брендтермен келісіп алдыртамыз.
–Музыка курсы қанша уақытқа созылады? Қанша уақытта нәтижеге жете алады?
– Адам мықтап кіріссе, 21 күннің ішінде қалаған істі меңгере алады. Бір айда 8 сабақ өтіледі. Оны айға шаққанда 2-3 айдай уақыт кетеді.
–Музыка мен бизнесті байланыстыру қаншалықты қиын болды?
– Алғашында сол музыкаға деген махаббат осы істі бастауға себеп болған болатын. Жалпы адам өзі сүйетін ісімен айналысуы керек, меніңше. Сонда оны әрі қарай дамыту не бизнеске айналдыру қиынға соқпайды.
–Бизнестегі өткен қателіктерден қаншалықты сабақ алдыңыз? Жалпы өзіңіз «әттеген-ай» дейтін қандай қателіктеріңізбен бөлісе аласыз?
– Қателік жасау адамға тән қасиет. Менде де бұл жолда көптеген қателіктер болды. Бизнестегі ең басты қателігім: көтерме баға саудасында ұзақ аялдағаным деп ойлаймын. Ертерек онлайн форматқа көшіп, бизнесті әлеуметтік желілерде де дамытуымыз керек еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Карантин жағдайында бұл қателігімізді түзеп жатырмыз.
–Жалпы пандемияның сіздің бизнеске әсері қандай болды?
– Пандемия кезінде ісіміз біраз тұралап қалды. Аяқ-асты болған карантин жағдайы көп жоспарларымызды кейінге шегертті. Бірақ бұл жағдай бізге үлкен сабақ болды. Жаңа айтқанымдай онлайн форматқа көше бастадық.
–Нұрбол мырза, өзіңізбен жақсы сұхбат құрдық. Енді әңгімемізді қорытындыласақ. Тәжірибелі кәсіпкер ретінде жас кәсіпкерлерге кеңестер берсеңіз.
–Иә, жақсы сұхбат болды. Сізге рақмет! Жас кәсіпкерлерге кеңесім: бизнес бастамас бұрын сіз жақсы мамансыз ба әлде кәсіпкерсіз бе, соны анықтап алу керек. Ал кәсіпкер екеніңізді түсінсеңіз, сізде мықты бизнес стратегия мен болашаққа деген үлкен сенім болуы қажет.
Сұхбаттасқан: Дидар Сұлтанбекқызы