Миллионер

Мақтақыз атанған кәсіпкер

Мақтақыз атанған сұқбат кейіпкері – Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы бойынша ең жас жеке кәсіпкер Арайлым Ұзақбай Ауезханқызы. 27 жастағы жеке кәсіпкер мақта түтумен айналысады. Арайлым ханымнан алған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Жеке кәсіпті қалай бастады?

2019 жылдың ақпан айында жеңгем жұмыс ұсынды. Сол уақытқа дейін менің тұрақты жұмысым болмаған. Ол кісінің құрылғысы бар болатын. Сол құрылғымен жұмыс істедім. Бастапқыда осы арқылы табыс табу мүмкіндігіне сенген жоқпын. Бірақ жеңгемнің қасында жүріп, бұл кәсіптің мен үшін тиімді екенін білдім. Арада бір жыл өткен соң, сол құрылғыны өз ақшама сатып алдым. Ол құрылғы – мақта түту машинасы. Осылайша мен ауданымызда ең жас жеке кәсіпкер атандым. Ал тұрғындар арасында Мақтақыз атанып кеттім. Қазіргі уақытқа дейін мені осылай атайды. Сондай-ақ, менің жұмысыма жарнаманың қажеті жоқ. Онсыз да барлығы мені таниды. Мақта түтумен ауданымызда тек мен ғана айналысамын. Сол себептен болар сұраныс өте көп.

Мақта түту табыс көзі бола алды ма?

Әрине! Кәсіпке құйған ақшамды бір жыл ішінде екі есе шығарып адым. Мен мақтаны тапсырыспен қабылдап аламын. 1 келі мақтаны 250 теңгеге, 1 келі жүнді 400 теңгеге түтемін. Бір күнде шамамен 80 келі мақта өндіріп шығамын. Күніне, шамамен, 30 000 теңге табыс табамын. Бағаны бірқалыпты ұстап тұрамын, себебі сұраныс көп. Жамбыл облысынан бөлек, көршілес Түркістан облысынан да адамдар келеді. Әсіресе, жаз айларында жұмыс қызады. Қыстың қамын жазда ойла демекші, көпшілік қалың көрпелерді жаз айларында дайындайды.

Табысқа жетелеген машина

Мақта түту машинасын Алматы қаласындағы құрылғылар сататын зауыттан алдым. Машинаның бағасы 600 мың теңгені құрайды. Жаңатас қаласында арнайы орынды жалға алып, осы кәсіпті дөңгелетіп жатырмын.1 сағатта 30 келі мақта түтемін. Машина 350 кВт тоқпен жұмыс істейді. Менің жекеменшік құрылғым болғандықтан, басқа адамдарды жұмысқа алуға міндетті емеспін. Себебі бұл жұмыс екі-үш адамды қажет етпейді. Бұл кәсіптің кемшіл тұсы ағзаға 20% зиян келеді. Яғни, жұмыс барысында мақта қалдықтарынан шаң-тозаң көп шығады. Сондықтан арнайы қорғаныш киімдер мен бетперде тағуға тура келеді. Ал артықшылығы мақта түту үшін көп уақыт кетпейді. Орташа есеппен 2-3 сағатымды жұмысыма арнаймын. Сұраныс көбейген кезде 8 сағаттап жұмыс істеуге тура келеді. Мен өз жұмыс орныма тек тапсырыс түскенде барамын. Мақтаны қабылдап, әр тапсырысты тез аяқтаймын. Қалған уақытымды отбасымның жанында өткіземін.

Арайлым Ұзақбай

 Мақтақыз мамандығы

Мамандығым – машинист. Мамандығым бойынша жұмыс істемесем де, өз кәсібімді бастап, табыс тауып отырмын. Есесіне мақта түту машинасын өзім жөндей аламын. Жалпы айтқанда өз кәсібімнің қыр-сырын меңгеріп алғанмын.

Кәсіпкер портреті

Менің ойымша кәсіпкер адам ақылды, білімді, өз-өзіне сенімді, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болу керек. Сонымен қатар өз есесін жібермейтін адам болғаны да дұрыс. Себебі менің жұмысыма келетін әр клиенттің әртүрлі мінезі бар. Ренжіп, жанжал шығаратын адам да жетерлік. Бір күні мынандай жағдай орын алды. Клиент 10 келі мақтаны түтуге әкеліп берді. Менің жұмысымдағы бір ерекшелік мақта түтілгеннен кейін екі есе ұлғаяды, салмағы да артады. Мақтаны түтіп болған соң салмағын өлшесек, 20 келі мақта болыпты. Клиент бұл менің мақтам емес деп, сенімсіздік танытты. Кейде осындай жағдайға да тап боламыз. Барлық клиенттің тілін табуға тырысамыз.

Мақтақызды не күтіп тұр?

Осы кәсіпті дамыту ойымда бар. Адамдарға осындай қызмет түрі керек екеніне көзім жетті. Жарамсыз болып қалған мақтаны тастағаннан гөрі қайта өңдеп, пайдаға асырған халыққа тиімді. Ақшалай шығын да көп кетпейді.

Дайындаған: Айнұр Аңламасова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!