Біліп жүр
Бейбіт Сарыбайдың өлеңдері
Қызым менiң
Қызым менiң,
Кiшкентай бүлдiршiнiм.
Қытықтайды жанымды сыңғыршы үнiң.
Сен көктем боп оралдың өмiрiме,
Менiң жаным жарды ғой мың бүршiгiн.
Қызым менiң,
Нәп-нәзiк қызғалдағым.
Дидарын еншiге алған күзгi алманың.
От пен судан бас тартпан мен сен үшiн,
Сен сезбешi өмiрде ызғар барын.
Қызым менiң,
Қаз басқан балапаным.
Сен атырдың әкеңнiң дара таңын.
Шуақ, нұрға толады асқақ кеудем,
Маңдайыма тигенде алақаның.
Қызым менiң,
Таусылмас қуанышым.
Атойлаған жанымның ұранысың.
Мұң кемiрiп жүргенде жүрегiмдi,
Ұмыттырған қайғымды жұбанышым.
Қызым менiң,
Жанымның арыс әнi.
Өмiрiмнiң өзiңсiң мәнi, сәнi.
Жолың қылдай жiңiшке, соны ойласам,
Күндiз-түнi боламын әрi-сәрi.
Қызым менiң,
Жаңа атқан әппақ таңым.
Үмiтiмнiң өсерсiң ақтап бәрiн.
Аспанымда күн болып тұра бершi,
Бағалы емес өзiңсiз бақ тапқаным.
Қызым менiң,
Жұпарым, мың тынысым.
Қандай ғажап, тұрысың, бұлқынысың.
Әкең өмiр сүрген жоқ құлқын үшiн,
Сен де ғұмыр кешкейсiң ұлтың үшiн.
Гүлдерді аяймын
Гүлдерді аяймын!
Ғұмыры қас-қағым.
Басқаға жеткізіп,
Сезімін басқаның
Солады оңай-ақ.
Қидым да жас жанын,
Апардым, саспадым.
Бірер күн суға сап,
Лақтырып тастадың.
Қайтесің оны аяп,
Гүлдерді аяймын,
Аяймын нәзікті.
Сұлу боп жаралған,
Сол үшін жазықты.
Баянсыз сұлулық
Жанымды қажытты.
Гүлдерді аяймын…
Таңда…
Шөп шабысып, шөмеле үйіп күнімен,
Шылым шегіп, қызық қуып түнімен,
Таңда келіп ұйықтап кеткен кездерде,
Оянушы ек «сүт тартқыштың» үнімен.
Оянғанда қайтқандай боп есеміз,
Сүтке толып тұратын ед кесеміз.
Бірқалыпты ыңылдайтын сүт тартқыш,
Бірқалыпты тартушы еді шешеміз.
Қуаты өлген, он екіден бір кетпей,
Керегеде сағат тұрар сырт етпей,
Сиыр сауып, оны өріске айдап сап,
Келгенінше жататын ек тырп етпей.
Қайран шеше еркелікті тыймайтын,
Маубас ұлдың ұйқысын да сыйлайтын.
Бұзау тарту оңай емес, сонда да,
Еһ, біздерді оятуға қимайтын.
Тұратын ек ұйқымызды қандырып,
Есінеуші ек, танытардай паң қылық.
Шешей байғұс отыратын сүт тартып,
Оң қолы мен оң иығын талдырып.
Қайран, қайран сол күндер-ай далалық.
Біз есейдік, болдық міне қалалық.
Шешей де жоқ, сиыр да жоқ сауатын,
Күн кешеміз тар бөлмеге қамалып.
Бүгінгі ермек – өткенді ойлау жатып ап,
Әйелдер жүр базар жаққа қатынап.
Шайымызға сүт қатамыз құнарсыз,
Дәмсіз, нәрсіз кілегейді сатып ап.
…Мысық сынды ұйықтап жатсаң пырылдап,
Телефоның оятады шырылдап.
Онан гөрі оятса ғой «сүт тартқыш»,
Баяу ғана «тұра ғой» деп ыңылдап.
Өтiнiш
Мазаламайын,
Мазаламашы.
Тып-тыныш өмiр сүрейiк.
Сен менi мүлде жазаламашы,
Түк болмағандай жүрейiк.
Сағындырмайын,
Сағындырмашы.
Жаныма тыным бер менiң.
Ессiз сезiмге бағындырмашы,
Болмайын сенiң ермегiң.
Ғашық етпейiн,
Ғашық етпешi.
Жiгердi құмдай езбешi.
Жанымды менiң жасын етпешi,
Қайғы-мұңымды сезбешi.
Күттiрмейiншi,
Күттiрме менi.
Кездесуге де шақырма.
Бiр бақыт ұзақ күттiрген едi.
Сен олай етпе, мақұл ма.
Осының бәрiн терiс дейiкшi,
Бұл менiң қатал жарлығым.
Осы айтқандарға келiспейiкшi,
Керi iстейiкшi барлығын.
Қарақат қыз
Жұлдызды түн. Уақыт мәмілелі…
Кәрі төбет ерініп паң үреді.
Қарақат қыз қарайды мамасына,
Сылтауратсам екен деп тағы нені.
Маған пана сол үйдің бәйтерегі,
Күндегідей төбемнен ай төнеді.
Қолжуғыштың шелегі толмаса да,
Төкпек болып шығады, қайтеді енді?!
Кім екенін білмесін, білсін мейлі…
Әдеті ғой, ақырын «кімсің?» дейді.
Біле тұрып не үшін келгенімді,
«Қай жақтан мұнда адасып жүрсің?» дейді.
Қабiр басында
Әне, анау шешемнiң қабiрi,
Көк тасын күн сүйiп тұр тағы.
Жар болып жебеушi Тәңiрi,
Iздеп кеп жүредi ұрпағы.
Қайғыға ортақ боп кәрi күз.
Тұрады қапа боп, тұнжырап.
Әпкем бар, ағам бар, бәрiмiз.
Аламыз үн-түнсiз бiр жылап.
Неге мен осынша алдандым,
Құлағым келедi тiк тұрып.
Суретi тұр маған жалғанның
Мәңгiлiк емесiн ұқтырып.
Жанындай көрушi ед баласын,
Баласы сәл мұңлы жүр аман.
Жылама деушi едi анашым,
Қалай мен жыламай тұра алам.
Қабiрде ең ұлы тыныштық,
Езедi жаныңды жаныштап.
Қимастық сезiммен бiр ыстық.
Кетемiз содан соң алыстап.
Жас жесiр
Есiм кетiп осы аруға кеше мен,
Албырттықпен арнап едiм неше өлең.
Ең соңғы рет қыз қалпында көрiп ем,
Жесiр болып келе жатты ол көшемен.
Мұнша көрiк берген Құдай адамға,
Соны қорғау қиын мына ғаламда.
Он бесiнде әйел болу түк емес,
Он алтыда жесiр қалу жаман да.
Құлайды ылғи құс жастығын жастанып,
Оянады жанарынан жас тамып.
Жиырмаға жетер-жетпес жасында,
Жаңа өмiрi кеттi оның басталып.
От жалыны тұла бойын тұр өртеп,
Барлығына iштей шыдап жүрер тек.
Сүймей, бiлмей талқан қылған тағдырын,
Сезiмi жоқ нәпсiқұмар бiр еркек.
Жiгiт бiткен басынғысы келгендей,
Айлаларын асырғысы келгендей,
Жақындаса, жүзiн төмен салады ол,
Жесiрлiгiн жасырғысы келгендей.
Жас жесiрдi тұрғаным жоқ табалап,
Жаралы жан жұртқа күйе, маған ақ.
Қарлығаштай күн кешер-ау бұл бейбақ,
Жараланған қос қанатын сабалап.
Мейлi, мейлi, аман болсын әйтеуiр.
Таңы атып, күнi шығар қайта бiр.
Тәкаппарлық танытпаса ол кейде,
Табаныңмен таптап өтпе, ей, тобыр.
Ит
Ол нағыз ит, итаяғын жалаған.
Талайларды қан-қақсатып талаған.
Тектi болып көрiнгенмен көзiңе,
Оңбағыр-ай өзi сондай қабаған.
Қазанымнан қақпақ кеткен сәттерде,
Бұл итiмнен ұят кетiп тап берген.
Ол үргенде қайқы қылып құйрығын,
Жылдар бойы маза кеттiп жатты елден.
Ит адамның досы дейдi, бiрақ та,
Бiздiң бұл ит жетпедi ондай мұратқа.
Кет дегенде ит те кетер деген рас,
Кет деп едiк безiп кеттi жыраққа.
Көкбөрiдей тектi туған намысты ұл,
Өз итiңдi иттей қылып таныстыр.
Оу, ағайын, өлемiз-ау ұяттан,
Итiң арық екен десе әбiстiр.
Иттiгiнен кездерi жоқ шаршаған.
Ол кеткенде қуанды екен қанша адам.
Осы бойы көрсетпесе өлiгiн,
Жақсы ит екен деп бiр күнi тамсанам.