Біліп жүр

Тағылымдама: Шетелде тәжірибе жинауға көмектесетін сайттар

Шетелде тағылымдамадан өту

Тағылымдама теориялық білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беріп, өзіңізді сынауға жол ашады. Студенттер ақылы және төленбейтін тағылымдамаларды шетелден өте алады. Бұл үшін компания қойған талаптарға сай болу керек. Шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін сайттар тізімін назарыңызға ұсынамыз

         Керекті кеңестер

Шетелде тағылымдамадан өту арқылы шет тілдерді үйренесіз. Кәсіби ортадағы ағылшын тілін меңгере аласыз. Мұндай тағылымдама болашақ түйіндемеңізді одан әрі жақсарта түседі. Сонымен қатар жаңа таныстар тауып, шетелде жұмыс істеуге жол ашылады.

Студенттерге арналған тағылымдама үшін ақы төленбеуі мүмкін. Дегенмен, мұның өзі сізге көп пайда әкелетінін ұмытпаңыз.

Келешекте халықаралық компанияда тәжірибе жинағыңыз келсе, бүгіннен бастап ағышлын тілін үйреніңіз. Себебі түйіндемемен қатар «IELTS» және «TOEFL» тесттерінің сертификатын сұрауы мүмкін.

         Сайттар тізімі

internships.com

Сайт арқылы АҚШ-та тағылымдамадан өтуге болады. Мұнда негізінен инженерия, ІТ, дизайн және бизнес, қаржы саласындағы компаниялардың ұсынысы жинақталған. Бакалавриат және магистратура студенттеріне арналған тағылымдамалар бар. Өтініш білдіру үшін сайтқа тіркелу қажет.

wayup.com

Бұл сайттан төленетін тағылымдамаларды табуға болады. Бірақ сайт АҚШ аумағында тұратын және оқитын студенттерге арналған. Сайт білім деңгейі мен мамандыққа сай келетін ұсыныстарды іріктеп, назарыңызға ұсынады. Өтінішті сайт арқылы бірден компанияға жібере аласыз.

jobs.euractiv.com

Вакансиялар мен ақылы тағылымдамалар жинақталған. Маркетинг, басқару ісі, қаржы саласы бойынша Еуропада тәжірибе жинай аласыз. Бакалавриат және магистратурада оқитын студенттер үшін тиімді ұсыныстарды табуға болады. Сайтқа тіркелген соң түйіндемеңізді компанияларға жібере аласыз.

eurobrussels.com

Еуроодақтың басқарма құрылымдарында және онымен байланысты компанияларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сайтта төленетін және төленбейтін тағылымдамалар бар. Заң және экономика, басқарма ісімен байланысты факультет студенттері тиімді ұсыныстарды таба алады. Өтінішпен бірге түйіндеме, ұсынысхат талап етіледі.

idealist.org

Адам құқығын қорғау, кедейлікпен күрес, экология бойынша тағылымдамалар бар. Көптеген ұсыныстар АҚШ, Азия, Африкадағы компаниялардан келіп түседі. Психология, заң, қоғаммен байланыс факультеттерінде оқитын студенттер үшін тиімді. Кей компаниялар студенттерді баспана, сақтандыру және шәкіртақымен қамтамасыз етеді.

         goabroad.com

Түрлі елдерді тағылымдамадан өтуге көмектесетін агенттіктерді табуға арналған сервис. Бұл сайттан өзге студенттердің пікірін оқып, керектісін таңдай аласыз. Сервисті компанияларды өздігінен іздеуге дайын емес, құжат жинау барысында кеңес алғысы келетін студенттер қолдана алады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!