Фриланс – тапсырысты таңдау мен еркін жұмыс түрі. Дегенмен жұмыс қаншалықты еркін болғанымен, клиентпен байланысты талап етеді. Назарыңызға келісімшарт түрлері мен келеңсіз жағдайға тап болмау үшін оны дұрыс толтырудың нұсқасын ұсынамыз.
Не үшін керек?
Бұл – сіздің ақшаңыздың қорғаны. Дұрыс жасалған келісімшарт сізді алдаған жағдайда, сот арқылы қаржыңызды қайтаруға мүмкіндік береді. Егер тапсырыс берушімен арада келісімшарт болса, алдап кетуі екіталай. Ешкім сот алдында есеп беруді қаламайды.
Сонымен қатар мұнда тапсырыстың бірнеше ерекшеліктерін қосуға болады. Мысалы, дедлайн уақыты мен ақыны төлеу мерзімі. Бұдан бөлек келісімшарт сіздің авторлық құқығыңызды қорғайды.
Келісімшарт түрлері
Кейде тапсырыс беруші егжейлі-тегжейлі тексеріп, шарт жасауға ерінеді. Бұл жағдайда өзіңіз стандартты келісімшартты жасап шығыңыз. Шарттар тапсырыстың ерекшелігіне байланысты өзгереді.
Келісімшарттар бірнеше типке бөлінеді. Бірінші – мердігерлік келісім. Мұнда тапсырыс беруші күтілетін нақты нәтижені көрсетеді. Бұл сайт, мақала болуы мүмкін.
Екінші – қызмет көрсетуге арналған келісім. Нәтижені нақты айту қиын болғандықтан, сіздің тарапыңыздан жасалатын барлық әрекеттер осы келісімшартта ескеріледі. Мысалы, сізге бала қарау тапсырылды делік. Мердігерлік келісім бойынша нәтиже келісілгендей болмаса, қаржы өндіріп алынады. Ал қызмет көрсетуге арналған келісімде сіздің есебіңізден жұмсалған құралдарды өндіруге ғана мүмкіндік бар.
Сонымен қатар уақытша еңбек келісімі де бар. Ол қандай да бір еңбек міндеттемесі болғанда жасалады.
Агенттік келісімшарт – жарнама баптаулары мен делдалдық қызмет кезінде ыңғайлы. Әдетте мұны сіздің еңбекақыңыздан бөлек жарнама бюджеті де төленетін жағдайда жасайды.
Соңғы тип – авторлық тапсырыс келісімі. Егер сізге мақала жазуға, логотип немесе сайт жасауға тапсырыс түссе, дәл осы келісімшартты жасаңыз. Мұны тек жеке адаммен ғана жасауға болады.
Қалай қол қою керек?
Қол қоюға сіздің баруыңыз міндетті емес. Почта арқылы қол қойылған келісімді жіберуге болады. Сонымен қатар электронды қолды да пайдалана аласыз.
Біріздес келісімшарт үшін оферт-келісімін қолданыңыз. Сіз өзіңіздің келісімшартыңызды жасайсыз. Ал екінші жақ сіздің талабыңызды қабыл алады. Мұны орындаудың жолдары көп. Мысалы, алдын-ала төлем жасауға болады немесе өз реквизиттеріңізді ертерек жіберіп қоясыз.
Егер тапсырыстың ерекше тұстары көп болып, оны өзгертетін болса, бұл әдісті қолдана алмайсыз.
Кез келген келісімшартқа қол қоймас бұрын асықпай оқып алыңыз. Бұл келеңсіздіктердің алдын алады.