Логотип жасау компанияның, бизнестің бренд болуына қосқан қомақты үлесіңіз. Сол себепті логотиптің дизайнына мән берген жөн. Balbal.kz мотивациялық сайты логотип дайындауда басты назарда болу керек ережелермен бөліседі.
Мақсатты аудитория
Әр бизнесте белгілі бір тұтынушы яғни мақсатты аудитория болады. Сол клиенттің жас ерекшелігін, қызығушылығын білу маңызды.
Red Bull энергетигі. Оны тұтынушылар 20-30 жас аралығындағы ерлер. Олардың көбі жоғары оқу орнын бітірген, жұмыс істейді. Спортпен шұғылданады.
Олардың назарын аудару үшін көңіл көтеру, күлкі немесе ғылым, білім алу, т.б. қызықтыра алмайсыз. Олар нені қалайды? Күш-жігер, мықты рух, шаршаңқы болмау. Сол себепті сондай мықтылықты сипаттайтын символды табуыңыз керек.
Ал Диснейдің аудиториясы – балалар.Сол себепті оның логотипі позитивті әрі сәнді болу керек.
Ерекшелікке мән беру
Тым қарапайым болмаңыз. Авиакомпания болса, ұшақтың суретін, ал әлемдік компания болса, Жер шарының суретін салу қызықсыз. Сіздің логотип өзге компаниялардан ерекшеленіп, есте қалуы қажет.
Өзектілік
Трендті қуып жетемін деп ойламаңыз. Олар тек қысқа мерзімді нәтиже береді. Қазіргі таңда Brush Script сияқты қолмен жазылған қаріптер ескіріп қалды. 3D мәтіндер де өзектілігін жоғалтты. Сондықтан ұзақ уақыт бойы қызмет ететін және жалықтырмайтын логотип жасаңыз.
Жақсы логотип шарап сияқты, уақыт өткен сайын сапалырақ бола түседі.
Қайталау
Логотип жасаған кезде өзге логотиптерді қарап шығудың қажеті жоқ. Ол кезде өз санаңыздан тыс соларды қайталауыңыз мүмкін. Өз ойыңыздағымен ғана жасап көріңіз. Кейін салыстырып, бірнеше рет өңдейсіз.
Үйлесім табу
Логотип әдемі болсын деп қаріп түрі мен түрлі түстерді қолдана бермеңіз. Логотип бір мағына, бір негізді көрсетеді. Ал оған бірнеше элемент енгізсеңіз, мағынасын жоғалтады. Контраст көп болған сайын оның қабылдау да қиынға соғады. Қысқа әрі нұсқа ету керек. Түстердің балансын зерттеген жөн.
Пішінді қабылдау психологиясы
Логотип бір мағынаны білдіреді демекші пішіндердің де мәні бар.
Дөңгелек – жалпылау, бірлік, бір болу және толық болу.
Квадрат не төртбұрыш – кәсібилік, қауіпсіздік, баланс.
Үшбұрыш – күш-қуат, тұрақтылық, берік болу.
Түсті қабылдау психологиясы
Қызыл – энергия, жылулық, агрессия;
Жасыл – табиғи болу, этика, байлық;
Қызғылт – нәзіктік, тыныштық, сұлулық;
Көгілдір – тазалық, жетістік, кәсібилік;
Сары – интеллект, оптимист, қуаныш;
Қызғылт-сары – достық, көпшіл болу;
Күлгін – түйсік, креатив, бейнелі болу;
Қара – ресмилік, күш, талғампаздық;
Бейімделу
Логотип кез-келген жағдайда көрініс таба алу керек. Логотип дизайны дайын болса, оны тексеру керек. Ол кішкентай не үлкен масштабта қалай көрінеді? Логотиптің үлкен лед экрандағы көрінісі қандай болса, ол смартфонда да сондай әсер қалдыру керек. Ал түрлі-түрлі қағаз болмағанда ақ-қара нұсқасында қалай? Кез-келген кейіпте оны бірден тани алғаны маңызды.
Орындаған: Қырмызы Скендирова