Біліп жүр

Marvel: Комикстер империясының құрылуы

Marvel қалай пайда болды?

Marvel Entertainment – комикстер негізінде құрылған ірі америкалық компания. Бүгінгі таңда «Marvel» 5 000-ға жуық комикс кейіпкерлерін дүниеге әкелген.  Balbal.kz сайты «Marvel Entertainment»-тің құрылу тарихы жайлы материалды назарыңызға ұсынады.

         Компанияның құрылуы және алғашқы кейіпкер

1930 жылдары Мартин Гудмен түрлі журналдар, шағын газеттер басумен шұғылданды. Алайда мұндай басылымдардың оқырмандары аз еді. Барлық газет-журналдарды бір ғана авторлар тобы дайындағанымен, олар әр түрлі брендтердің атауымен жарыққа шықты. 1939 жылы Гудмен өзі құрған бірнеше басылымды бір ортаға жинап, «Timely Comics» компаниясының негізін салды.

Комикстің редакторы қызметін Джо Саймон атқарды. Карл Бургос пен Билл Эверт есімді суретшілер алғашқы кейіпкерлер «От адам» мен «Сүңгуір Немор»-ды халық назарына ұсынды. Қоғам арасында комикстер енді таралып жатқан уақытта компанияның бұл өнімі жылдам сатылып кетті.

1939 жылы Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталуы көптеген өндірістік салаға әсер етті. Әлемдегі жағдай ушыққан сайын халыққа үміт сыйлап, жігерлендіретін кейіпкер қажет болды. Осылайша Джо Саймон мен Джек Кирби біріге отырып, 1941 жылы әлемге жаңа кейіпкер – «Капитан Американы» таныстырды.

Көк қалқан мен АҚШ туына ұқсас киім киген комикс батыры арқылы сол уақыттағы жамандықпен күресті көрсетіп, Американың күш-қуатын танытқысы келді. Дәл осы уақытта компания авторларының қатарына Стэнли Мартин Либер (Стэн Ли) қосылды.

         Комикстер нарығындағы бәсеке

1934 жылы құрылған «DC Comics» комикс нарығын жаулап үлгерген еді. Компанияның басты кейіпкерлері «Бэтмен» мен «Суперменді» халық ерекше ықыласпен қабыл алды. «DC Comics» қалыпты шеңберден шығып, жаңа бағытқа бет алған еді. Енді комикс кейіпкерлер бірге жұмыс істеп, жамандықпен бірлесе отырып күресті. Мұны көрген Стэн Ли де өзінің жаңа жобасын дайындады. «Таңғажайып төрттік» деп аталатын кейіпкерлер тобы комикстегі жаңа жанрға айналды.

1962 жыл «Marvel» үшін жемісті  болды. Бұл уақытта комикстер бетінде «Өрмекші адам», «Дәрігер Дум», «Халк» сынды кейіпкерлер пайда болды. Ал 1963 жылы оқырмандар «Темір адаммен» танысты.

1970 жылдары «DC Comics» «Marvel» компаниясындағы авторлардың бірі, Джек Кирбиді жұмысқа алды. Бұл «Marvel» үшін қиын кезеңдердің бірі болды. Сатылым деңгейі төмендеп, компания тығырыққа тірелді. Дегенмен қиындықтарға қарамастан компания өз кейіпкерлерін дамытумен шұғылданды.

2009 жылы «Marvel» толығымен «Disney» медиахолдингінің қол астына өтті. Осы кезеңде комикс кейіпкерлері жайлы жаңа фильмдер түсіріліп, «Marvel» кино әлемінің алыбына айналды.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!