Мінсіз түйіндеме кез келгенімізге тезірек жұмысқа қабылданып, лайықты еңбекақы алуға көмектесе алады. Алайда жүз түйіндеменің ішінен ерекше көзге түсіп, есте қалатын түйіндеме жазу үшін не білу керек? Мінсіз түйіндеме жазу барысында сақталуы тиіс ережелер туралы сөз қозғағанбыз. Көбіміздің жіберетін қателіктеріміз бірдей екендігін білетін бе едіңіз?
Ақпараттың тым көп болуы
Тәжірибелі маманның түйіндемесі әдетте ұзақ әрі ақпаратқа бай болып келеді. Қабілеті, тәжірибесі, жетістіктері, білімі туралы бәрін ашып жазады. Шын мәнісінде, бәрін жазудың қажеті жоқ. Тек нақтысын, елең еткізерін жазыңыз. Ал қалғанын сөйлесуге барғанда өз аузыңызбен айтып бергеніңіз қисынды.
Түйіндемені, жалпы кез келген мәтінді оқудың 2 түрі бар:
Үстіртін қарап шығу;
Асықпай оқып шығу (әр сөйлеміне, қызыл жолына тоқталып оқу).
HR маманы түйіндемені үстіртін қарап шығады. Содан барып «асықпай қарап шығамын ба, жоқ па?» деп шешім қабылдайды.
Түйіндеме жазу барысындағы мақсат – көп ақпарат беру емес, көзге түсетін нақты ақпарат ұсыну.
Жұмыс тәжірибеңіз 5 жылға дейін болса, түйіндемеңіз бір бет болсын. Ал жұмыс істегеніңізге 5 жылдан көп болса, бар ақпаратты 2 бетке сыйдырыңыз.
Лауазымның түсініксіз не күрделі жазылуы
Жұмыс беруші де түйіндемені ең алдымен үстіртін қарап шығады. Бірнеше секунд ішінде «мен іздеген адам осы ма?» деп шешім қабылдап үлгереді. Сондықтан лауазымды күрделі не түсініксіз етіп жазу жұмыс берушіні шошытады. Тура еңбек кітапшасында көрсетілгендей жазу міндетті емес. Лауазымыңыз қысқа әрі түсінікті болуы шарт.
Бастысы, өзіңіздің атқарушы не жетекші екеніңізді ажыратып жазыңыз. Жаңа жұмыс орнында жетекшілік қызмет еткіңіз келсе, тапсырманы бұлжытпай орындайтын атқарушылық қабілеттеріңізге тоқталмаңыз. Керісінше адамды қалай басқаратыныңыз, құндылықтарды жеткізе алуыңыз туралы бір-екі ауыз сөз жазыңыз. Жұмыс берушімен жұмыс берушінің тілінде сөйлессеңіз, тезірек жұмысқа ілігіп кетесіз.
Жұртты жалықтырған сөздерді қолдану
Жұрттың бәрі түйіндемесінде былай деп жазады:
Жауапкершілігім мол;
Тез бейімделемін;
Адамдармен тез тіл табысамын;
Пунктуалдымын.
Жұмыс берушіде, HR маман да бұл тіркестерге әбден «тойған» адамдар. Жұрттың бәрі жазатын ақпаратты түйіндемеде жазу сізді солардың бірі ететінін естен шығармаңыз. Түйіндемеңізде осылардың бірі кездессе, дәл қазір өшіріп тастаңыз. Оданша ашығын айтыңыз: «көп сөзді емес, нақты істі жақсы көремін», «ұрысқақ емеспін», «кешігіп жүретін әдетім жоқ» немесе «анда-санда кешігіп қаламын, бірақ күттіріп қойғаным үшін шоколад сыйлаймын», «өз ісімді ұнатамын» дегендей түрлендіріп жазу сіздің де қолыңыздан келеді.
Жеке ақпараттың көп болуы
Кейбір түйіндемелерден жұмыс іздеуші туралы сан түрлі ақпарат алуға болады. Олардың жұмысқа қатысы болмаса да жұмыс іздеуші бәрін жазып қояды. Мысалы, мекенжайы, хоббиі, балаларының жасы, қашан және қай кезде, қай айда туылғаны, астындағы машинасының маркасы, бұрынғы жұмыстан не себепті кеткендігі.
Бұлардың бәрін жазудың қисыны жоқ. Әсіресе, бұрынғы жұмыстан кету себебін жарияламаңыз.
Түйіндеме іскерлік құжат болғандықтан бәрі жеке ақпаратқа тоқталудың қажеті жоқ.
Түйіндемеге фото керек пе?
Түйіндемеге фото қойсаңыз болады. Керек не керек емес деп кесіп айтуға болмас. Мәселе – фотоның сапасы мен стилінде. Түйіндемеге өз фотоңызды қойсаңыз да, іскерлік стильдегі фотоңызды таңдап алыңыз. Тойдан түсірілген, демалыс кезінде түсірілген фотолар керек емес.
Түйіндеменің әдемі болмауы
Бір түйіндеменің өзінде неше түрлі өлшемдегі, стильдегі қаріптер, жарты бетті алатын адамның фотосы, тым көп баған болады. Мұның бәрі түйіндемені оқуға тартымсыз етеді. Кейбір адамдар аты-жөнін үшке бөліп, «тегі», «аты», «әкесінің атасы» деп жеке-жеке жазады. Бір қарағанның өзінде «бұл лайықты кандидат емес» деген ой жылт ете қалады.
Жетістіктердің болмауы
Түйіндемелердің көбісінде жұмыс іздеуші жетістіктеріне мән бермейді. Ал шын мәнінде жұмыс беруші оның жетістіктерін көргісі келеді. Қол жеткізген жетістіктері болмағандықтан жұмыс іздеушінің сөйлесуге шақыру алуы екіталай. Себебі бір жылдан артық жұмыс тәжірибесі бар адам өз саласында жетістікке жетуге ұмтылуы керек. Жетістікке байқауды жеңу, марапат алуды ғана емес, жаңа білім алу мен қарым-қабілетті дамытуды да жатқыза аламыз.
Бизнесіңіз болғанын түйіндемеде жазу
Жеке кәсібін тастап, жалдамалы қызметке кетемін дейтіндерге жұмыс табу қиынырақ. Себебі олар түйіндемесінде пәленбай жыл бизнеспен айналысқандарын жазады. Негізі, аты дүркіреген үлкен компания болмаса, кәсібін фрилансерлік ретінде көрсеткені дұрысырақ. Өзін-өзі асыра мақтайтын жұмыскер де жұмыс берушіге керек емес. Өзіңізді қаһарман ретінде көрсетпеңіз. Шынайы болыңыз, бірақ жұмысқа тұрып кетуіңізге кедергі жасайтын кей дәйектерді жасырып қалыңыз.
Материал «Мансабыңыздың ақпараттық қолдауы» жобасының жетекшісі Сергей Щериновтің нұсқаулығының қазақшаға аударылған нұсқасы болып табылады.