Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас- ты.
Істеріңіз алға баспай, өмірдің қатыгез сәттеріне тап болсаңыз, түскен рухыңызды қайта көтеру үшін жігерлендіретін өлең оқып көріңіз. Қазақ әдебиетінде дәл мұндай жағдайға арналған туындылар көп. Balbal солардың бірнешеуін топтастырып, назарларыңызға ұсынады.
Махамбет Өтемісұлы, «Ерулі атқа ер салмай»
Ерулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Әр түйірі ат болмай,
Атыңды байлап келгенде,
Қатын-бала жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Сұлтанмахмұт Торайғыров, «Шәкірт ойы»
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, Күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып Күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр — бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас.
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі.
Мағжан Жұмабаев, «Мен жастарға сенемін»
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан,
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер,
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!
Мұқағали Мақатаев, «Қатыгез қайсыбір сағатта»
Қатыгез қайсыбір сағатта,
Өмірді келеді тастағың.
Сонда да үмітті жоғалтпа,
Қаралы күндерден қашпағын.
Сабыр ет, тоқтау қыл, шеше біл,
Тағдырың улы оғын жолдаса.
Өзің-ақ ойлашы, несі өмір,
Қуаныш, қайғысы болмаса?
Қай жерде тіршілік, өмір бар,
Сол жерде қуаныш, қайғы да.
Болса да алдың — құз, артың — жар,
Төзе біл, өмір сүр, айныма.
Мұқағали Мақатаев, «Шыда, шыда»
Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы,
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің Кұлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады…
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір — өмір! Болмайды түңілуге!
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып, табынбағын.
Шыда, шыда,
Шыдай түс, тағы шыда!
Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға…
Фариза Оңғарсынова, «Мен жалындап өтемін»
Мен жалындап өтемін
Қариялардың қимайтын жас шағы болып,
Балапандардың талпынар асқары болып,
Ару қыздардың аңсаған арманы болып,
Асқақ жандардың алаулы таңдары болып;
Жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,
Сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып…
Мендегі арынды екпінге дауыл көрмеген
Бишара жандар жатсын бір тамсанып өліп.
Мен келемін өтсем деп армандарды асып,
Алаулы жаным арайлы таңдарға ғашық.
Жаныма серік болуға жарай алмайды
Жүйрік жылдарға ілеспей қалғандар жасып.
Мен талпынбаймын
Топастықпенен күн көрер тыныш тұғырға,
Арам ойлармен сақтаман қылышты қында.
Жырларымды оқып құлшынсын оты бар жандар
Уақытпен бірге өлмейтін бір іс қылуға.
Жүрмесе болды адамдар
Тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,
Жасықтар жүрсін, кездессе, жасқана қалып.
Несіне жүрем әйтпесе қара жерде мен
Жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!…
Тұманбай Молдағалиев, «Борыш»
Лыпылдап түскеніммен жылдам көзге,
Мен жолдас таба алмадым жырдан өзге.
Қайғыны шабу керек қылышпенен,
Ай-күнің сені аялап тұрған кезде.
Арала дүниені ден сауында,
Бергені саған Құдай берсе ауылға.
Дайында қызыңа да жасауды ерте,
Тайын да көрсетіп қой асау ұлға.
Ұйқыдан жүр өзіңді кіл оятып,
Ойлану, ояу жүру — о да бақыт.
Әкелік борыш деген борышыңды
Ұмытып кетіп жүрме Құдай атып.
Жансың ба жаурағанға от беретін,
Жомарт бол аздың өзін көп көретін.
Ағалық борыш та бар атқаратын,
Бір өзің іні алдында өткеретін.
Қайғыны, бірге көрдік қуанышты,
Көгіне кеудемізден қыран ұшты.
Борыш бар азаматтық ел алдында,
Қалай да өтеу керек сол борышты.
Мұхтар Шаханов, «Жігерлендіру»
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың,
Сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып.
Қырмызы күнім өтті деп,
Сенгенім сатып кетті деп,
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың,:
Мен бірақ селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені — өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін… қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға.
Басыңдағы бөрік пе, орамал ма?
Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп…
Тоқырау білмес айбыны
Адалдық деген — әлемнің ұлы байлығы.
Бетіне жиған ұятты
Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
Тірлікте осы баланы
Өкпелететіндер бар да,
Жұбататындар бар.
Жек көретіндер бар да,
Ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
Жанын сап қорғайтындар бар.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойыңды шығар өріске.
Өзің-ақ айтшы, ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше!