Біліп жүр
Полиглот тұлғалардың тілдерді меңгеру әдістері
Полиглот дегеніміз – бірнеше тілді меңгерген адам. Полиглот болу үшін ерекше дарын иесі не вундеркинд болып туылу керек деп ойлайды. Алайда ол қате пікір. Бұл кісілердің ондай нәтижеге жету себебі керісінше тілдерді меңгеруінің арқасында. Адам көп оқып, миын әрдайым жаттықтырған сайын есте сақтау қабілеті де артады. Қазіргі таңда көпшілігі бір шет тіл меңгеру үшін қатты қиналады. Ал полиглоттардың пікірінше, алғашқы үйренген шет тілін меңгеріп кету қиынырақ, ал одан кейін үйренетін тілдер сіз үшін ондай қиындық тудырмайды. Тағы бір ескеретін жайт, 5-6 тілді меңгерген полиглоттар ол тілдің бәрін жетік біледі деген сөз жоқ. 2-3 тілді өте жақсы білетін болса, қалған тілдерді қарапайым ауызекі тілде біледі. Көбіне тілдің көмегімен сол елде тіршілік ете алатындай дәрежеде меңгерсе болғаны.
Әлемдегі ең танымал полиглоттар
- Кардинал Джузеппе Меццофанти 80-90 тіл білген
- Аудармашы Като Ломб 16 тілде сөйлей алған
- Археолог Генрих Шлиман 15 тілді меңгерген
- Жазушы Лев Толстой 15 тіл білген
- Жазушы Александр Грибоедов 9 тілде сөйлеген
- Никола Тесла 8 тілді білген
- Жазушы Энтони Берджесс 12 тілде сөйлей алған
Бүгінгі күннің полиглоттары
- Лука Лампариелло 10 тіл меңгерген
- Сэм Жандро 6 тілде сөйлейді
- Олли Ричардс 8 тіл біледі
- Рэнди Хант 6 тілге жетік
- Донован Нагел 10 тілді біледі
- Бэнни Льюис 11 тілді меңгерген.
Тілдерді меңгеру әдістері
Мақсат қою
Тілді өзгелерден қалып қоймау не жаныңыздағылар оқығандықтан меңгеремін деп ойласаңыз, онда түк шықпайды. Нақты мақсат болу керек. Мысалы, шетелдік компанияға жұмысқа тұру, сериалдарды аудармасыз түсіну, шетелдегі университетке оқуға түсу, т.б. Сіз тіл меңгеруді межелеген уақытқа жоспарламасаңыз, онда нәтижеге қол жеткізу қиын болады.
Маманмен дайындалу
Көптеген полиглоттардың сұқбаттарында олардың өз беттерінше тілді үйренуге кірісіп кеткенін естіген боларсыздар. Алайда сол тіл туралы базаны қалыптастыру үшін кемінде 1-2 сабақты мұғалімнен үйрену керек. Ал кейіннен өзіңізге сенімді болсаңыз, өз бетіңізбен үйрене аласыз.
Тілдесу
Тіпті он шақты ғана сөз білсеңіз де, соларды қолданып, сөйлесуге тырысыңыз. Осы арқылы сіз лексиканы меңгеріп, орфоэпиялық норманы қалыптастырасыз. Сол тілді бірге үйреніп жүрген досыңызбен, мұғаліміңізбен сөйлесуге ұялмаңыз. Pre-Intermediаte деңгейіне жеткенде сол тілде сөйлейтін адамдармен әңгімелесуді әдетке айналдырыңыз. Осы кезде сіз грамматиканы еске түсіріп, қиналып отырмай, тілдесушінің сөз саптауынан-ақ есіңізге сақтап қаласыз. Қазіргі таңда шет тілді адамдармен сөйлесетін көптеген сайттар бар.
Сөз тіркестерін жаттау
Тіл үйрену кезінде сөздіктегі сөздерді жаттаудың пайдасы жоқ. Белгілі бір мәтінді алып, сондағы таныс емес сөз тіркестерін не толық сөйлемді жаттауға тырысыңыз. Осы арқылы тек сол сөздердің мағынасын ғана емес, оның қолданылатын жерін де білетін боласыз.
Практикаға көңіл бөлу
Шет тілдерді үйрену кезінде грамматика керек пе, жоқ па деген сұрақ ғаламтор беттерінде көп талқыланады. Алайда полиглоттар теориялық білімге аса қатты назар аудармайды. Тілді егжей-тегжейлі меңгеру мүмкін емес. Бір тілді толық меңгерген соң ғана екінші тілге көшемін деп жоспарласаңыз, ешқашан полиглот бола алмайсыз. Көбіне практикаға, сөйлеуге көңіл бөлу керек. Бір шет тілде сөйлей алатын болсаңыз, екінші тілді меңгеруге көше бастаған жөн.
Тыңдау
Кейбір полиглоттар үйреніп жүрген тілде тыңдауды жөн көреді. Тіпті соның ішінде тек 10-20%-ын ғана білетін болсаңыз да, мұқият тыңдаудан жалықпау керек. Сіз біртіндеп бұрын естімеген сөйлеу дыбысының ерекшеліктерін үйреніп, оған қандай дыбыстар мен интонацияның тән екенін естисіз.
Қателесуден қорықпау
Адамдар ойында көп нәрсе тұрса да, сөйлеуге қорқады. Себебі грамматикалық қателіктерді болдырмауға тырысады. Сөйлесу кезінде грамматикалық мінсіздікті шетке ысырып қоя тұрыңыз. Ойыңызға келген сөздік қорын емін-еркін пайдаланыңыз.
Үздіксіз оқу
Бес күнде үйрену, бес айда біліп шығу деген болмайды. Тілді үйрену үшін үздіксіз еңбектеніңіз. Бір тілді үйренген соң оны шетке ысырып, екіншісіне көшкеннен нәтиже шықпайды. Олар әрдайым қолданыста болу керек. Кемінде аптасына 3-4 сағат тілдерді меңгеруге уақыт бөлгеніңіз жөн.
Есте сақтау қабілетін жақсарту
Есте сақтау қабілеті жақсы болса, жаңа сөздерді үйрену оңайырақ болады. Шет тіліндегі әндер айту, шет тіліндегі сканвордтарды шешу миға оң әсер ететінін естен шығармаған жөн.
Реттілікті сақтау
Шамаңызға қараңыз. Бастапқы күндері бірнеше тілді бірден оқу сізге қызықты көрінуі мүмкін. Алайда белгілі бір жоспармен жұмыс істегеніңіз жөн. Тіл үйрену кезінде барлық әдістерді бірден қолданып, барлығын бірдей тыңдай бермеңіз. Сіздің оқу бағдарламаңызда 10-20 сілтемеден артық материал болмау керек.
Полиглоттардың ойлары
Жоғары нәтижеге жетуге асықпаңыз. Процесті ұнатыңыз. Бұл баяу болуы мүмкін және әр кезде оңай бола бермейді. Бірақ шыдасаңыз, нәтижесі қуаныш әкеледі
Донован Нагель, 10 тілді білетін полиглот
Сіз үйде кино көру, подкасттар мен музыканы тыңдау, кітап оқу арқылы тілдік ортаға түсе аласыз. Сізге тек интернет байланысы қажет.
Олли Ричардс, 8 тілді полиглот
Менің тіл үйренудегі сүйікті ісім — адамдармен қарым-қатынас жасау! Бұл өте ыңғайлы екендігі белгілі, себебі біз тілді осы үшін де үйреніп жүрміз. Біз тілді қолдану үшін үйренеміз. Тіл дағды болғандықтан оны жетілдірудің ең жақсы тәсілі – сол тілді қолдану.
Рэнди Хант, 6 тілді білетін полиглот
Мен подкасттарды, сұхбаттарды, аудио кітаптарды немесе тіпті музыканы үйреніп жүрген тілде тыңдағанды ұнатамын. Бұл маған уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы мен аса қатты шаршай қоймаймын.
Сэм Гендро, 6 тілді полиглот
Күніне кемінде екі жүз қате жіберіңіз. Мен бұл тілді қатесіз де, қатемен де қолданғым келеді.
Банни Льюис, 11 тілді полиглот
Тіл үйренетін нәрсе емес, керісінше өмір сүруге, дем алуға және ләззат алуға мүмкіндік беретін нәрсе.
Лука Лампариелло, 10 тілді полиглот
Дайындаған: Скендирова Қырмызы