Біліп жүр

Робототехника. Ең үздік 7 робот

Робототехника саласының ең соңғы жаңалықтары

Робототехника – ХХІ ғасырдағы ғылыми ашылулардың ішінде адамзатты таңғалдырып, көп талқыланып жүрген жаңа сала. Адам интеллектісіне сәйкестендіріп құрылған машиналар көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Қазіргі таңда әлемде 3,5 мыңнан астам компания робототехника саласын дамытумен айналысып жатыр. Ендеше ең үздік роботтармен танысыңыздар.

 Samsung Bot Care

Samsung компаниясы көмекші бірнеше роботтар легін ұсынды. Бұл машина денсаулықты бақылау бойынша бірқатар қызметтерді ұсынады. Робот пациенттерге дәрі қабылдау уақытын еске сала алады. Егер қарт адам сүрініп, құлап қалса, оған алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырады. Құрылғының кейбір функциялары дені сау адамдар үшін қызықты болуы мүмкін. Мысалы, оның ішінде ұйқыға арналған монитор бар. Сіз ұйықтап жатқанда робот сіздің тынысыңызды тыңдап, қаншалықты демалғаныңызды анықтайды.

Samsung Bot Retail

Bot Retail роботы өз әріптестеріне қарағанда ақылды. Ол мейрамханаларда, бөлшек сауда дүкендерінде және басқа да жерлерде клиенттерге қызмет көрсетуге арналған. Жалпы алғанда, робот сатушыларды, даяшыларды және басқа қызмет көрсету персоналын толығымен ауыстыра алады.

Ubtech Walker

Ол CES 2018 көрмесінде жарыққа шықты, бірақ содан бері ол әлдеқайда жетілдірілген. Сол жылы ол жай ғана аяқтары бар дауыстық көмекші болды. Бүгін Уолкер адам кейпіне ұқсастандырылып, екі қолға ие болды. Қолдарының арқасында ол иесіне әртүрлі ұсақ заттарды алып келуді үйренді. Мысалы, Walker сізге бір стақан су алып келе алады. Оның қызметі – адамның бұйрықтарын мүлтіксіз орындау.

Softbank Pepper

SoftBank Robotics француз компаниясы көрмеге Pepper роботын әкелді. 2018 жылдың ақпан айынан бастап осы робот Мюнхен әуежайында қызмет көрсетіп жүр. Терминал — 2 жолаушылары көмек сұрап, роботқа хабарласа алады. Мысалы, оған қону орнына қалай бару керек, қай мейрамханадан тамақтанған тиімді немесе белгілі бір дүкенді қалай табу керек деген сұрақтар қойылуы мүмкін. Роботты жасап шығарған компанияның пікірінше, 120 см-ге созылған робот басқа салаларда, мысалы, даяшы немесе сатушы ретінде қызмет атқара алады.

Zoetic Kiki

Zoetic Kiki жасанды интеллекттілі үй жануар-роботы. Роботтың мұрнында камера орналасқан. Камераның көмегімен ол иесінің бетін танып, оның қимыл-қозғалысын бақылайды. AI қозғалтқышы жеке тұлға қылықтарына еліктеп, адамның әрекеттеріне бейімделуге тырысады. Роботтың функциясы – адамның көңілін көтеру, достасу. Егер роботқа адам қайғылы болып көрінсе, ол иесін күлдіруге тырысады.

Азаматтығы бар робот

София – бұл Гонконгтың Hanson Robotics компаниясы жасаған әйел (гиноид) түріндегі гуманоидты робот. Британдық актриса Одри Хепбернның түріне ұқсастырып жасалған. Ол адамдардың түрі мен мінез-құлқына сәйкестендіріліп, соларға бейімделуге, адамдармен жұмыс істеуге арналған. Софиямен бүкіл әлемде көптеген кездесулер өтті. 2017 жылдың қазан айында ол Сауд Арабиясының азаматы атанды. Ол азаматтық алған тарихтағы алғашқы робот.

Тележүргізуші робот

Қытайдың «Синьхуа» мемлекеттік жаңалықтар агенттігі Sogou.com қытайлық іздеу жүйесімен біріге отырып, әлемдегі алғашқы тележүргізуші роботты эфирге шығарды. Роботтың сыртқы көрінісі тележүргізуші Чжан Чжаодан көшірілген.

Кейіннен Ресейде Тума Урман атты робот шығарылып, тележүргізуші Анна Урманцеваның түріне сәйкестендірілді. Ол болашақта Анна Урманцеваның орнына «Мозговой штурм» телебағдарламасын жүргізеді деген болжам бар.

Жасанды интеллекттің айтылып өткен перспективалы әлеуетіне қарамастан, ғалымдардың роботтар туралы ойы екіге бөлінді: біреуі оның пайдасына сенімді болса, басқалары оның адамзатты жоюға қабілетті екенін ескертеді. Иә, кез-келген құбылыс өзінің пайдасы мен зиянын бірдей әкеледі. Заманауи технологияның ұсынып отырған мүмкіндіктерін дұрыс және орынды пайдаланып, адамзатқа тигізер зиянынан аулақ болып, алдын алу адамзаттың өз қолында.

Дайындаған: Скендирова Қырмызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!