Біліп жүр

Телефон арқылы тілдесудің 5 лайфхагы

Телефон ― өміріміздің айнымас бөлшегі. Телефонсыз өміріңізді елестете аласыз ба? Мүмкін емес, солай ғой? Онсыз адам қолы қысқа, құлағы керең болып қалғандай күй кешеді. Телефонмен табыс табу өрісі кеңейді және бизнесмендердің уақытын үнемдей түсті. Табысқа жету үшін ең алдымен бизнестегі әдептілік пен мәдениеттің тиімді тәсілдерін білу керек. Сол себепті телефонмен сөйлесудің төмендегі 5 тетігін естен шығармаңыз.

1.Телефон тұтқасын қай кезде көтерген абзал


Телефон тұтқасын қай кезде, қалай көтергеніңізге байланысты хабарласушыға өзіңіз туралы ой қалыптастыратыныңызды ұмытпаңыз. Мәселен, бірінші дыбыс белгісінде бірден тұтқаны көтерсеңіз, жұмыссыз бос отырғандай көрінесіз. Ал бесінші дыбыс белгісінен асқанша көтермесеңіз, орынында жоқ деп біледі. Сол себепті телефонның бірінші дыбыс белгісінде ісіңізді тоқтатып, екінші белгісінде ойыңызды жинақтап, үшінші дыбыс белгісінде тұтқаны көтеріңіз.

2. Дауысыңыздан қандай адам екеніңіз білінеді.


Телефон тұтқасын көтергенде дауыс ырғағыңызды бірқалыпты етіп, анық әрі нақты сөйлеуге тырысыңыз. Дауысыңыздан көңіл-күйіңіз білініп тұрмауы керек. Егер хабарласушымен баяу дауыспен сөйлессеңіз, ол сізбен сөйлесуге құлықсыздық танытады. Сонымен қатар тамақ жеп немесе сағыз шайнап тұрып, тұтқаны көтермеңіз. Олай болса хабарласушы сізді мәдениеті төмен адам ретінде қабылдап қалады.

 3. Қолыңыз босамай жатса, сәл күте тұруын өтініңіз.


Телефонмен сөйлесіп жатқанда шұғыл іс шығып қалса, тұтынушыға бір сәтке күте тұруын өтініңіз. Оны он жеті секундтан артық күттірмеңіз. Ал қолыңыз босай қалған соң дереу тұтқаны көтеріп: «Мені күткеніңізге үлкен рақмет» деп алғыс білдіруді естен шығармаңыз.

 4. Алдымен өзіңізді таныстырып алып, сөйлеушінің аты-жөнін сұрап, біліп алыңыз.

Тұтқаны көтерген уақытта ең алдымен өзіңізді таныстырып алып, хабарласушының атын біліп алуға тырысыңыз. Әр адам өзінің атын естігенді жақсы көргендіктен, сіздің дауысынан танып, атын айтқаныңыз әр хабарласушының көңілін бір көтеріп тастары анық.

5. Хабарласушының көңілінен шығуға тырысыңыз.

Әңгіме ауасын аңдып, хабарласушының ыңғайына қарай сөйлесіңіз. Сұрағаны жоқ болса, оның орынына басқа тауар ұсыныңыз. Ешқашан «жоқ», «білмеймін» деген сөздерді айтпауғы тырысыңыз.

Телефонмен сыпайы сөйлесу арқылы өзіңіз жайлы жақсы түсінік қалыптастыра аласыз. Сөйлеу мәнеріңіздің жағымды болғаны кез келген ісіңіздің алға басуына жол ашады, яғни, сөз өнері – серіктеспен, тұтынушымен тіл табысудың бірден бір кепілі. Бизнесте тауарыңды біреуге өткізсең де, сатып алсаң да алдымен делдал болатын қызыл тіл. Сол себепті кез келген салада шешендікті, мәдениетті сөйлеу тәсілі мен үн ырғақты меңгерудің маңызы зор.

Дайындаған: Жалғасова Дильназ

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!