Біліп жүр

Ыбырай Алтынсарин – феминист

Ыбырай Алтынсарин неге феминист?

Ыбырай Алтынсарин – қазақ жеріндегі феминизмнің атасы. Дәл осы феминизмнің төңірегінде үлкен дау-дамайлар болып жатқан бүгінгі күні біз ұлы ағартушының үлкен еңбегін естен шығарғандаймыз. Қаншама жылдан бері қыз баласына көрсетіліп келе жатқан кедергілерге Ыбырай Алтынсарин бірден қарсы тұрып, тұңғыш рет 1887 жылы Ырғыз қаласында қыздарға арнап мектеп ашты. Бұл Ы.Алтынсариннің ХІХ ғасырда қазақ өлкесінде жасаған үлкен гендерлік революциясы еді.

Білім және феминизм

Феминизм – кез келген салада әйелдер мен ерлер құқығының тең болуы. Алайда осы тақырыпқа келгенде екі жақты пікір пайда болатыны жасырын емес. Бірінші топ әйел адамның бостандығын көтергісі келсе, екінші топ әйелдер еркектерден бір саты төмен тұру керек деген пікірді ұстанады. Ал Ыбырай Алтынсарин әйелдер мен еркектер тең дәрежеде білім алатын болса, алдағы уақытта олардың арасында ешқандай келеңсіздіктердің болмайтынын ескерген. Себебі білім – дүниетанымның кеңеюіне жол ашатын басты құндылық.

Алғашқы әйел журналист Нәзипа Құлжанова

ХІХ ғасыр – тарихи-әлеуметтік тұрғыдан қазақ ұлтына ауыр тиген кезеңдердің бірі. Осы уақытта қараңғыдан жол ашып, қоғамның санасына сілкініс жасаған Ыбырай Алтынсариннің еңбегін қандай озық жетістікпен бағаласақ та жарасады. Алайда ХІХ ғасырға дейін де қазақ тарихында небір батыр әйелдер, айбынды арулар болғанын білеміз. Сақ ханшайымдары Томирис пен Зарина, жаугершілік заманда қолына қару алған Айбике, Айтолқын, Гаухар секілді батыл қыздардың болғаны жоғарыда айтқан сөзіміздің айқын дәлелі. Бірақ ХІХ ғасыр бұрынғыдай кескілескен ұрыстарды емес, тың ой мен батыл қадамдарды қажет етті. Осыны жақсы түсінген Ыбырай Алтынсарин әйелдердің қоғамдық істерге, билік пен саясатқа араласуына көп жағдай жасады.

Соның нәтижесінде Абылай ханның немересі Айғаным әйелдер арасында тұңғыш рет Сібір қырғыздары облысының сұлтаны болды. Ал ұлы ағартушының мектебінен түлеп ұшқан алғашқы әйел журналист Нәзипа Құлжанованың да ұлт жолында еткен еңбегі ерен.

Алашорда және феминистік бағыт

Қалай десек те Ыбырай Алтынсарин – қазақ өлкесіндегі гендерлік саясаттың негізін салған ұлы ағартушы. Сонымен қатар ол ашқан мектепте Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев сынды Алаш арыстары оқыған. Ал Алаш Орданың бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі – әйел теңсіздігін қорғау болатын. Демек Ыбырай Алтынсарин өзі ұстанған феминистік бағытты шәкірттерінің де санасына сіңдірген деп тұжырым жасауға болады.

Ахмет Қамшыбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!