Біліп жүр
«Өзен» фильмі Португалияда Бас жүлде алды
Португалияның Лиссабон және Синтра қалаларында қарашаның 16-ы мен 25-і аралығында өткен 12-ші халықаралық LEFFEST кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды. Фестивальдің «Үздік фильм» жүлдесі қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» атты туындысына бұйырды.
— Ерекше мәнерде түсірілген тамаша фильм. Бұл туынды бізді өзектілігімен, жоғары деңгейімен бірінші кадрдан-ақ таңқалдырды, — деді сахна төрінен қазылар алқасының мүшесі Марта Аргерих.
Айта кетсек, қазылар алқасының құрамына өнердің түрлі салаларында жұмыс істейтін қайраткерлер кірді, олар: Уолтер Салис және Джонатан Литтел есімді режиссерлер, американдық актриса және әнші Криста Белл, аргентиналық пианист Марта Аргерих, дирижер Ситвен Ковачевич және суретші Джордж Куэрос.
Жалпы LEFFEST кинофестивалінде бар жоғы үш жүлде – «Үздік фильм» (кино тіліндегі ең инновациялық және көркем түсірілгені үшін), «Қазылар алқасының үлкен жүлдесі» (көркемдік жағынан ерекшеленгені үшін) және «Арнайы жүлде» табысталады. Бұған дейін Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі 2013 жылы фестивальдің «Қазылар алқасының үлкен сыйлығы» жүлдесімен марапатталған болатын.
Сонымен қатар, фестивальдің марапаттау рәсімінде «Әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үшін» деген жүлде отандық режиссер Дәрежан Өмірбаевқа табысталды.