Біліп жүр

Журналист бол: Шығармашылық емтихан ережелері

Журфак емтиханы қалай өтеді?

Журналист болғысы келіп, ҰБТ тапсырып болғандар үшін басты мәселе – шығармашылық емтихан тапсыру. Жас журналист ретінде өзін көрсеткісі келетіндер үшін Balbal.kz мотивациялық сайты шығармашылық емтиханын тапсырғанда ескеретін жайттарды материал ретінде жариялайды.

ҰБТ балы

Журналистика факультетіне түсу үшін әдебиет және қазақ тілі пәнінен тест тапсыру керек деп ойлап жатады. Бірақ екі пән тапсырсаңыз жеткілікті: оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Қалған пәндер маңызды емес. Осы екеуінен 40 балл жинауға тырысыңыз.

Шығармашылық емтихан
Эссе жазғанда нені білу керек?

Емтихан екі кезеңнен тұрады: жазбаша және ауызша. Әрқайсысы 40 балдан. Барлығы 120 балл жинауыңыз керек. Бірінші кезеңде эссе немесе шығарма жазасыз. Тақырып алдын ала берілмейді. Бірақ негізінен «Журналист болғым келеді», «Туған жер», «Астана күні» және қазір болып жатқан өзекті мәселелер төңірегінде болады. Мектеп кезіндегідей бірнеше бет толтырамын деп көпірме сөздерді жазудың қажеті жоқ. Мұнда сіздің ойлау қабілетіңіз, жазу стиліңіз бағаланады. Орфографиялық, пунктуациялық қателерден сақ болыңыз.
Эссе көркем болу үшін атақты адамдардың даналық сөздерін қоссаңыз болады. Басты нәрсе – идея. «Журналистиканы бала күнімнен армандадым, Қазақстанымды сүйемін» деген тым қарабайыр нәрселер абырой әкелмейді. Тың нәрсе қосуға тырысыңыз. Журналист болу арқылы қандай мәселе шешетініңізді немесе қандай өзгеріс енгізетініңізді атап өтіңіз.

Екінші кезеңге дайындық

Сіз журналистиканы бала кезден армандап келуіңіз мүмкін. Сол үшін оған дейін жарияланған мақалаларыңызды, мақтау қағаз, грамоталарыңызды жинаңыз. Бірақ бастауыш сыныптан үздік оқығаныңыз үшін алған, журналистикаға, шығармашылыққа жанаспайтын қағаздар керек емес. Шығармаларыңызды көрсетіңіз. Портфолиоңыз мықты болсын. Кішігірім түйіндеме жазып апарсаңыз да болады. Егер мақалаңыз газетке шықпаса, Balbal.kz, massaget, bugin.kz сияқты жастар порталына материал жариялаңыз. Журналистика, медиа саласына байланысты онлайн тегін, ақылы курстарға қатысыңыз. Ол сертификаттар сіздің портфолиоңызға керек болады.

Ауызша емтиханда не білу керек?

Сіз жаңа мектеп бітірсеңіз де енді оқушы емессіз. Әділ қазылар сізді журналист ретінде көре білсін. Өзіңізге сенімді болыңыз. Сұхбаттасу кезінде сізге билет сұрақтары беріледі. Онда журналистикаға қатысты сұрақтар болады. Сол үшін журналистикаға қатысты терминдерді, басқа да ақпараттарды қарап шығыңыз. Билет сұрағын білмей қалған жағдайда журналистикаға қатысты терминдерді қоса отырып, жанрларын, оның миссиясын айтыңыз. Мектеп жасындағы оқушылар журналист деген тележүргізуші деп ойлайды. Соны армандап келеді. Бірақ журналистика – ол жазу. Қазақ журналистерін, газеттер мен бағдарламаларын біліңіз. Сіздің журналистикаға қатысы бар не жоқ екенін осыдан-ақ байқайды.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!