«Мемлекет алдындағы жауапкершілігіміз бәрімізде бірдей» дейді Айгуль Курумбаева
Бірден айта кетейік, ол да балалар үйінің тәрбиеленушісі. Рас, сегіз жасында оны асырап алушы ата-аналар табыла кетіп, үйлеріне де алып барған. «Ол отбасында жалғыз өсетінімді ойлап, өзімді бірден жайсыз сезіндім. «Ата-аналарымды» да ұната қоймадым. Содан да күні бойы көзімді жасқа бұладым да отырдым. Одан да үйреніп қалған ортама, достарыма қайтуды жөн санап, балалар үйінің басшысына өзімді кері қайтарып алуын өтіндім. Арада бір күн өтпей жатып. Балалар үйінен мен бәрін де алдым. Осы күні қандай жетістіктерге болсын тек өзімнің ғана емес, сол интернат тәрбиесінің, мұғалімдерім мен тәлімгерлерімнің, достарымның көптеп көмек көрсетуінің арқасында қол жеткіздім, адам болдым деп санаймын. Оларға айтар алғысым шексіз» дейді кейіпкеріміздің өзі. Қазір ол 26 жаста ғана. Алайда алға қойған мақсаты айқын, бағдары белгілі.
Айгуль — Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалымен бірлесіп атқарып отырған « Интернаттан кейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасына өзінің ашық пікірін қосып, өзі секілді жастарға мотивация беретін іс-әрекеттерімен бөлісіп отыр.
Бұл мәселелер екеуара сұқбатымыз барысында да басты әңгіме арқауы болып өрілді.
–Жалпы қай өңірденсің?
–Мен негізінен Алматыда дүниеге келген екенмін. Ата-анамнан бірдей айырылуыма байланысты 8-9 жасымнан бастап балалар үйінде өскенмін. Онда маған, менің достарыма көп жағдайларды бастан өткеруімізге тура келді, бір бірімізбен ұрсыстық, таластық, бір бірімізді шынайы қуаныштарға бөледік. Табысқа қол жеткізгеніңде, бұл туралы жаныңдағы жақындарыңа айтқың келеді. өкінішке қарай, олар менде болған жоқ. он үш жасымда туған ата анамды іздеп табуды арман еттім, оларға хаттар да жаздым. Тәрбиешіме оларды поштамен жолдауды өтінетінмін.
–Журналистік мамандықты меңгеріпсің. Қандай оқу орнын бітірдің?
–Жасөспірімдердің басым дені солай еткен болар, он үш жасымда өлеңдер жаза бастадым. Бәрі де анам туралы болатын. Ал 15 жасқа толғанымда балалар үйіне арнап ән жаздым. Осындай шығармашылық талпыныстарым болды. Ал 2012 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік білім гранты бойынша оқуға түстім. Мен үшін бұл үлкен жетістік болды. Бала кездегі армандарымның бірі біреуі орындалды деп қуандым. Университетте төрт жыл оқығанымда достарымды бағалауды, білім іздеуді, ең бастысы адамдармен тіл табыса білуді үйрендім. Мемлекет тарапынан грантқа ие болғанымда, осының бәрі мүмкін болды да тұрды.
Университетті бітіргеннен кейін мен білімімді одан әрі магистратурада жетілдіруге ұйғардым. Ақыры Мәскеуде оқу үшін емтихан тапсырып, тағы да грантқа ие болдым. Бұл да менің өмірімнің бір белесі болды. шәкіртақым өте аз, жатақханада тұрғанымнан, жүріс тұрысымнан артылмайтын. Бастапқыда түрлі көпшілік шараларына атсалыстым. Бұл үшін бізге 1000-1500 рубль төлейтін. Кейін оқудан тыс уақытымда мақалалар жазып, компьютер жөндеуді қолға алдым.
Қысқасы, онда оқу маған жеңілге түскен жоқ, бар күшімді жұмылдыруыма тура келді. Айтпақшы, аталған жоғары оқу орнына түсер алдында автобуста сөмкемді ұмыт қалдырып кеткенім бар. Онда жолкіреге жұмсайтын ақшам бар еді. Не істерге білмей қалдым. Содан «Болашақ» бағдарламасына қатысқым келетінін айтып, Президент әкімшілігіне қайырылдым. Алайда оған іріктеу кезеңі әлдеқашан аяқталған екен.
Сапалы білімге қол жеткізу үшін көп нәрсе жұмсауыңа да тура келеді. мысалы, менде ұшақпен ұшуға ақшам болмады, сондықтан Мәскеуге жеңіл автокөлікпен жетіп алуыма тура келді. Жолға екі тәуліктей уақытым кетті. Бұл сапарым өзін өзі ақтады да. Ең бастысы, өз ісіңе сенуің , ізденіп, еңбектенуің, текке қол қусырып отырмауың керек. Міне, сонда ғана ісің өрге басады. Осындай қиындықпен Мәскеудегі ұлттық ғылыми-зерттеу университеті ақпарат факультетінің магистратурасын бітірдім.
–Қазір қайда жұмыс істейсің?
–Газетте емеспін, арнайы сайттар үшін жұмыс жасаймын. Мәскеуде оқып экономика және қаржы, құқықтану, қаржы жымқыру әрекеттеріне қарсы іс әрекет жасау бойынша маманданып шықтым. Өзім үшін де осы тақырыптар айрықша қызықты. Мақалаларымды да осы бағыттарда жазамын. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алуларға байланысты өз жобамды жасап, әзірлеу үстіндемін. Осыған байланысты Германиядағы жетекші оқу орындарының бірінің докторантурасында оқуыма шақырту да түскен. Келесі жылы сол жаққа барып, білімімді жетілдіретін шығармын.
Қазір менің сүйікті кәсібім бар. Қиындықтардың көбі артта қалды. Жер басып жүрсің бе, бәрі де қолыңнан келеді, ендеше.
–Нұр Сұлтан қаласына қашан келдің?
–Мұнда келгеніме тоғыз жылдай болды.
–Қай балалар үйінде тәрбиелендің?
–Алғашында Алматыдағы балалар үйінде тәрбиелендім, содан кейін екінші санаттағы мүгедектігіме байланысты мүгедек балаларға арналған жетімдер үйіне ауыстырылдым. Өз басым балалар үйінде тәрбиеленгендер өмірге өкпелі келеді дегенді жиі естимін. Ал маған көшеде қалып қоймай, мемлекет қамқорлығына алыну бақыты бұйырды. Балалар үйі белгілі бір уақыт аралығында баспанам болды. Міне, осында көл көсір қуаныш, шаттыққа ие болдым. Ал бақыт деген – бұл біздің айналамыздағы адамдар, тәрбиешілер, мұғалімдер, басқа да қызметкерлер. Мұндай мекемелерде жұмыс істеу үшін жүйкең мықты болуға тиіс. Ал мүгедек балаларға екі еседей күш жұмсауыңа тура келеді. мысалы, тәрбиешіміз Наталья Григорьевна күн сайын дерлік әңгімелесіп, біз ұйықтар алдында ертегілер оқып беретін. Түрлі саяхаттар ұйымдастырды. Оқу үлгеріміміз төмендесе де, бірінші болып көмек қолын созатын. Ол біздің бақытымыз үшін өзінің уақытын аямайтын жан болды. Өзіміз үшін өмірге басқаша көзқараспен қарауымызға осындай бір ғана адамның болуы жеткілікті болды да тұрды. Сол кісінің арқасында оның алдын көрген жетім балалардың қай қайсысы да рухы күшті, тұлғалық сапаға ие азаматтар болып қалыптасты.
2010 жылы балалар үйінен түлеп ұшқаннан соң, маған сұрау салуым бойынша мекен жай бюросы ата анамның әлдеқашан өмірден озғанын хабарлады. Мен мұны өте ауыр қабылдадым. Сол кезде тәрбиешімнің «Айгуль, қамықпа, сенің әкең де, шешең де жоқ, алайда Отаның бар, демек сен жетім емессің» деп айтқан сөз әлі есімде.
Бүгінде көп нәрселер өзгерді, әлеуметтік желінің кең таралуының арқасында кім кім де өз жағдайын айтып, көмек сұрап қайырыла алады. Міне, он жыл ғана бұрын тұрғын үй кезегіне тұру мен алу қазіргіден күрделілеу еді, ал қазір бұл тұрғыда түрлі бағдарламалар бар. Мемлекет, бұл халық. Бұл жөнінде қайталап айта беруден шаршамақ емеспін.
–Астанадан бір бөлмелі үй алыпсың. Қашан кезекке тұрып едің?
–2012 жылы алдым. Рас, кезегімді біраз күтуіме де тура келді. Алайда ол кезде интернатта тұрып, жоғары оқу орнында оқыдым ғой.
–Үкіметке, жастарға айтарың бар ма?
–Негізінен адам алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жетуге талпынуы керек. Өзің талпынбасаң, саған ешкім де ештеңе бермейді. «Сенің әке-шешең жоқ, бірақ Отаның бар, демек, сен жетім емессің» деген қанатты сөз бар ғой. Менің азаматтық кредомның өзі де осы мағыналас –
ешқашан да қиындыққа мойымау, уайымға берілмеу, қиындықты ақ, адал еңбегіңмен еңсеру. Мемлекет алдындағы жауапкершілігіміз бәрімізде бірдей. Біз үлкеніміз, кішіміз болып, сол ортақ Отанымызды көркейтуге, дамытуға тиіспіз.
Мемлекет дегеніміз халық. Қазіргі жұмысқа жарамды жастағы үлкен-кішінің барлығы да бірлесе күш жұмылдырмаса, елде бірлік болмаса алға ілгерілеу қиын. Ұлы жетістіктерге де осындай жолмен біртіндеп қол жеткізе аламыз. Әрине, бәрі де бірден бола қоймайды.
Мысалы, маған тәрбиешілерім мен мұғалімдерім бойындағы барын берді. Оларды ешқашан да ұмытпай, ризашылықпен еске алып та жүремін.
Шындығына келсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетім балаларға деген қамқорлығы, ықыласы ерекше болды. Балалалар үйлері түлектерінің жеке баспанаға ие болып жатқаны да Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясаты мен көп күш жұмылдыруының арқасында мүмкін болды.
Бәрінен де өзімді жолы болғандардың қатарына қосамын. Кәдуелгі толық отбасылардың өздері қол жеткізе алмай жүрген баспанаға қол жеткізіп отырмын. Осының бәріне өзімнің еңбегіммен қол жеткіздім десем, мұным шынайы болмас еді. Мұндай қамқорлықтың бәрі де балалалар үйінде жүргенімнен бастап көрсетіле бастады. Мен мемлекетімнің аялы қамқорлығын сезініп өстім. Осы үшін де еліме, ел басшыларына айтар алғысым шексіз.
–Орысша да, қазақша да жақсы сөйлейді екенсің. Балалар үйінде басқалармен көбінесе қай тілде қарым-қатынас жасасушы едің?
–Орысша оқыдық қой кезінде. Қазір өзімнің ана тілімді оқып үйреніп жүрмін. Қазақ тілі дүниедегі ең әдемі тіл ғой, негізі.
–Айтпақшы, қиындыққа тап болған Салих деген бір досыңа көмек қолыңды созыпсың. Соның жайын айта кетсең…
–Иә, ондай оқиға да болды. Салих пен Рүстем бір балалар үйінде тәрбиеленген ғой. Салихтың Шымкент қаласында мемлекет тарапынан берілген пәтер үйі болған. Рүстем ақшасын биржаға салып, екі еселейміз деп сол үйді сатып жіберіпті. Соның салдарынан Салих түрмеге де жабыла жаздады. Өзі маған хабарласып, құқықтық тұрғыда көмек сұрады. Мен қолымнан келгенінше көмегімді бердім. Жалғыз өзім емес, біраз таныстарым, құқықтық органдар қызметкерлері, ел-жұрт болып жұмылудың нәтижесінде бұл мәселенің ақ, қарасы айқындалып, шешілу үстінде.
Осы тұрғыда менің бір ұсынысым бар. Көптеген адамдар, оның ішінде интернаттан кейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар алаяқтарға алданып, қаржысынан айырылатыны, жазықсыз айыпталып, абақтыға қамалып жататындары бар. Сондықтан балалар үйлерінде, интернат мекемелерінде тәрбиеленушілер үшін олардың құқықтық сауаттылықтарын жетілдіруге байланысты қосымша курстар ашылуына мүдделі мекемелер тарапынан ықпал етілсе, құба құп болар еді.
–Сұқбатыңа рахмет!
P.S. Айтпақшы, осы мақаланы жазып, дайындау барысында поштамызға Айгульдің атынан бір топ өлеңдер келіп түсті. Орыс тілінде жазылған екен. Оқып, таныса келе кейіпкеріміздің кәдімгідей ақын екендігіне көз жеткіздік. Әсіресе оның «Аналардың көз жасы» аталатын өлеңін толқымай, тебіренбей, бей жай оқуың мүмкін емес. Кейбір шумақтарын қазақшалап, назарларыңызға ұсынайық, Айгульдің жан сырына сіздер де ортақ болыңыздар, ойлы оқырман!
Кешіремін, әрине,
Жол жоқ қайда барарға.
Өмір қатал, бәріне
Мейіріммен қарар ма?
Ана болмаса енді кім,
Өмірдің гүлін жинасын,
Аналар шуақ, мейірімін
Балаға мәңгі сыйласын!
Өмір жолың жырға, сапарың дәйім сәттілікке толы болсын, Айгуль!
Сұқбаттасқан, Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА.