Миллионер

Арманжан Байтасов: Жемқорлық — қоғамның үлкен жауы

Медиа саласындағы азулы арыстан

Арманжан Байтасов — кәсіби журналист және «Forbes Kazakhstan» журналының құрылтайшысы. Balbal.kz сайты ірі кәсіпкердің табысқа жету жолы туралы пайдалы мағлұматтан хабардар етеді.

🔸22 ЖАСАР ЖІГІТТІҢ БАТЫЛ ҚАДАМЫ

Бар болғаны 22 жасында жеке телеканалын ашқан қазақ жігітін білесіз бе?! Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, кәсіби журналист, бүгінде ауқатты, ірі кәсіпкер Арманжан Байтасовтың телеканал ашуына не түрткі болды екен?! Арманжан мырза көптеген сұхбаттарында медиа саласына келуіне бала күнгі арманы себеп болғанын алға тартады. Жастайынан кітапқа, газет-журналға құмар жеткіншектің болашақта білікті журналист боламын деген арманы алдамаған екен. Әлбетте, кәсіпкердің бүгінгі жеткен жетістігі ерен еңбек пен мол қажыр-қайраттың нәтижесі екеніне дау жоқ. Жап-жас шағында «31 канал»-ды ашып, оны барша қазақ өлкесіне танытып, отандық медиа саласының алға жылжуына Арманжан мырзаның қосқан үлесі мол. Медиа кәсіпкер 2008 жылы «31 канал» -ды ресейлік «СТС» медиа орталығына 65 млн долларға сатып, медиа саласындағы ең ірі келісім — шартқа қол жеткізген. ⠀

Толағай табысы туралы кәсіпкердің өзі: «Менің жеткен жетістігімді бүгінгі БАҚ өкілдерінің қайталауына жағдай молынан жеткілікті. Себебі, бұрынғы 90-шы жылдардағы жағдай мен қазіргі жағдай салыстыруға келмейді. Қазір бәрі қолжетімді, жылдам және жеңіл. Таңертеңгі уақытта алынған сұхбатты монтаждап, өңдеп, кешкі уақытқа дейін эфирге беруге болады. Біздің кезімізде бұл мүмкін емес еді. Бүгінде жеке адамның өзі танымал телеканалға айнала алады. Тіпті, танымалдылығы сонша, оны тек қазақ елі ғана емес, шет елдіктер де көре алады. Шекара мен шектеу жоқ, рахат. Ең бастысы — контентіңді, яғни халыққа ұсынатын тақырыбыңды анықтап алу», — дейді медиа кәсіпкер. ⠀

🔸 «БАҚ өкілдері отандық кәсіпкерлерді қолдауы керек. Керек десеңіз, тегін жарнамасын жасап беріңіз!»

Арманжан мырзаның «Қазақстанда жасалған» концептісі отандық жас кәсіпкерлерді қолдауға жұмылдырылған. Себебі, Қазақстанда әрдайым бірнәрсе өндіріліп жатады. Кәсіпкердің ойынша, Қазақстан бәсекеге қабілетті жандардың жақсы, сапалы тауар жасауға деген ұмтылысымен орасан зор күшке ие болмақ. Арманжан Байтасов БАҚ өкілдері талапшыл, мақсатшыл кәсіпкерлерді көпшілік жұрт назарына таныстырса, өндіретін тауарын жарнамаласа, бұның өзі отандық кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен көмек боларын алға тартады. «Forbes Kazakhstan» медиа орталығына жауапты маман жас кәсіпкерлерді өздерін, өнімдерін ұсынып, почта мен әлеуметтік желілерге хат жазуын сұрайды. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, талапты жасқа қол астындағы журнал бетінен орын табыларына уәде береді.

🔸Қазақстанның бүгінгі басты мәселесі  — жемқорлық!

Арманжан Байтасов елдегі жемқорлық жағдайына наразы. Отандық шағын және ірі кәсіп иелерін аяқтан шалып, тұсаулап тұрған жемқорлықтың көзін тамырымен құртпаса, адамдардың ақшасы мен салықтарын айтпағанда,  уланған санасына көмек беру қиын болады дейді кәсіпкер. Себебі, көпшілік адам өз өнімін нөлден бастап дамытып, жетілдіріп, нарыққа шығарып, үзеңгілес компаниялармен бәсекеге түсуден гөрі, таныс-тамыр мен жоғарыдағы көкелердің қалтасын майлап, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруді құп көреді. Санасы соған үйренген, бейімделген. Жемқорлықтың қорқынышты тұсы да осы. Ол адамдардың ынтасын, бәсекеге түсу қабілетін өлтіреді. Бұндай ойлау жүйесімен елімізден Илон Масктар мен Стив Джобстардың шығуы неғайбыл дейді Арманжан мырза. ⠀

🔸 «Жаман айтпай, жақсы жоқ»

Көптеген газет-журналдар, бизнес порталдар ірі кәсіпкерлердің жетістікке жетудегі сара жолдары кедір-бұдырсыз болғанына халықты сендіргісі келеді. Жолы болмай, сәтсіздікке ұшыраған оқиғалар жоқтың қасы. Арманжан Байтасов бұл жағдайды да сынға алды.

«Елді жақсылыққа үндеген жақсы, бірақ, адамның өмірінде әрдайым жақсылық орын ала бермейтіні ақиқат. Ең ұлы жеңістер ірі жеңілістердің артынан келетініне өз басым сенімдімін», — дейді кәсіпкер.⠀

Арманжан Байтасовтың медиа саласындағы даңғыл жолы, басынан өткен оқиғалары, тәжірибе арқылы келген ақыл кеңестері кәсіпті жаңадан бастаған немесе бастағалы жүрген жандарға пайдалы боларына сенімдіміз.

Дайындаған: Айгерім Тәттіғалиева

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!