Миллионер

Айбек Қуатбай: Кішкентай кеңседен үлкен холдингке дейін

Айбек Қуатбай және оның компаниясының құрылу тарихы

Айбек Қуатбай – кәсіпкер, «Daryn.online» платформасын құрушылардың бірі. Аталмыш платформа «Bugin Holding»-тің жобасы. Кәсіпкер бизнестегі мансабын студент кезінде бастаған. Balbal.kz Айбек Қуатбайдың «Forbes.kz» журналына берген сұхбаты негізінде материал дайындады.

Ғылымнан кәсіпкерлікке

Мектепте оқып жүрген кезінде Айбек инженер болуды немесе университетте сабақ беруді қалаған. Жоғарғы сыныптарда ғылымға қызыға бастайды. Түрлі қалалық, областық және халықаралық олимпиадаға қатысқан. Осылайша Сүлеймен Демирел университетіне грант жеңіп алады. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмай, «Алтын белгі» иегері атанып, Мәскеу Мемлекеттік Университетінің механикалық-математика факультетіне түсуді қалайды. Емтихан нәтижесі бойынша 5-орынды иеленгенімен, орыс тілі емтиханынан сүрінеді. Қазақстанға қайта оралып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың математика және компьютерлік модельдеу факультетіне қабылданады.

Кәсіпкердің айтуы бойынша университет қабырғасында Асхат Жұмаділдаевпен танысқан. PhD докторанттарының дәрісіне профессор Жұмаділдаевтың сабағы үшін қатысады. «Ештеңе түсінбесем де, бәрін жазып алатынмын. Одан кейін ғаламтордың көмегімен конспектіні зерттейтінмін», — деп есіне алады Айбек Қуатбай.

Нәтижесінде компьютерлік бағдарламалауда қажетті алгебра және геометрия пәндерін таңдады. Оның бойында ғылымға деген қызығушылық бірте-бірте сөніп, кәсіпкерлік қыры ояна бастайды.

2012 жылы Айбек математиктерге арналған «Imath.kz» сайтын жасаған. Университет жатақханасының оқу залына принтер қойып, сайтты толықтыруды бастайды. Түрлі есептерді сканерлеп, олардың шешімін сайтында орналастырады. Одан кейін дәрістерді жариялап, жарнама арқылы табыс табады.

Тек математикамен ғана шұғылданудың пайдасыз екенін Айбек бірден түсінеді. 2012 жылы «Bugin.kz» сайтын құрады. Бұл қазақ тілді ақпараттық порталға айналуы тиіс болған.

7 сыныптасын және 7 университет қабырғасындағы досын жинап, әрқайсысы 20 000 теңгеден инвестиция құяды. Бұл ақшаға кеңсе жалдап, сайттың жұмысына кіріседі.

АҚШ-қа баруы

Үшінші курсты оқып жүргенінде ол «Work&Travel» жобасымен АҚШ-қа аттанды. Ал сайтты қашықтықтан басқарады. Айбек «McDonald’s»-та жұмыс істеу арқылы ағылшын тілін жетілдіреді. Бірнеше айдың ішінде 7 000 доллар табыс табады. Вашингтон, Мэриленд, Бостон, Нью-Йорк сынды қалаларға барып, Гарвард университетінің кампусына жолы түскен. Кампусты аралап, студенттермен әңгімелеседі.

2012 жылдың күзінде кәсіпкер елге оралды. Бұл уақытта  «Bugin.kz» сайтының құрамында тек 3 адам ғана қалады. Инвестициясыз республикалық деңгейдегі порталға айналу қиын еді. Осылайша сайт жасау ісімен шұғылдануды қолға алды.

Кейін Айбек «Bugin Holding»-ті тіркейді. Оның серіктесі Нұрбақыт Жұлдызбайұлы болды. Холдинг негізінен сайт және мобильді қосымшалар жасаумен шұғылданды. Бастапқыда Айбек пен оның командасы мейрамханаларды аралап, өз қызметін таныстырады. Ал АҚШ-та тапқан ақшасы ноутбук пен камера сатып алуға жұмсалды.

Жаңа жоба

2014-2017 жылдар аралығында Айбек пен оның серіктестері бизнесті дамытатын жоба іздеумен шұғылданды. Тіпті «2GIS» жүйесіне ұқсас өнім жасауды да қолға алады. Уақыт өте маңызды тапсырыс келіп түскен. Командаға ақылы жолға арналған бағдарламалық жасақтауды ойлап табу қажет еді. Бұл жобаны іске асырған соң олар алғашқы 1 миллион долларын табады.

2017 жылы ауылдағы алыс туысы хабарласады. Ұлының қалада өтетін ҰБТ-ға дайындық сабағынан келе жатып апатқа ұшырағанын хабарлайды.

Дәл осы уақытта ол барлық оқушыға ҰБТ-ға және кез келген емтиханға дайындалуға мүмкіндік жасау керегін түсінеді. Жарты жыл нарықты зерттейді. Білікті педагогтар және менеджерлермен ақылдасады. Онлайн-алаң мен аудитория таңдауға көп уақытын жұмсайды. Осылайша 2019 жылы «Daryn.online» платформасы іске қосылды. Жобаға бастапқыда 25 000 000 теңге инвестиция жасайды. 1 пәнге арналған курс 60 дәріс пен тапсырмалардан тұрды. Бұл үшін жазылушыдан ай сайын 2 000 теңге алуды жөн деп санайды.

Айбек сату бөлімі мен кол-орталықтың жұмысын өзі жүргізген. Мектеп директорларына хабарласып, оқушылардың ата-анасымен байланыстыруын сұрады. Себебі «Daryn.online»-ның тұрақты аудиториясы солар еді. Назар ауыл тұрғындарына қойылды. Бірақ олардың көбі ғаламтор арқылы ақша аударудан бас тартты. Кәсіпкердің айтуынша, содан кейін аймақтық бөлімдер арқылы жұмыс істеуді жоспарлайды. Алайда 17 бөлімді ашып, 2 ай ұстап тұруға 60 000 000 теңге қажет болған.

Нәтижесінде жобаны франчайзинг арқылы дамыту жайлы шешім қабылдайды. Өнімді дайындап, табыстың 40% жаңа серіктестеріне қалдырады және оларды «филиал директоры» деп атайды. Кәсіпкердің айтуынша, шенеуніктер «серіктес» дегеннен гөрі, «филиал директоры» дегенді жылдам қабылдайды. 2019 жылдың өзінде әрқайсысы шамамен 1,5 миллион теңгелік 18 франшизаны сатады. Осылайша жоба толық іске қосылғанға дейін жұмсалған ақшаны қайтара алды.

Платформаның дамуы

Бүгінде «Daryn.online»-ды 3 миллион адам қолданады. Платформада курстардан бөлек, дарынды балаларға арналған мектептердің қабылдау емтиханына дайындалуға болады. Сонымен қатар 42 мұғаліммен келісім жасалған. Олар — Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының қызметкерлері.

2020 жылы пандемия басталғанға дейін Білім және Ғылым министрі EdTech-компания өкілдерімен кездесулер өткізген. Алайда Айбек кездесуге қатыспайды.

Елде карантин шаралары енгізіліп, мектептер жабылған соң, кәсіпкер өз жобасын ұсынады. Төртінші тоқсанда оқушылар «Daryn.online»-ды тегін қолдана бастайды. Бірнеше айдың ішінде холдинг 80 миллион теңге шығынға ұшыраған. Сәуір айының алғашқы екі аптасында-ақ 1,5 миллион қолданушы тіркеледі.

Екі жақты жеңіс

Кәсіпкердің айтуы бойынша, министрліктің арқасында жазылушылар саны артты. Мұндай аудитория жинауға маркетинг пен PR үшін 3,5 миллиард теңге қажет екен. Ал қазіргі көрсеткішке тек 2023 жылы ғана жете алар еді.

Платформаның дамуы команданың кеңеюіне жол ашты. Маркетолог және құрастырушылар, сату менедждерлері мен сарапшылар жұмысқа алынған.

Айта кету керек, «Bugin Holding» құрамына Bugin Soft, Bugin Media, Daryn.online, Bugin Entertainment, Orda Generation, Daryn Tandau, Method Pro, Educenter, Bugin Sales & Marketing атты 9 компания кіреді.

«Жобаға тағы бірнеше қосымшаны қостық: онлайн-олимпиада, мақала, ойындар. Бұл — ақша табудың бір жолы. Курстар табыстың 50% құрайды. Қалған 50% өзге пайда көздерінен келеді», — дейді Айбек Қуатбай.

Сонымен қатар «Daryn Teacher» жобасын да іске қосқан. Ол оқушыларға жақын жерден қосымша дайындалу үшін мұғалім іздеуге көмектеседі. Болашақта ЖОО арналған контент жасау жоспарланып отыр.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!