Миллионер
«Baursak City» мейрамханасы һәм Мұхтар Сыздықовтың «дәмді» оқиғасы
«Baursak City» мейрамханасын ашу үшін қанша қаражат кетті?
«Baursak City» мейрамханасының иесі кәсіпкер Мұхтар Сыздықов. Жақсы мейрамхананы қалай ашу керек, оған қажет қаржы мөлшері қандай, нендей қателіктерге жол бермеу керектігі жөнінде Мұхтар Сыздықов Balbal.kz оқырмандарымен ой бөлісті.
Мұхтар Сыздықов:
Әр мейрамхана ашқан кәсіпкердің ұстанатын өз қағидасы бар. Мәселен, өз басым, қазақтың қара домалақ балаларын ұлттық мәртебемізге жұмыс істетіп, еңбекақыларын маңдай термен табуға жағдай жасап отырмын. Қазір менің қол астымда 20-30 адам бар. Осы 20-30 адамды жалақымен қамтамасыз ету мен үшін бір бақыт!
Қандай жеке кәсіп иесі болсаң да білім керек!
Негізі «Baursak City» сияқты үлкен мейрамхана ашпас бұрын ұсақ-түйек кәсіптен бастаған абзал. Өйткені сол арқылы тәжірибе жинақталады. Нәтижесінде халықтың көңілінен қалай шығуға болатынын білесің, маркетинг жағын да тиімді реттейсің. Есесіне шашырамай, жинақы болып жүресің, табысқа бастайтын нақты қадамдар жасайсың. Сонымен қатар бизнес ашу үшін, меніңше, міндетті түрде білім қажет. Арнайы курстардан өтуге кеңес беремін. Ал бизнес тақырыбындағы тренинг-семинарларға қатысу міндетті. Маркетологтардың кеңесіне жүгінбеу тіпті «күнә». Жеке кәсіп саласынан ешқандай арнайы сауатыңыз жоқ болса, «мен кәсіпкер боламын» деп бастап кету дұрыс емес. Ол сенім-үміт, өкінішке орай, сіздің шығыныңызды жаппайды
Алматыда бірінші болып «Блинница» деген дүңгіршектер желісін ашқан мен едім. Ол мен үшін пайдаға шықты. Соның арқасында осы кәсібімді жалғастырдым. Менің бизнес саласындағы тағы бір негізгі қатаң қағидамның бірі – қызметкерлерге өз уақытымен, тіпті сағат-сағатымен жалақыларын беру. Мен бір күн кешіктірмеймін. Біз пайдаға кенелейік, кенелмейік дәл солай болады. Өйткені «Блинница» желісі сүйенетін қабырға секілді сенімді бизнес еді. Соның арқасында мен ешкімді ренжіткен жоқпын. Ал мейрамханадан бір жарым жылға дейін пайда тапқан емеспін. Мейрамхана желісінен бірден қомақты қаржы табу қиынның қиыны. Сондықтан екінші кәсіп ашқанда, бұрыннан жүріп тұрған қосымша табыс әкелер ісің болғаны дұрыс. Әйтпесе, банкрот болу ғажап емес.
Негізі, мейрамхана ашқан адам екі түрлі бағытты ұстанады. Біреуі өз имиджі үшін, екіншісі пайда көремін деп ашады. Пайда көретін орындар өзгеше «тәртіппен» ашылады. Ал, имдж үшін ашылғандар өзін-өзі ақтамайды. Ол жерді безендіру, керек-жарақтар алу, бәрі-бәрі қомақты соманы құрайды. Ал қомақты сомаға қаланың ортасынан әдемі мейрамхана ашып, оның үстіне тағамдардың бағасын 2000-3000 теңге қылып қою (еліміздегі орташа баға осы) арқылы табыс табамын деу қателік.
Ұлттық асханаларға инвестор болғым келеді
Мен мұны ашу арқылы үлкен бизнес жүйесін құрсам деймін. Оы әрекетімді өзгелер көре отырып, олар да талпынса. Шіркін! Мақсатым – ұлттық мейрамханаларға ақша салу. Инвесторлар ұлттық асханамызға қаржы салмайды, сондықтан да қолдау жоқ. Мейрамхана ашу арқылы табыс айдынында жүзу біраз тер төгуді қажет ететіндіктен, кез келген тығырыққа тірер жағдайларға дайын жүруің шартты. Бірақ бастағы қиғада-мақсатыңнан айнымаған дұрыс. Ол үшін, әрине, тағы да айтамын білім қажет. Мейрамхана жүйесін өмірге әкелу, оны үздіксіз дамыту – үлкен өнер, тіпті тұтас ғылым!
Өйткені, бұл жерде дайын өнімді сатпайды, әр түрлі өнімдердің басын құрап, жаңасын жасап шығарады. Оған көп күш жұмылдырылады. Көп күш-қуатқа мол энергия кетеді. Ал, ол шығындалған энергияны қайта толтыратындар – тұтынушылар. Айналып келгенде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Біз сол үшін тұтынушыларға жоғары дәреже қызмет көрсетіп, сапалы өнім ұсынуымыз қажет. Мұның әрқайсысы сансыз есептеулерді талап етеді. Бір тағам алдыңызға бірнеше адамның қолынан өтіп барып келеді. Көп күш жұмсалған тағамға өте төмен баға қойылуы әсте дұрыс емес. Әр нәрсе өз құнына сәйкестендірілуі керек. Қымбаттау тағам ба, онда оны дайындауда да қиын болды деген сөз.
Сұранысқа ие жақсы мейрамхана ашу үшін кем дегенде $200 000 кетеді.
Алданып қалма!
Біз, қазақ, бизнес жағына келгенде әлі жаспыз, аңқаумыз. Бұл саланы енді меңгеріп келеміз. Оның үстіне «Мейрамхана бизнесі» тіпті кейін келді. Себебі біз бір-бірімізге тамақ сатпаған халықпыз.
Бизнестегі ең үлкен және көп кездесетін қателік – адамға сеніп қалу. Адам сөзінде тұрмайды. Ол өз кәсібіне есеп жасап қояды да, кейін мүмкіндігі болмай қалады. Біреу саған тауарды жеткізіп бермекші болады, сен алдын-ала ақшаңды аударасың. Ол әкелмей қалады. Алайда мен біреуден ұтылдым екен деп уайымдап, бас қатырмаймын. Тәй-тәй басып келеміз, алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Жалпы, кез келген мейрамхана бизнесін ашқан адамның қателік десе айтары бар деп ойлаймын.
Идея мықты болса…
Мен «Baursak City» мейрамханасын дайындықсыз аша салған жоқпын. Көп ойландым-толғандым. «Жалпы, бізге не жетіспейді?» деген сұрақты өзіме-өзім сансыз рет қойдым. Дизайнерлермен ақылдастым. Әр мейрамхананың тақырыптық атмоферасы болған жөн. Келген қонақ сол аураны сезіне алатындай дизайнда жасалуы абзал. Өйткені, мейрамхана – жүгіріп келіп қарынын тойғызып кететін дәмхана емес, мәдени орын болып саналады. Қазір көбі өзбектің құрылысшыларын әкеліп тұрғыза салады. Бәрі стандартқа сай болуын қадағалап жатпайтынын өкінішті. Әр қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр. Біз де ауылдан шыққан бала болғаннан кейін біраз жаңашылдықты игере алмай жатырмыз. Сол үшін Мәскеуге барып дәріс алдым. Инвестицияны алдымен өзіме құйдым. Мамандармен ақылдастым, тіпті әлі күнге дейін кеңесіп, анализ жасап тұрамын. Бизнесі бар адам әрдайым өзін дамытып отыруы шарт. Әңгіменің ашығы, өзге ұлттар бірдеңені бастады ма, оны орта жолда тастап кетпейді, аяғына дейін шыдап бағады. Бізге сол әдіс-сабырлық жетіспейді.
Бизнесті дамытудың тағы бір құпиясы – жақсы команда жинау
Командаңмен бірге дамып, машықтанып үйренген абзал. Оларға бұл процесс қызық көрінеді. Ауызбіршілігі бар, сенімді команда ертеңгі күні мықты тірегіңе айналады. Олардың көзқарасы сенің ойыңмен ұштасып жатуы міндетті.
Мен өз кәсібімді жақсы көремін. Бұл істен ләззат аламын. Мейрамхана бизнесі оңай емес. Кез келген адам мейрамхана аша алса да, оны дөңгелетіп алып кетуі екіталай. Себебі ол қыруар еңбекті талап етеді. Өз басым көп қиындықты бастан кешірсем де, аяғы тәтті болатындығына сенемін.
Сұхбаттасқан: Бекзат Ғажапбекқызы