Миллионер
Күніне 65 млрд хат: WhatsApp мессенджерін кім ойлап тапты?
Ян Кум – WhatsApp мессенджерін ойлап тапқан азамат
Ян Кум (Борисович) – WhatsApp мессенджерінің негізін қалаушы. Бүгінде WhatsApp желісін әлемнің 180 мемлекетінде 1,5 млрдтан астам адам қолданады. Күн сайын мессенджер 65 млрд хат жеткізеді. Талайлардың өмірін жеңілдеткен қосымшаны ойлап тапқан тұлға жайлы не білесіз?
Өмірбаяны
Ян Борисович Кум 1976 жылы 24 ақпанында Украинаның Киев қаласының маңындағы Фастов ауылында дүниеге келді. Ол әке-шешесінің жалғыз баласы еді. Ян электр жарығы мен ыстық суы жоқ жағдайда өмір сүрді. Саяси тұрақсыздыққа байланысты 1992 жылы 16 жасында анасы екеуі АҚШ-тың Калифорния штатына көшеді. Әлеуметтік көмек арқылы кішкентай үйге ие болады. Ян журналистерге берген сұхбаттарында өзге елдегі алғашқы 5 жылдың қиын болғанын, қайырымдылық қорлардан талон арқылы азық-түлік алғандарын айтып берді. Анасы бала күтуші, өзі супермаркеттерде еден жуушы болып күн көрген. Кейін 24 жасында анасы ісік ауруынан қаза тапты. Мектепте Ян бұзық оқушы болған, бірақ 18 жасында компьютерлік бағдарлама жасау ісіне қызыға бастайды.
Кітап алуға мүмкіндігі болмағандықтан барлық білімді «уақытша оқуға арналған» жәшіктегі кітаптардан алған.
Мектеп бітіргеннен кейін Сан Хосе университетінің ақпараттық қауіпсіздік бөліміне «Ernst&Young-ға» оқуға түсті. Жолы болып «Yahoo!» компаниясына жұмысқа тұрды. Сол жерде Брайан Эктонмен танысты, уақыт өте келе екеуі бизнес серіктеске, досқа айналды. Ян оқу мен жұмысты қатар алып жүре алмайтынын түсініп, оқуды тастап кетеді. 2007 жылға дейін Брайанмен «Yahoo!» компаниясында бірге жұмыс істеді, кейін ақцияларын сатып, мүлдем жұмыстан шықты.
WhatsApp-ты ойлап табу идеясы
«Барлығы Iphone телефонын сатып алуымнан басталды». Янның айтуынша, ол спортзалда достарының қоңырауларын жиі естімей қалатын, сондықтан оларға оның қолы бос емесін хабарлайтын қосымша ойлап тапқан.
«WhatsApp» деген ат қойып, «Apple» арқылы «App Store»-да сата бастайды. Бастапқы уақытта сатып алушылар мүлдем болмаған, бірақ Ян берілмей «WhatsApp»-қа тегін хабарламалар жіберу жүйесін қосады. Шетелге телефонмен хабарлама жіберу қымбатшылық замандағы Янның табысты шешімі болды. Осыдан кейін 2009 жылдың жазында «WhatsApp 2.0 » қолданушылар саны миллионға жетті. Брайан Эктон атқарушы директор қызметін атқарды. Уақыт өте келе инвестициялық ірі компания «Sequoia» «WhatsApp»-қа $ 60млн қаражат құйды, бұл кезде «WhatsApp» 8 миллион қолданушыға ие еді. Оның 4 миллионы күн сайын қосымшаны қолданып отырған. Компанияның дамығаны соншалықты қолданушылар саны бойынша бір кездері «WhatsApp» мессенджері «Twitter»-ден озып кетеді. Бұл қарқын 2012 жылы «Facebook» басшысы Марк Цукербергті қызықтырды. 2014 жылы Марк «WhatsApp»-ты сатып алуға $19млрд ұсынады. Миллиард долларлық келісшартқа Ян кезінде талонмен азық-түлік алған жерінде қол қойды. Осылайша Ян Кум әлемнің ең бай адамдарының қатарына кірді.
Дайындаған: Әсем Сәндібаева