Миллионер
Лена Қыдыралина: қарапайым студент танымал визажистке қалай айналды?
Lena Visage Beauty Studio-cын ашқан арудың жетістікке жету құпиясы
Лена Қыдыралина – Lena Visage атымен танымал визажист, бет әрлеу бойынша cан түрлі курстар мен мастер-класстар өткізетін бизнес-леди. Lena Visage Beauty Studio сұлулық салонының негізін салушы. 22 жастағы ару бүгінде қазақ тілді аудиторияны жаулап алды. Ол өзінің жетістікке жету құпиясын Balbal.kz мотивациялық сайтына баяндады.
Сурет салу қабілеті «бояндыруға» әкелді
Кішкентай кезімнен суретті жақсы салдым. Портрет, соның ішінде қас, көздің суретін салғанды ұнататынмын. Әпкелерімнің косметикаларын алып, салған суретімді бояп жүрдім. Бояну туралы ештеңе оқып білмесем де, жақсы шығатын.
18 жасымда «Өз-өзіңе визажист бол» 3 күндік курсын оқыдым. Тез меңгере алдым. Қатарластарыма қарағанда жақсырақ боянатынымды сездім. Сосын «өзгелерді де неге бояндырмасқа» деген ой келді, бірақ қаражат жағы келіспей жүрді.
«Визажист болуыма жұбайым себепкер»
Жұбайым да менің бойымдағы қабілетімді байқайтын. Маған «визажист бол» деп жиі ұсыныс тастайтын. Мен тәуекелге бара алмай, қорықтым. Бір күні өзі жақсы маман іздеп, мені «Визажист Базалық курсқа» жазып қойды. Курс сегіз күнге созылды. Курс пен құралдар бағасы 150 мың теңге болды. Курсты бітірген соң 300 мыңға жаңа косметикалар алдық. Сәйкесінше, ондай сапалы косметикалар маған ұзаққа жетті. Тойға, басқа қалаға сапарға бардым. Алғашында шығын өз-өзін ақтаған жоқ. Көп ақша шығаруға тура келді. Сол кезде жұбайым мені қолдап, бизнестің қыр-сырын үйретті. Оған алғысым шексіз.
Визажист болам деген қыздардың қалтасында кемінде 150-200 мың теңге болу керек. Өйткені олар курсты оқып алып, кейін ақшаны күтіп жүргенде қолының икемі шығып қалады.
Тойдан тапқан алғашқы табыс
Алғашқы табысымды туыстарымды бояндырудан бастадым. Жеңілдікпен 2000 теңгеге макияж жасадым. Ал нағыз клиенттерді тойдан таптым. Құрбымның ұзату тойына жаңа косметикаларымды алып, қыз-келіншектерді бояндырдым. Алғашында он адамға тапсырыс алдым. Бірақ кейін алыстан келген қонақтар да кезекке тұра бастады. Ол кезде мен жалғыз өзім едім, тіпті шаш үлгісін жасайтын адамым болмады. 15-20 шақты адамның бетін әрледім.
Осыдан кейін жайлап таныла бастадым. Басқа қалалардан тапсырыс қабылдадым. Бірнеше таныстарымның тойына барып, қыздарды бояндырдым. Осылай 20 жасымда алғашқы миллионға қол жеткіздім.
Визажист болу – қабілет немесе еңбек?
Визажист болғаннан кейін қайта-қайта курс оқи берудің қажеті жоқ. Базалық курстан кейін өз қолтаңбаңыз қалыптасады. Трендке сай болу, қолыңызды жаттықтыру үшін квалификация өтесіз. Ол үш-ақ күн болады, бірақ бағасы қымбатырақ. 80-100 мыңдай болады. Ол кезде сіз тек маманның техникасын, оның артықшылығын байқайсыз. Минусын да қарап, салыстырасыз. Екіншіден, ол сертификат үшін керек. Сертификат сіздің деңгейіңізді көтереді. Сертификат алсаңыз макияж бағасын да көтере аласыз.
Визажист болу үшін қабілет болғаны жақсы. Бірақ бастысы – еңбек пен ниет. Мақсаты айқын болу керек. Егер шын көңілмен соны қалап, тынбай еңбектенсе, кез келген қыз визажист бола алады.
Lena Visage Beauty Studio-сы қалай пайда болды?
Әрдайым сапар шегіп, клиенттердің үйлеріне барып жүру маған қиынға соқты. Үлгере алмадым. Сосын бір жерде отырып жұмыс істегенім дұрыс деп шештім. Өзіме жеке бір орынды жалға алдым. Жалға алған орынға ақша төлеу керек, косметиканы жаңарту керек болды. Сосын инстаграмм арқылы модель іздеп, портфолио жинай бастадым. Инстаграмды қолға алу керек екенін түсіндім.
Қазір салонда менен бөлек жеті маман бар. Олардың көбісі менің шәкірттерім. Шаш үлгісін жасайтын маман, екі визажист және қас пен кірпік күтімімен айналысатын мамандар бар.
Визажистер неден бастау керек?
Визажист үшін басты нәрсе салон ашу емес. Курс бітіре сала бірден салон ашу — үлкен қателік. Салонның ішіне жиһаз толтырып, клиент күтудің маңыздылығы жоқ. Бірінші клиент базасын қалыптастырғаныңыз жөн. Жалдамалы мекемеде жұмыс істеп көріңіз. Одан бөлек сұлулық салонында команда мүшесі болыңыз. Осы арқылы бәрін көзбен көріп, үйренесіз. Зерттеп, қарым-қатынас жасайсыз. Тәжірибе жинақтап, клиент базасын қалыптастырасыз. Одан кейін сіз салонды қай жерден, қалай ашсаңыз да, олар сізді іздеп келеді.
Жарнаманың маңызы
Инстаграм жүргізуді қолға алдым. Қазақ аудиториясының блогерлерінің жарнамасында жиі жүремін. Айлық табысымның 30-40%-ын жарнамаға бөлемін. Ол маған келесі айда еселеніп қайтады. Сол үшін ақша айналымда жүру керек.
Блогерлер жарнамалағаннан кейін менің аудиториям кеңейе түседі. Оқырмандар саны артады. Оларды ұстап қалу үшін инстаграмыңызды дайындайсыз. Пайдалы кеңестермен бөлісемін, қызықты оқиғалар жариялаймын. Оқырман қалып қойғаннан кейін оның сенімі сізге деген артады. Артынша клиентке айналады.
Сол үшін мен блогерлікпен де айналысамын. Арасында өз аудиторияма керек өнімдерді жарнамалаймын. Ол да қосымша табыс көзі.
Карантинді мүмкіндік ретінде пайдалана білдім
Орын жалдау, 4000 теңгелік макияж тиімсіз еді. Алғашында қаржы ақталмады. Сол үшін қосымша курс өткізгім келді. «Өз-өзіңе визажист бол» курсын 5000 теңгеге өткіздім. Ол кейін 25-30 мыңға дейін көтерілді. Базалық курс 70-80 мыңға детті.
Мен курсты онлайн марафон түрінде өткізгім келетін. Бірақ біздің қоғам оған дайын емес еді. Аудитория жинай алмаймын деп қорықтым. Алайда карантин соған алып келді. Мен оны мүмкіндік ретінде пайдаландым.
Менің марафонымда бет күтімі, косметикаға шолу, екі макияж түрі және тікелей эфирмен сұрақ-жауап болды. Құны 990 теңге. Алғашында 120 адам қатысты. Сол 120 мыңды қайтадан жарнамаға салдым. 10-15 күнде 2000 адам жинадым. Олармен бір ай жұмыс істеп, нәтиже шығардым.
Тіл білімі бизнеске көмектесті
Менің шәкірттеріме менің түсіндіргенім ұнады. Себебі менің негізгі мамандығым – қазақ филологиясы, яғни қазақ тілі мұғалімі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін биыл тәмамдадым. Қазақша еркін сөйлеймін, жақсы түсіндіремін. Сол үшін карантин бітсе де, марафонды сол бағада жалғастыруды жөн санадым.
Өзім сол саланы армандап түссем де, ол салада жұмыс істеймін деп ойламаймын. Бірақ тіл білімінің арқасында қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеймін. Қазақ тілді визажист ретінде танылғаныма қуанамын. Марафон қазақша болғандықтан, ауыл-аймақтағы үлкен апа-әпкелер де қатысты. Шәкірттерімнің әрқайсысына өзіме ұнайтын белді дүкеннен 10% жеңілдік алып бердім.
Бұрын көбіне орыс тілді аудитория блогерлері басым еді. Енді қазақ аудиториясының маңыздылығын түсіндіре алдық.
«Жалғыздың үні шықпас»
Оқу оқып жүріп, отбасылы болу, одан бизнесті қатар алу қиын болды. Бірақ сабағымды жақсы оқыдым. Үй шаруасын да алып жүрдім. Бәріне үлгеруге тырыстым. Таңертең күнімді жоспарлап қоямын.
Бастысы отбасым түсінігі мол жандар еді. Күні бойы үйде болмасам да, ата-енем оған жақсы қарады. Отбасымның қолдауы маған көмектесті. Жұбайым екеуміз бірге дамимыз деп шештік. Бизнесте жалғыз жүріп биікке шыға алмайсың. Менің бүгінгі күні осындай деңгейге жетуім – табанды еңбек пен жақындарымның сенімі деп ойлаймын.