Психология

Джозеф Мерфи: биографиясы, кітаптары және ойлары

Джозеф Мерфи қалай жазушы атанды?

Джозеф Мерфи (Joseph Murphy, 1898 — 1981) – өмірінің соңғы елу жылын халыққа лекция оқуға арналған тәлімгер. Артынан 34 кітап жазып қалдырып кеткен жазушы. Оның ең атақты кітабы – «Сіздің түпсанаңыздың күші» (The Power of Your Subconscious Mind).

Джозеф Мерфидің биографиясы

Ирландияның Баллидехоб қалашығында дүниеге келген Джозеф үйдің үлкені болған. Әкесі Мерфи дінге жақын болған. Тіпті Джозеф Мерфи есейе келе  дін қызметшісі бола жаздаған. Алайда ойлана келе бұл райынан қайтып, арман қуып Америкаға кетеді. Ағылшыншасы нашар ол басында қатты қиналады. Алайда көмекке ирландиялық көршісі келеді. Соның арқасында дәріханаға жұмысқа тұрады. Сөйтіп біршама уақыттан соң  фармацевтиканы оқып алып, ресми фармацевт атанады. Ақыр аяғында дәріхананы сатып алып, өз бизнесін бастайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Джозеф Мерфи фармацевтиканы тастап, әлем аралайды.

Джозеф Мерфи не үшін шіркеу құрады?

Дүниенің төртбұрышын кезіп болған соң ол АҚШ-қа қайта оралады. Енді білгенімен, көргенімен бөлісуді армандайды. Тіпті министр атанғысы келеді. Сол уақытта «Жаңа ой» қозғалысы пайда болған болатын. Мерфи олардың айтқандарына қолдау білдіретін. Сөйтіп жүргенде ол өзінің жеке шіркеуін құрады. Шіркеуге келушілерге Мерфи күнәлар мен қарғыстар туралы емес, жақсы ойдың жақсылық алып келетіндігін айтумен болды. Бірнеше жыл ішінде Мерфидің діни ғылым шіркеуі келушілерге тар бола бастайды. Жексенбі сайын1300-1500 адам шіркеуге келетін.

Джозеф Мерфи қалай жазушы атанады?

Шіркеуге келушілер, қолдаушылар оған лекцияларының аудионұсқасын шығаруға өтініш айтады. Нәтижесінде Мерфидің лекциялары жазылған кассеталары пайда болады. Ең қызығы, олар бір-ақ күннің ішінде толық сатылып кетеді. Енді Мерфидің лекциялары бар кассеталар шіркеудің ішінде ғана емес, кітап дүкендерінде сатылатын болды. Тіпті пошта арқылы таратыла бастады.

Сол кезде Лос-Анджелестің бірнеше кішігірім баспаханалары Мерфиді байқап қалып, кітапшалар шығаруға ұсыныс тастайды. Әр кітапша 30-50 беттен тұратын. $1,5- $ 3 көлемінде сатылатын.

Бұл кітапшаларда тез сатылып кететіндігін байқаған баспагерлер толыққанды кітап шығару қажеттігін түсінеді.

Сіздің түпсанаңыздың күші

1962 жылы жарыққа шыққан бестселлер кітап. Әлі күнге дейін «Сіздің түпсанаңыздың күші» сұранысқа ие туынды. «Өзгерістердің барлығы жақсы ой ойлаудан басталады дегенді» ұран еткен бестселлер оқығанға, қабылдағанға жеп-жеңіл. Әлем бойынша қаншама адамның өмірін өзгерткен кітапта айтылған құнды ойларды Balbal.kz іріктеп, оқырман назарына ұсынады.

Джозеф Мерфи ойлары

Сіздің түпсанаңыз барлық мәселенің жауабын біледі. Ұйқыға жатарда «маған ертең таңғы алтыда ояну керек» десеңіз, ол сізді тура уақытында оятады.

Түпсана – сіздің ағзаңыздың құрылысшысы. Ол сізді ауру-сырқаудан құлан таза айықтыра алады. Күн сайын түнде денсаулығыңыздың мінсіз екендігін ойлап жатсаңыз, түпсанаңыз ойлағаныңызды өмірге айналдырады.

Ешқашан «Мен мынаны сатып ала алмаймын» немесе «Қолымнан келмейді» демеңіз. Түпсанаңыз сөзіңізді іліп алып кетіп, шынымен де жағдайыңыздың нашар болуына күш салады. Үнемі «Түпсанамның көмегімен менің қолымнан келмейтін дүние жоқ» деп сенімді түрде айтыңыз.

Өмірдің заңы ол – сену және сендіру. Өзіңізге азап не ауырсыну алып келетін ойларды ойламаңыз, олардың жүзеге асуы мүмкін екендігіне сенім артпаңыз. Түпсанаңыз сізді емдей алатынына, қамқорлық жасайтынына күмән келтірмеңіз. Себебі ойлағаныңыз өмірге айналады.

Сіз секунд сайын ойлайтын ойыңыздың көрінісісіз.

Тағдырды өзгерту үшін ойыңызды өзгертіңіз.

Аузыңыздан шыққан әр сөзге абай болыңыз. «Жолым болмайды; жұмысымнан айырыламын; жалға ала алмаймын, ақшасын төлей алмаймын» демеңіз. Түпсанаңыз әзіліңізді түсінбейді. Ол кез келген ойды бұйрық ретінде, солай болуы керек деп қабылдайды.

Сіздің уайымыңыз – іске аспаған армандарыңыз. Егер сіз күн сайын қиындықтар мен мәселелер туралы ойлай берсеңіз, өз бағыңызды байлайсыз.

Бәрі сәтті аяқталғанын, бар қиындықтар артта қалғанын ойлаңыз. Солай болғанына қуаныңыз. Қиялыңыз бір күні өмірге айналады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!